Бестөбе кентініңорналасқан жерінің өзі ерекше,үш облыстың түйіскен жері. Біздің ауылдың сөзге шебер жігіттері айтатын, бұзауды Ақмола облысы, сиырды Көкшетау облысы, жылқыны Павлодар облысында бағамыз деп. Халқының саны 1970 жылдары 15 мыңдай болатын. Алтын кенін шығаратын бірнеше құрылымдары болғандықтан, ондағы жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін арнайы мекеме құрылған.
Оның құрамында бірнеше дүкені, асханасы, диірмені, наубайханасы бар болатын. Сонымен қатар,заманға сай жабдықталған аурухана кешені, бірнеше мектебі де бар еді. Облыс орталығы алыс әрі жақын маңайда басқа ірі қала болмаған соң, жаңағы үш облыстың ауылдарының тұрғындары тауар алуға, дәрігерге көрінуге Бестөбеге келетін және жоғары сыныптағы балаларын Бестөбе мектептеріне оқуға әкелетін. Сол себепті олар Бестөбені қала деп атайтын.
Шіркін, Бестөбенің тарихын толық зерделеген ешкім жоқ-ау. Кеніштің алтынын алғаш рет он үшінші ғасырда моңғол шапқыншылары игерген көрінеді. Оған дәлел, әлі күнге дейін жерасты шахта қыртыстарында құдық-қауға әдісімен руда тастарын алған «моңғол кенді желілерінің» кездесетіндігі. Бұл жерлерде ХІХ ғасырда ағылшын, неміс компаниялары да жұмыс істеген.
Атақты ғалымымыз, академик М.Қозыбаев айтып кеткеніндей, Сілеті өзенінің бойында қазақ хандарының ордасы болған. Оған дәлел, кейінгі жылдары қазба жұмыстарының барысында Бестөбеден алыс емес жерден табылған елдімекеннің орны. Сонымен қатар, қазақ тарихындағы қаралы кезең – аштық өршіп тұрған 1932 жылдары Бестөбеде алтын шығаратын шахталардың пайда болуы. Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, қаншама адам аштық азабынан құтылды. Бұл да осы жердің қасиетін көрсетеді. Айта берсең тарихы ұзақ, шағын мақаланың көлеміне сыймайды.
Үкімет шешімімен 1930 жылдары Бестөбедеалтын өндірісі ашылысымен жан-жақтан осылайқарай халық та ағылды. Басқа ұлттардың саны көп болғанымен, қазақтарда аз емес еді. Осындағы қалың қазақи ортадан шыққан республикаға белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, мәдениеттанушы, ондаған кітаптың авторы Әміржан Әлпейісов осы Бестөбе кенішінде 1954 жылы 13 маусымда дүниеге келді.
Бала тәрбиесінде қанмен берілетін қасиеттермен бірге, оның тұлғалық өсуіне ата-ананың көрсеткен өнегесінің орны бөлек. Атасы Қабылуақит аты барда желіп жүріп жер таныған, асы барда беріп жүріп ел таныған, басқаға үлгі, жол көрсетер ақсақал болды. Әжесі Мүгілсім «Әміржаным ғалым, жазушы болады», – деп немересін үй шаруасына араластырмай, тек сабақ оқуына жағдай жасайтын. Әке – асқар тау, ана – ағар бұлақ. Әміржанның әкесі Қабылқайыр сол кездегі азаматтарға тән тұрмыс кейістігі жүрегін сыздатса да сыр бермей, мойымай, еңсесін түсірмей жүретін, мұсылманшылығынан арылмаған тынымсыз жан болатын. Барға қанағат, жоққа сабыр ететін Қабылқайыр әкеміз қай салада қызмет етсе де елдің алғысын алған абыройлы адам еді. Анамыз Айтжан Балғабайқызы екеуі елге сыйлы, есіктері жабылмай, дастархандары жиылмай қонақ күткен, көпшіл, кеңпейіл, ақжарқын жандар болатын. Сол елдің батасы ғой, балаларын ғана емес немерелерін де жоғары оқу орындарында оқытып, еңбектерінің жемісін көріп кетті.
Әміржан Қабылқайырұлы да жастайынан зеректігімен бірге, намысшыл, алғыр болып, не істесе де алда болды. Сондықтан, Бестөбе қазақ орта мектебін бітірген жылы бірден құжаттарын Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне тапсырды. Алайда, ол жылы конкурстан өте алмай, елге келіп, бір жылдай шахтада жер асты жұмыстарында болып, келесі жылы қайтадан армандаған оқу орнына емтихандарын ойдағыдай тапсырып, студент атанды.
Қайран сол бір кез… Алматыға бірге барған жас кезіміздегі достарымыз Тоқтарбай Ержанов, Сәрсенбай Жұманов, Сейілбек Бабенов, Әміржан Әлпейісовтермен бірге, қызықты да арманға толы жылдарымыз көз жұмғандай тез өте шықты. Әміржан оқу бітірісімен жолдамамен Целиноград қаласына келіп, облыстық комсомол комитетіне жауапты қызметке орналасты. Бір жылдан аса еңбек етіп, жоғары лауазымды қызмет ұсынылғанына қарамай, өзінің көңілі сүйген тарих ғылымымен айналысу үшін Алматы қаласына қайтып келді. Алматы халық шаруашылығы институтының тарих кафедрасына жұмысқа орналасып, аспирантураға түсті, тарих ғылымының кандидаты атағын қорғады.
Әрқашан өзінің білімімен, белсенділігімен көзге түсіп жүретін Әміржанға басшы органдардан жауапты қызметтер жиі ұсынылатын. Осыған байланысты біраз уақыт партия ұйымдарында, Астана қалалық әкімдігінде, Қазақстан халқы ассамблеясында жауапты қызметтер атқарды. Бірақ, қайда жүрсе де, ғылыммен, жазушылықпен айналысуға жіті көңіл бөліп отырды. Соның нәтижесінде арасына жылдар салып, оннан астам кітапты дүниеге әкелді.
Әр адамның туып-өскен жері өзіне ыстық, себебі, өмірінің ең шуақты, берекелі, мерекелі балалық шағы осында өтеді. Әміржанның ең алғашқы туындылары туған жерге, өскен елге деген сағынышы, махаббатына толы болды. 1994 жылы орыс тілінде шыққан кітабы «Ностальгия» деп бекер аталмаған. Бұл кітапта әр жылдары жазылған қысқа әңгімелері топтастырылған. Автор Бестөбе жерінде өскен жастардың арман-тілектерін, өмір сүру деңгейлерін шынайы суреттей алған. Қатар өскен неміс ұлты жастарының 1990 жылдары біздің елді қимаса да, заман ағымына орай, тарихи Отандары Германияға қоныс аударуы кезіндегі қиналыс сезімдерін шебер жеткізген.
Ә.Әлпейісов өз еңбектерінде қоғамның даму заңдылықтарын, оның ұлттың салт-дәстүрімен, мәдениетімен тығыз байланыста болған уақытта ғана еліміздің болашағына жақсы әсері болатынын ашып отырады. Жастайынан зерек, алғыр болып өскен Әміржан елге жақсылық жасап жүрген ағаларының өткенді саралап, бүгінгіні даралап, болашақты болжай алған қасиеттерін де бойына сіңірді. Әр өңірдің дамуында сол жердегі азаматтардың атқаратын еңбегі ерекше, азаматын көр де, ауылын таны. Алтын өндірісі басталған кезде Бестөбеде қазақтан арнайы білімі бар азаматтар аз болатын. Партия комитетінің хатшысы, майдангер Бейбітов Ғабдолғазиз өте білімді, қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін абыройлы азамат болды. Сол кезде Бестөбеде ұлттық өнер ұжымдары ұйымдастырылып, жақсы жұмыс істеді, екі клубта кезектесіп концерт қоятын, қисса айтатын әншілер болды. Әсіресе, қазақ орта мектебінің ұстаздар қауымына білікті, тәжірибелі ер азаматтар жиналды. Сол кісілердің бірлігі нәтижесінде 1958 жылы салынған ғимарат көп тартыстан кейін қазақ мектебіне берілді.
Әміржан Қабылқайырұлының кісілік келбеті мен болмыс-бітімінің қалыптасып, парасаты биік тұлға болуында білім алған ошақтарының да орыны зор. Бестөбе қазақ орта мектебі республикамыздағы алдыңғы қатарлы білім ордасы болды. Білім беру саласындағы жаңалықтары үшін Кеңес Одағы Үкіметі мен кәсіподақ комитетінің социалистік жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Ол Қызыл ту Бестөбе қазақ орта мектебінің мұражайында сақтаулы тұр. Сол кезде мектепте үздік ұстаздар, жоғары атақтары бар мұғалімдер дәріс берді. Халел Анафин, Кенжебек Мұқашев, Барлыбай Тәбешов, Қайриден Бабенов, Қайыртай Айтмұхамбетов, Орынжан Мұсабекова, Жағалтай Ағыбаева білім берудегі жетістіктерімен ерекшеленіп, республикадағы танымал мұғалімдер болды.
Сол мектептен қаншама белгілі ақын-жазушылар, инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, экономистер өсіп шықты. Құқық қорғау саласында үш ағамыз генерал атағын алып, республикамызға танымал азаматтар болды. Еліне адал еңбек етіп, алғырлықтарының арқасында облыстық ішкі істер басқармаларына басшы болған генералдар Мұқышев Бекболат, Жармағамбетов Амангелді ағаларымыз қазір арамызда жоқ.
Ә.Әлпейісовтің 1995 жылы шыққан «Тағдыр тағылымы» повесінде қатар өскен достардың өмірдегі есею жолдары, жақсылық пен қиындықтан алған тәлімдері автордың өз өмірінің жолдарымен ұштасып жатқандай. Он жыл мектепте бірге оқып, құлын-тайдай жарасып бірге өскен сыныптас достары Қияш, Төлеген, Жамбыл, Рамазан, Бағдат, Жамал, Ләззат, Рая, тағы басқаларына арнаған жүрек сырлары секілді.
Ата-бабаларымыз ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деп бекер айтпапты. Бүгінде ақыл тоқтатып, айналаға көз салып қарасақ, қазақтың мықтылығы оның бірлігінде, бауырмалдығында, туысшылдығында екенін көреміз.Болашақ жазушының мінезін, ұлттық болмысын осындай қазақи орта шыңдады. Осы өмір жолын автор өз еңбегінде толықтай ашып берген.Мызғымайтындай көрінген Кеңес Одағының шаңырағының ортасына түсуіне, социалистік жүйенің қирауына қазақ жастарының қосқан үлестері зор. Бұл жағдайларды көзімен көріп, жүрегімен сезінген Ә.Әлпейісовте қалыс қала алмай, «Қашқын суыр» повесінде Желтоқсан көтерілісінен кейінгі қазақ жастарының қилы ғұмыры мен тұрлаулы тағдыры, рухани-адамгершілік қасиеттерінің ашылуын сипаттайды. «Азаттық аңсаған Сарыарқа» повесінде Алматы қаласы студенттерінің астыртын құпия ұйымының іс-әрекеттері көрсетіледі. Бұл ұйымның жұмысына автордың да қатысы болып, ондаған жылдар бойы қауіпсіздік комитетінің бақылауында болып, кейін ақталып шықты.
