Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Музей – кешегінің бізге жеткен құнды дерегі - АРҚА АЖАРЫ

Музей – кешегінің бізге жеткен құнды дерегі

Еліміздегі байырғы мәдениет ошақтарының бірі – Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейі. Ол кезінде Павлодардағы осындай музейден кейін республика көлемінде екінші болып ашылған. Тарихтың куәсі болып саналатын бұл киелі орын содан бері тәуелсіз мемлекетіміз бен көпшiлiктiң мәдени-рухани игiлiгiне абыроймен қызмет етіп келеді.

Аталмыш мұражай Көкшетау-Ақмола өңiрi тумаларын ғана емес, елiмiзге танымал басқа да ақын-жазушылардың, сал-серiлердiң, өнер-қайраткерлерiнiң өмiр мен шығармашылығын жинақтап, зерттейтiн бiрден-бiр ғылыми орталық болып табылады. Мұражайдың қазіргі таңдаатқарып жатқан жұмыстары мен жаңалықтары және жалпы осы өнер ордасы  туралы толығырақ ақпарат білу үшін біз мұражай басшысы Нұрали Нұрбек Жәмішұлымен жолығып, әңгімелескен едік.

 – Қайырлы күн, Нұрбек Жәмішұлы! Ең алдымен алғашқы сұрағымызды музейдің тарихынан бастасақ деймін. Мұражай өзінің бастауын қайдан және қашан алды?

– Біздің музейдің тарихы өте терең және қазіргі жағдайға жету үшін біраз кезеңнен өткен болатынбыз. Ең алғаш рет ХХ ғасырдың басында орыс көпесi Устин Игнатьевич Коротков 1903 жылы базар алаңына бұл ғимаратты сауда үйi ретiнде салдарған болатын және бұл бiр қабатты кiрпiш ғимаратта бiрнеше сауда бөлмелерi болған. Кейін 1934 жылы ғимаратта 280 орындық кинотеатр ашылды. Кинотеатр екiншi дүниежүзiлiк соғыс уақытында жұмыс iстемегенiмен, кейiн қайта ашыларда күрделi жөндеу жұмыстар жасалып, адам танымастай өзгерiске ұшырайды. 1989 жылы бұл кинотеатр атауы «Юность» болып өзгертiледі, бірақ, 2009 жылы қаламыздағы ең көне кинотеатр жабылып қалды. Дегенмен, ғасырға жуық тарихы бар ғимарат облыстық халық шығармашылығы орталығының пайдаланылуына берiлдi. Сөйтіп, 2014 жылдан бастап, облыс әкiмдiгiнiң шешiмiмен Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейiнiң балансына тапсырылды. Күні бүгін 2019 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлiнiп, музей ғимараты толықтай күрделi жөндеуден өтсе, 2021 жылы тағы да қосымша қаржы бөлiнiп, музейдiң iшкi экспозициясы толықтай қайта құрылды.

– Сонау ХХ ғасырдың басынан бастау алатын ғимарат тарихы шынымен де өте бай екен. Ал, енді осы ғимарат ішіндегі музей экспонаттарына тоқтала кетсек. Қазіргі таңда мұнда қандай жәдігерлер сақтаулы?

–  Қазіргі уақытта музей қорында 10 900-ге жуық жәдігер бар. Олардың 3500-і негізгі,7400-і көмекші қорда. Жалпы қазақтың салт-санасына, этнографиялық байырғы құндылықтарына, сал-серілік дәстүріне, әдеби-мәдени өміріне негізделген жәдігерлер сақталуда. Олардың қатарында атап өтсем, түркі дүниесініңұлы ұстазы Қожа Ахмет Ясауидың XVI-XVII ғасырда  бұхар қағазына түсірілген «Диуани Хикмет» кітабының қолжазбасы, сондай-ақ, Үмбетей жырау атақты Абылай ханға «Жасыңда болған сырласың, Үлкен де болса құрдасың… Батырың өлді Бөгенбай!» деп өлімін естіртетін арыстан жүрек Бөгенбай батырға тиесілі XVIIІ ғасырда жасалған құты, қазақтың ұлы ақыны Мағжан  Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында айтылған атақты Қанай бидің XVIIІ ғасырда пайдаланылған саптыаяғы бар. Сондай-ақ, Арқаны әнімен тербеген Ақан серінің темір ұстасына арнайы тапсырыс беріп жасатқан адалбақанының, серінің сүйіктісі болған Ақтоқты сұлудың «Зингер» тігін іс машинасы мен айнасының мұражай үшін алатын орны айрықша. Сонымен қатар, музей қорында қазақ даласын әнмен тербеген Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды сал-серілердің, Көкшетау өңірінде туып-өскен көрнекті әдебиетші, қаламгерлер, өнер майталмандары Есмағамбет Ысмайыловтың, Жұмағали Саинның, Мұса Асайыновтың, Көкен Шәкеевтің, Сәкен Жүнісовтың, Естай Мырзахметовтың, Кәрім Ілиястегінің  және тағы басқа да белгілі әдебиет-өнер қайраткерлерінің жеке  заттары, қолжазбалары, әдеби көркем шығармалары бар екендігін айтуға тиіспіз.

