Көкшетау тарихы – қазағымның тарихы, еліміздің шежіресі. Үш жүздің басын қосқан хан бабамыз Абылайдың ақ ордасы, ғылым әлемінен аққан жұлдыздай өте шыққан дана Шоқанның, аспанда әні қалықтаған жыр дүлділдері Ақан мен Біржанның, жаужүрек батыр Мәліктің атамекені. Көкшені алты Алаштың баласы мақтан етеді.
Асыл қалам, жасыл қалам, жыр қалам,
Сырлы қалам, мұңлы қалам, нұр қалам.
Сенде тудым, сенде өсіп ер жеттім,
Сондықтанда сені қалай жырламан, –
деп ақын Төлеген Қажыбай өзінің Көкшетау туралы толғанысында жырлағанындай, биылғы жылы Көкшетау қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Достар» мәдениет сарайы жанындағы үлгілі қалалық кітапханада «Өткені сырлы, келешегі нұрлы – Көкшетау» атты әдеби калейдоскоп өткізілді.
Шараға өлкетанушы, фольклортанушы, ғалым, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Есмағанбет Мұсатай Ғалымұлы мен №8 жалпы орта білім беретін мектебінің 8 «ә» сынып оқушылары шақырылды. Қонақтар Көкшетау қаласының тарихы туралы бейнебаянды тамашалады. Шараның қадірлі қонағы Мұсатай Ғалымұлысөз алып, қала тарихын қызықты баяндап берді. Ежелгі заманнан-ақ Көкше жерінде байырғы қоныстар болғанымен, Көкшетаудың қала болу тарихы 1824 жылдан басталғанын да айта кетті. Қала тарихындағы әр кезеңдеріне де тоқталып отырды. 1944 жылы 16 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Көкшетау облысы құрылып, орталығы Көкшетау қаласында орналасқанын да мәлімдеді. Оқушыларды өзінің 3 кітаптан тұратын «Ақмолалық асылдар» атты жинағымен таныстырды. Сөз соңында жас буынды білімге, кітап оқуға шақырып, еліміздің болашағы екендерін еске салып, жылы лебізін білдірді. Қатысушылар кітап көрмесіндегі әдебиеттерді қызықтап, сұлу да әсем қаламыздың тарихына терең бойлады.
Көкшетау! Сарыарқаның жыр бесігі. Оның көркіне тамсанбаған жан бар ма екен?! Көкшетау – мыңдаған адамдардың Отаны. Қаншама адам осында бақытын тапты. Олар жер жәннаты Көкшеде, оның бас қаласы Көкшетауда оқу оқып, еңбек етіп, өмір сүріп жатқанын мақтан етеді. Мақтан етіп қоймай, қасиетті өлкеміздің абыройы мен беделін өсіруге өздерінің үлестерін де қосуды парыз, борыш санайды. Қаламыз жылдан жылға көркейіп, жаңарып келеді. Жаса, жайна, Көкшетау демекпіз!
Алтын ИЛЬЯСОВА,
«Достар» МС жанындағы қалалық үлгілі кітапханасының кітапханашысы