Айбындықтар – «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынның жеңімпаздары

Жуырда Алматы қаласында С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының оқу орталығында «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өткізілді.

Оған Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінен жас патриоттар, барлығы 750 адам жиналды. Іс-шара, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Жиын барысында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, әскери техниканың, спорттық жабдықтардың көрмесі, түрлі ойындар, концерттер, дәрістер өткізіліп, Халық Қаһарманы туралы фильмдер көрсетілді. Белгілі болғанындай, бұл жарыстың басты мақсаты, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, олардың болашақта Отан қорғауға әзірліктерін пысықтауға, әскери саланың тәртібі мен жинақылығына бейімдеуге бағытталған.

Аталмыш жиында Ақмола облысының намысын Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшелері қорғады.  Жас сарбаздар жиын бағдарламасына сәйкес өткізілген әскери-спорттық және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша, атап айтсақ, белтемірде тартылу, арқаға жатып денені көтеру, ұзын қашықтықта жүгіру, әскерилендірілген эстафета, пневматикалық винтовкадан ату, арқан тарту, АК-74 бөлшектеу мен жинақтау және әскери-далалық тактикалық ойыны сынды жарыс түрлерінен бақ сынап, білектіліктері мен ептіліктерін көрсетті. Сайыс қортындысы бойынша жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз бас жүлдені иеленді. Оған қоса, ақмолалық патриот жастар «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауларында өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, топ жарғаны белгілі болды.

Аталған жиыннан жүлделі оралған жеңімпаздарды Көкшетау темір жол вокзалында Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық жоғары колледждің ұстаздары, ата-аналар мен қоғамдық жұртшылық өкілдері қарсы алды. Салтанатты жиында Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин құттықтау сөз сөйлеп, бұл тарихи жеңістің маңыздылығына тоқталды. Жастарды үйлесімді тамаша нәтижелерімен құттықтап, оларға лайықты сыйлықтар табыстай келе, тәрбиелеген ата-аналарына алғысын білдірді. Сонымен бірге, Ақмола облысы әкімінің атынан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин құттықтау лебізін жолдап, облыс өкілдерінің бірінші орынға қол жеткізгенін мақтан тұтатынын жеткізді. Сөз соңында ол жеңімпаздарды ақшалай сертификаттармен марапаттап, олардың бұл жетістігінің маңыздылығын атап өтті.

«Айбын-2024» жас патриоттардың халықаралық әскери-патриоттық слетінің қатысушысы, «Дене шынықтыру» мамандығының 1 курс студенті Фариза Бабаева жарыс барысында әркім барын салғанын айтады. «Біз үшін облысымыздың атынан шығу үлкен мәртебе болды. Біз ұстаздарымызды, колледжімізді жерге қаратпау керектігін түсініп, әрбір тапсырмаға толық жауапкершілікпен қарадық. Бізді қолдаған және салтанатты жағдайда қарсы алған басшыларға, барша жиналған қауымға алғыс айтамыз. Біз осылай облыс мерейін үстем еткенімізге өте қуаныштымыз», – дейді ол.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар