«Болашақ» сарайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың қатысуымен және сөз сөйлеуімен барлық деңгейдегі әкімдер форумы болып өтті.
Форум жұмысына Ақмола облысы әкімінің орынбасарлары, еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, өңіріміздің аудандары мен қалаларының және барлық ауылдық округтерінің әкімдері, аудандық және қалалық мәслихаттардың хатшылары, облыстық ведомстволардың басшылары қатысты.
Форум жұмысын облыс әкімі Марат Ахметжанов сөз сөйлеп ашып, алдымен су тасқынымен күреске белсене ат салысқаны үшін Президент Жарлығымен жоғары мемлекеттік наградаға ие болған бір топ ақмолалықтарды құттықтап, алғысын білдірді. Президенттің Жарлығымен қызметтік және азаматтық борышын атқарудағы жанқиярлық еңбегі және төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін бір топ ақмолалықтар «Құрмет», «Даңқ» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды. Олардың қатарында атбасарлық Александр Романченко, аршалылық Сұңғат Жаналин, бұландылық Мейрам Ақсарыұлы және тағы басқалары бар.
–Бұл марапат – Қазақстан халқының бір үйдің баласындай татулығының, адал еңбегінің көрінісі. Халық – айна, халық төреші. Марапат алған жандардың барлығы адал еңбек иесі, елім деп еміреніп тұрған патриот жандар. Қай-қайсысы болмасын топан су қаптаған сәтте, қол қусырып қалған жоқ. Күні-түні еңбек майданының ыстығы мен суығына төзіп, қолда барын аямай, маңдай терін төкті. Елге деген шынайы жанашырлықтың, игі істің әсте ескерусіз қалмайтындығының бір дәлелі осы емес пе? Осындай өнегелі, адал еңбек иесі елге үлгі болуы керек, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
– Биылғы жылы бұрын-соңды болмаған қарғын су елді әбігерге салды. Осындай сындарлы сәтте, бәріміз де бір адамдай жұмылып, төтенше жағдайға тосқауыл болып, бірлік таныта білдік. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен осы табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға қолдау көрсету, көмек қолын созу басты міндетіміз болып табылады. Осы орайда, белсенділік танытып, бір өзі ғана емес, дүйім елді бірлікке шақырып, қолдау көрсете білген жүрегі кең жандарға, полиция мен әскери қызметкерлерге, төтенше жағдайлар қызметінің батыл жүректі азаматтарына, мемлекеттік қызметшілерге, жергілікті әкімдерге, еріктілерге, осы жағдайдан тыс қалмаған әрқайсысыңызға алғыс білдіремін, – дей келіп, өңір басшысы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көрсетіліп жатқан қамқорлыққа да тоқталып өтті. Қазіргі таңда облыста осы мақсатта 330 үй жаңадан бой көтеруде, 220 пәтер сатып алынып, 700-ден астам үйге күрделі жөндеу жасалынды.
Форум шымылдығы осылайша тағылымға толы, әдемі көрініспен басталып, бұдан кейін күн тәртібінде алдағы жоспарлар, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстар тағы басқа өзекті мәселелер қаралды.
– Бүгінгі форум Мемлекеттік қызметші кәсіби мерекесі қарсаңында өтіп жатыр. Біздің өңірде мемлекеттік қызметшілер саны төрт мыңнан астам адамды құрайды, оның үш мыңы – жергілікті атқарушы органдар жүйесінде. Біздің елімізде үш жылдан астам уақыт бойы ауыл әкімдерін, ал, өткен жылдан бастап аудандық және қалалық деңгейдегі әкімдерді сайлауды өткізу тәжірибесі енгізілді. Ауыл әкімдерінің ғана емес, аудан әкімдерінің де тікелей дауыс беру арқылы сайлануы азаматтардың саяси өмірге қатысуын айғақтайды. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Мемлекет басшысы қағаз емес, адамға бағытталған модельге көшу керек деген талап қойып отыр. Өлшемдерді өзгертуіміз керек. Әр басшы өз жұмысында бірінші кезекте «адамға бағытталған» тәсілді қолдана отырып, адамға назар аударуы керек. Жаңа құралдарды, тұтқаларды пайдалану және жұмыс тәсілдерін толығымен қайта қарау қажеттілігі туындады. Жылдар бойы қалыптасқан әдістер мен амалдар ескірген және уақыт талабына жауап бермейді. Бұл дегеніміз, жүргізіліп жатқан жұмыстың өзегінде азаматтар және оларды базалық игіліктермен қамтамасыз ету, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау мәселелері тұруы қажет. Ол туралы Мемлекет басшысы да атап өткен болатын. Негізгі құндылық – адам. Барлық игіліктер халыққа жұмыс істеуі тиіс. Осы мақсаттар үшін әкімдердің экономикалық даму мен нәтижеге бағдарлануы, оған нақты қатысуы, ауылдық деңгейдегі әкімдердің қызметін бағалау өлшемшарттары болып табылады, – деп атап өтті Марат Ахметжанов өз сөзінде.