Ал, сол жастардың санасын серпілтіп, болмысын оятқан, Алаш зиялыларының күрес жолын жалғастырған «Жас тұлпар» қозғалысы еді. Ә.Әлпейісов өзінің «Жас тұлпар дүбірі» повесінде ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы жастардың Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресі, ұлтына деген сүйіспеншілігі туралы баяндайды. «Өткенді білмесек болашаққа қалай барамыз, кеткенімізді қадірлемесек, жаңа ұрпаққа не дерміз», – дейді автор. Сөйтіп, сол қозғалыстың белсенді мүшелеріменкездесіп, халқымыздың бостандығы, еліміздің тәуелсіздігі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, ұлтым деп отқа түскен боздақтардың атқарған игі істерін толық ашып береді.Ар-намыс тазалықтың биік шыңы ғана емес, адамгершіліктің мәңгілік өзгермес символы ғой. «Жас тұлпар» қозғалысының ұйымдастырушыларының бірі Мұрат Әуезовпен көп араласып, туыс, аға-інідей сыйласып кетті. Қоғамда болып жатқан өзгерістер, болашақ туралы ой-толғаныстарымен бөлісіп, дәуір алмасуының аз уақытта заманды адам танымастай өзгерткеніне ой жүгіртті.
Мұрат Әуезовтің өскен ортасы, ата-анасының тағдыр толқынының қиын- қыстау кезіндегі көрген азаптары, соның бәрін жеңіп шығу жолындағы адамгершілік қасиеттері, махаббаты жайлы көп мағлұмат алған Әміржан осы әулет туралы өз ойларын ортаға салды. «Ана жүрегі» әңгімесінде қазақтың үш алыбы – Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтің жары болған қоғам қайраткері, Мұраттың анасы Фатима Ғабитованың басынан кешкен қиын да қызықты тағдыры туралы нағыз деректермен баяндайды. Бұл еңбекте сталиндік зұлматтан жапа шегіп, қанша қиындық көрсе де мұқалмаған Ұлы дала аруының өмір жолы бейнеленген. Бұл шығарма тарихи оқиғаларға негізделіп, тұтас бір күрделі кезеңді қамтығаны себепті жылдың үздік әңгімесі деп танылып, «Алтын қалам — 2017» әдеби байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.
Былтыр баспадан шыққан «Мұрат» атты кітабында қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің өмір жолы, Алаш қозғалысы кезіндегі атқарған қызметтері, балаларымен қарым-қатынасы, оларды өмір жолына бағыттап айтқан ақылдары баяндалады. Мұраттың жастық шағы, студенттік кезеңдері, «Жас тұлпар» қозғалысын ұйымдастырудағы ерекше еңбегі толықтай берілген. Кітаптың «Мұрат» аталуыныңсимволикалық себебі бар сияқты. Тарихты, мәдениетті, саясатты ұштастыра отырып, Ә.Әлпейісов өзінің мұратының биік баспалдағына көтерілді.
Әміржан Қабылқайырұлының өмір жолы жастарды әділдікке деген терең танымға тәрбиелей алатын сара жол. Отанды сүю, оған адал қызмет ету бүгінгі күнге ғана емес, болашаққа керек. Үлкен қыздары Элмира, Әсем бүгінде бақытты жанұя болып қуантса, кішісі Айым студент. Әміржан жан жары Кәусармен бірге немерелерінің тәрбиелеріне көңіл бөле жүріп, өздерінің сүйікті жұмыстарымен айналысуда.
Мыңжылдық тарихы бар Бестөбе кенішінде дүниеге келіп, бүгінде ел ағасы болып жүрген Әміржан Қабылқайырұлы жетпістің сеңгіріне шықса да көңілі ақ, жаны жайдары қалпында. Жастарға берері, үйретері көп, әлі де сол жолда қызмет істеп жүр. Үлкен әулеттің ақылшы атасы, туған-туыс, жора-жолдастарының мақтанышы. Ерейментау-Бестөбе өңірінің саңлағы Әміржан бауырымызға әлі де рухани табысың көп болып, біздің мақтанышымыз бола бер демекпіз. Оны алда жаңашығармашылық белестер күтіп тұр, сол жолда досымызға үлкен табыс тілейміз!
Өмірсерік ЕРЖАНОВ,
қоғам қайраткері, сыныптасы.