–Ал, бұл жәдігерлер қайдан алынды? Нақты бірнеше мысалмен айта кетсеңіз.

–Әдебиет және өнер музейінің негізі құрыла бастаған жылдары ғылыми қызметкерлер ел ішінде жинақтау жұмыстарын белсенді түрде атқара бастады. Сол жылдары музей қорына қазақтың әдебиеті мен өнеріне, тарихына қатысты көптеген жәдігерлер жинақталып, сұрыпталған. Міне, қазіргі қорымыз осылай жинақталды десек те болады. Нақты мысал ретінде, жоғарыда атап өткен Ақан серінің адалбақаны мен Ақтоқты әжеміздің тігін машинасы жайлы айта аламын. 5 метрлік темір адалбақанды музей қорына тоқсаныншы жылдардың басында Ақан серінің үрім-бұтақтары болып табылатын Айыртау ауданының тұрғыны Нұрғазина Қайша әжемізден музей қызметкерлері аттай қалап алған екен. Ал, тігін машинасын музейдің сол кездегі ғылыми қызметкері болған Кәрім Ілиястегі ағамыз Зеренді ауданында тұратын Жалмұқанның ұрпақтарынан алған. Ұрпақтары «Зингер» машинасын Ақтоқты әжеміздің көзі деп бергісі келмей, біраз қиналған да болатын. Бірақ, ақыр соңында қызметкерлеріміз қазаққа құны ортақ жәдігерді халықтың рухани мұрасына айналдыруға көндіріп, бүгінгі күні бұл жәдігер көпшілік көзайымына айналып, музей төрінен орын алған.

–Ендігі кезекте халықтың музейді тамашалау ықыласына байланысты сауалымды қоя кетсем. Қазіргі таңда музейге қызығушылық білдірушілер қарасы қандай және халық қаншалықты жиі келеді?

–Айтып өткенімдей, 2019 жылы күрделі жөндеу жұмыстары өткізілген болатын. Сол жылдан бастап келушілер саны қатты өсті. Себебі, сол жылдары ғаламтор желісіндеде мұражайды белсенді таныту шаралары қолға алынды. Оған қоса, музейіміз орталықта орналасқаннан кейін өте ыңғайлы. Қазір күнделікті түрде келушілер саны өте жақсы. Адамдарды қатты қызықтыратын жәдігерлердің бірі, қазақтың қара шаңырағы – киіз үй. Себебі, біздің мұражайда киіз үй жартылай емес,  толыққанды нұсқада құрылған. Күні бүгін мұражайымыз республика ішінде ғана емес, сонымен қатар, халықаралық деңгейде танылып келеді. Мысалы, осы жылдың басында АҚШ елшісі келіп, музейімізді тамашалап кетті.

Келесі сауалым кадр мәселесіне қатысты. Жалпы, бүгінгі күні сіздерде  неше қызметкер жұмыспен қамтылып отыр және олардың атқаратын шаруалары жайлы айта аласыз ба?

–Әдебиет және өнер музейінде қазірде 27 штаттық бірлік бар. Музей қызметкерлермен толық қамтылған. Музей саласының қызметі 5 бөлімнен тұрады. Атап кетсем, әдебиет бөлімі, өнер бөлімі, фольклор бөлімі, қор бөлімі және экскурсия-көпшілік жұмыстар бөлімі. Әр бөлім музейдің көркейіп, дамуы үшін барынша үлесін қосуда. Мысалы, қор бөлімі қолға түскен материалдарды сұрыптайды, жәдігерлерді цифрландыру және реставрациялық жұмыстармен айналысады. Экскурсия бөлімі келушілерді музейдің экспозицияларымен таныстырады, түрлі шараларды ұйымдастыруға ат салысады. Әдебиет, өнер және фольклор бөлімінің қызметкерлері түрлі тақырыптағы дәріс көрмелерді ұйымдастырады, қаламгерлер мен өнер иелерінің мерейтойларын, әдеби-сазды кештерін, дөңгелек үстелдерін, атаулы мерекелік іс-шараларға сай түрлі көлемдегі конференцияларды өткізеді.

–Және соңғы сұрағым өзіңізге қатысты қойылмақ. Музейдің сіздің өміріңізден алатын орны қандай?

–Мен үшін музей бұл кешегі өткен тарихымыз бен бүгінімізді жалғайтын дүние. Сондықтан да, мен кешегі ата-бабамыздың аманатын қазіргі жастарымыз музейден көрсе, білсе екен деймін және бұл ойымды барынша насихаттағым келеді. Аталған мақсатқа жету үшін мен және барша мұражай қызметкерлері тыңбай еңбек етуді жалғастыра түсеміз. Болашақта мұражайға деген сұраныс осыдан да артып, жаңа биік деңгейге шығады деген сенім бар.

– Әңгімеңізге рахмет! Алға қойып жатқан мақсаттарыңыз орындалып, біз соның куәгері болайық.

Сұхбатты жүргізген Сабина ТАСБОЛАТ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
журналистика және саясаттану факультетінің 2-ші курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар