Көкшетау қаласы әкімдігінің сайтында «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша конкурс өткізіліп, ереже талаптарына сай келіп түскен 40 жобаның он тоғызы мақұлданған. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Ғайса өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
– Балалар ойын алаңы мен спорт алаңдарын салу бойынша бұл жобалардың барлығы биыл іске асырылатын болады. Қазір жұмыстар басталып кетті. Бұдан басқа, биыл Көкшетау қаласында жеті спорт алаңын және Краснояр ауылында алты балалар ойын алаңын салу жоспарланған, – деді өз сөзінде Бауыржан Сейітқалиұлы.
Оның сөзінше, қала аумағында жиырма үш көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде он төрт үй биыл, тоғыз үй 2025 жылы тапсырылуы мүмкін екені айтылды. Ағымдағы жылдың шілде айының соңына дейін жүз жиырма тоғыз пәтер сатып алу көзделген. Сондай-ақ, 2024 жылы 2,8 миллиард теңге сомасына ұзындығы 36 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. «Жолдардың шұңқырын жөндеу жұмыстары 18 сәуірден басталды. Осы кезде қаланың он сегіз учаскесінде бұл жұмыстар аяқталды. Өкінішке орай, өткен жылы Застанционный шағын ауданында жолдарды жөндеу бойынша проблемалар болды. Кепілдік міндеттемелер шеңберінде мердігерге анықталған кемшіліктерді жою туралы хабарлама жібердік. Мәселе менің бақылауымда. Және де «Казцинк» тау-кен металлургиялық компаниясымен және оның еншілес кәсіпорны «Altyntau Kokshetau» серіктестігімен ынтымақтастық шеңберінде Қопа көлі бойында Кенесары көшесінен көпірге дейінгі жолдарды салу жұмыстары басталды. Ағымдағы жылы қала аумағын жарықтандыру мақсатында 920 шам орнату жұмыстары жоспарланған. Ол депутаттық корпуспен және жергілікті тұрғындардың келісімімен іске асырылады. Жобаны іске асыру сомасы 230 миллион теңгені құрайды. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың шілде айынан басталады», – деп атап өтті қала әкімі. Бұл ретте, бірқатар көшелерде аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары да жүргізілмек екен. Атап өтсек, Абай-Ғабдуллин-Әуелбеков-Назарбаев, Темірбеков-Әуезов-Абай-Кенесары, Саин-Мәметов-Уәлиханов көшелерінің шегіндегі аула аумақтары қамтылады.
Сонымен бірге, қала әкімі су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй табыс етіліп жатқанын айта келе, Көкшетаудағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткеніндей, ешкім назардан тыс қалған жоқ. Барлық зардап шеккендерге қолданыстағы заңнама шеңберінде көмек көрсетілді. Қала бойынша 153 миллион теңге сомасында 416 адамға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Жүз екі өтініш бойынша 51 миллион теңгеге мүлікке және жөндеуге төлемдер жүргізу туралы шешім қабылданды. Көкшетау қаласының аумағында 89 тұрғын үй нысаны тұруға жарамсыз деп танылды. Қазіргі уақытта алпыс сегіз пәтер берілді, тағы он алты пәтердің мәселесі қаралу үстінде», – деп түсіндірді баяндамашы. Оған қоса, қала шеңберінде салынатын және пайдалануға берілетін бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар белгілі болды. Мәселені Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша көпбейінді облыстық аурухана құрылысы жүргізілуде. Және де Краснояр ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жұмыстарын ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.
«Сарыарқа» шағын ауданында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған екі жүз сексен орындық балабақша мен Краснояр ауылында екі жүз сексен орындық балабақша және «Көктем» шағын ауданында мобильділігі төмен топтарға арналған балабақша құрылысы жүргізілуде. Бірақ, біздің байқауымызша, Сарыарқадағы бір балабақша құрылысы не себепті екені белгісіз, тоқтап тұрғанға ұқсайды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.