«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ESEN Foundation, BAQ және ANSA қорларының консорциумымен және AMANAT партиясының қолдауымен Ақмола облысының Целиноград ауданында ауыл мектептерін дамыту бойынша жаңа жобаны іске қосты.
– NIS әрқашан білім беру ұйымдарына өз тәжірибесін таратуға тырысады, бұл ретте, әсіресе,ауыл мектептері біздің басты назарымызда. Біз балалардың болашағы үшін отандық мектептердің ішкі әлеуетін бірлесе дамытып, арттырып жатқанымызға қуаныштымыз, – деді NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин құттықтау сөзінде.
Целиноград ауданының Қараөткел ауылындағы мектеп базасында 30 ауылдық мектептің директорлары мен орынбасарлары стратегиялық жоспарлау әдістерінің технологияларымен танысты, мектепті дамыту бағдарламасын әзірлеуді үйреніп, мектеп бойынша деректер негізінде шешім қабылдау және қабылданған басқарушылық шешімдердің тиімділігін бағалау дағдыларын пысықтады.
Сондай-ақ, жоба аясында NIS Педагогикалық шеберлік орталығы Целиноград ауданының мектептерінде педагогтардың кәсіби қажеттіліктеріне зерттеу жүргізеді, сабақтарды бақылау және жаңа оқу жылында 30 ауыл мектебінің басшылары мен мұғалімдеріне арналған бірнеше біліктілікті арттырукурстарын, семинарлар мен шеберлік сағаттарын ұйымдастырады.
– Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлескен жобаның нәтижесінде бірнеше ауылдық перспективті білім ордалары базасында педагогикалық академия құрылмақ.Оның жұмысы ұстаздардың тұрақты кәсіби дамуына бағытталады. Ол үшін біз NIS Педагогикалық шеберлік орталығымен біргетренерлерді дайындаймыз, – дейді⠀ESEN Foundation қорының өкілі Камила Башарова.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының»өз тілшісі.