Ауылдың тұрмысын жақсарту мақсатында елді мекендерге инвестиция тарту маңыздылығы да атап өтілді. Өңір басшысы өз баяндамасында жүктелген талапқа бейжай қарап, тапсырмалардың орындалуында салғырттыққа жол берген әкімдерді де сынға алды. Әсіресе, өңірге қажетті әлеуметтік нысандардың белгіленген уақытта пайдалануға берілмей, кешіктіріліп жатқандығын тілге тиек етіп, туындаған осы мәселеде алдымен, мердігер компанияларға дұрыс талап қойылмайтындығы баса айтылды. «Құрылысы басталған әр нысан толық ел игілігіне тапсырылғанша сол жердің әкімі жұмысты бақылауда ұстауы керек» деді облыс әкімі өз сөзінде. Сонымен қатар, санитарлық тазалау және абаттандыру мәселелері де айтылды.
– Облыстың көптеген ауылдық елді мекендерінде сыртқы келбеті, абаттандыру деңгейі және өмір сүру жағдайлары бойынша түйткілді мәселелер бар, – деп атап өтті Марат Ахметжанов. Мысал ретінде өңір басшысы бей-берекетсіз шашылған қоқысы көп Ерейментау қаласын келтірді.
Тұрғындардың бірнеше шағымдары мен облыс әкімінің жеке араласуынан кейін ғана бұл мәселе шешілсе керек. Мұндай проблемалар барлық жерде кездеседі.
Сондай-ақ, өңір басшысы өз сөзінде өткен жылдан бастап аудан бюджеттеріне шағын және орта бизнес субъектілерінен корпоративтік табыс салығының бір бөлігі берілгендігін, нәтижесінде облыстың сегіз өңірі, атап айтар болсақ, Атбасар, Аршалы, Бурабай, Бұланды, Зеренді, Целиноград аудандары және Көкшетау мен Степногорск қалалары өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандығын жеткізді. Облыс әкімі нақты мысалдарды да келтірді. Мәселен, кейбір ауылдарда дүкендер ашылып жатса да, үйден сату жүзеге асырылуда, қалаларда тұрғын үйді ретсіз жалға беру, жеке кәсіпкерлікті ресімдеусіз жолаушылар тасымалымен айналысу және тиісінше салық төлемеу бар екендіктерін алға тартты. Осы орайда, ауыл әкімдері жергілікті өзін-өзі басқарудың кірісі осындай мәселеге де тікелей байланысты екендігін ұмытпауы керек екендігін де атап өтті өңір басшысы.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов кезінде өзі әкім болып басқарған Ақтөбе облысының мысалында ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен өндіру және сатуды ұйымдастырудың озық үлгілерін баяндап, тарқатып айтып берді. Сонымен қатар, осы жиынға мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген бірқатар шаруа қожалық иелерін өзімен бірге ала келіп, елді өркендету, ауылда отырып-ақ миллиондаған теңге табысқа қол жеткізуге болатындығын нақты мысалдарға сүйеніп, баяндап берді.
Өткен жылдан бастап қолданысқа еніп, ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша Ақмола облысында да жүйелі жұмыс атқарылуда. Мәселен, өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында облыс тұрғындарына 198 жеңілдетілген несие берілді. Осының нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл бұл бағытқа 1,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Ерекше екпін түсіре айта кететін бір жайт, бұл форум барлық деңгейдегі әкімдерге өзіне жүктелген міндетті жетілдіруге, жұмысын тиімді атқаруға ықпал етуге септігін тигізетіндігі анық. Мәселен, Астрахан ауданына қарасты Петровка ауылының әкімі Елена Лысенко болса, осы жиыннан кейін ауыл халқымен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіп ашамын дейтіп азаматтарға жолығып, оларды барынша ақпараттандырып, қолдан келген көмегін көрсетуді жоспарлап отыр.
–Бүгінгі форумда пайдалы және мазұнды ақпараттар көп айтылды. Барлығы да ел игілігі жолында қолға алынуы тиіс міндеттер. Шынымен де халық мемлекеттік бағдарламалар аясында беріліп жатқан көп мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмайды. Біз жол көрсетуші болуымыз керек. Осы жиынға келмес бұрын ауыл халқымен кездестім. Айтар ойлары мен базыналарын тыңдадым. Біздің Петровка ауылы Астана қаласынан 90 шақырым жерде. Бір мыңға жуық тұрғын бар. Халықтың іске асырғысы келер көп ойлары бар. Бірі тігін цехын, енді бірі жеке шаштараз ашқысы келеді. Қандай кәсіппен айналысамын десең де мүмкіндік зор. Сол қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысамыз, –деді Елена Леонидовна форумнан алған әсерімен бөлісіп.
Рас, ауыл өркендесе халықтың да дәулеті артады, ел көсегесі көгереді. Себебі, ауыл – береке бастауы, ауыл – ел тірегі. Егер елді мекендерде кәсіпкерлік өркендесе, елдің әлеуметтік жағдайы жақсарып, мемлекеттің дәулеті де арта түседі. Сондықтан, бізге дамуға деген жаңа көзқарас керек.
Алқалы жиында тек қана оң өзгерістер ғана емес, елді толғантып отырған күрмеулі мәселелер де ортаға салынып, талқыланды. Бәрімізге белгілі, қазіргі таңда халық ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдерді өздері сайлап, өздері таңдайды. Бәсеке бар жерде, талап та жоғары. Сол себепті де, әкім болып тағайындалғаннан кейін, кез-келген жағдайда халық сенімінен шығу басты міндет. Ел халқымен тығыз байланыста болып, өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарай білетін азамат қашанда абыройға ие бола алады. Өйткені, халық – айна, халық – төреші. Ел сенімін ақтау – ең басты парыз.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.