Көкшетаудағы кірпіш зауыты бір жылдың ішінде өндіріс көлемін 16,5 пайызға өсіріп, 4,3 миллиард теңгенің өнімін дайындады. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында 629 миллион теңгенің өнімі шығарылды.
Еліміздегі құрылыс саласының өркендеуіне үлкен үлес қосып отырған зауыттың жобалық қуаты – жылына 90 миллион дана кірпіш. Зауытта құрылыс нысандарын қаптайтын керамикалық кірпіш те шығарылады. Сондай-ақ, құрылыс блокторын да өндіреді. Пішіндері де әрқилы. Құрылысшылардың қалауына орай кірпіштің алпыстан астам түрін өндіруде. Технологиялық желі әрқилы бояумен боялған сапалы кірпіш өндіруге толық мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпорын өнімдері өңірдің ғана емес, еліміздің құрылысшыларына кеңінен танымал. Іргедегі Ресейдің көршілес аймақтары да сапалы өнім шығаратын зауыттың кірпіштерін ат-түйедей қалап алуда.
–Бір жақсысы, кірпішке қажетті балшық өз өңірімізден өндіріледі, – дейді өндірістік цехтың басшысы Ерлан Мырзағалиев, – қазіргі күні қызғылт балшық пен каолин бес карьерден алынуда.
Зауыттың ашылуы құрылыс қарқынын үдетумен қатар, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуына тәп-тәуір септігін тигізуде. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Шетке шикізат шығарумен ғана шектеліп қалмай, бар дүниені кәдеге жаратып, өз өнімімізді өндіру тұрғысынан келгенде салық төлеу есебінен өңірдің шырайлануына үлес қосып отыр. Шынтуайтында зауыт еліміздегі құрылыс саласының дамуына, сондай-ақ, инновациялық бағыттың кеңеюіне өз үлесін қосуда. Қоршаған ортаға кесірін тигізбеу жайын көбірек ойлайтын кәсіпорынның өнімдері жоғары талапқа сай. Сондықтан да сұраныс көп.
–Кірпішті күйдіру кезінде сығымдалған газ пайдаланылады, – дейді Ербол Манасұлы, – бұл экологиялық жағынан тиімді әрі өнім сапасына да айтарлықтай әсер етеді. Сапамен бірге қоршаған ортаға зияны жоқ.
Сөз арасында зауыттың өрлеу жолы туралы да айта кетуге болар. Сонау 2010 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген зауыт алғашқы өнімдерін шығарды. Жобаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін өнім көлемін біртіндеп көбейте бастады. Алға қойған мақсатты орындау барысында инвестициялық жоба толық жүзеге асты. Техникалық жағынан заман талабына сай жарақтандырылған. Осының арқасында сапалы өнім шығарып, бәсі жоғары бәсекелестіктің қатал тезіне төтеп беруде. Сапаға мән бергендіктен, «ENKI» сауда маркасы еліміздің және алыс-жақын шет елдің құрылыс саласында бірден танымал болды десек те, артықтығы жоқ. Зауыттың кеңсесінде алыс-жақын шет ел құрылысшыларының өнімнің сапасы жайлы өзіндік пікірлері мен Алғыс хаттары ілулі тұр. Осының өзі-ақ жергілікті жердің өніміне берілген лайықты баға деп айтуға болады.
Қазіргі күні кәсіпорында 240 адам еңбек етуде. Облыс орталығындағы «Қолжетімді баспана-2020-2025» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлер негізінен осы кәсіпорынның өнімімен салынуда.
–Біз жерлестеріміздің әлеуметтік мәселелерінің оңынан шешілуіне септігімізді тигізіп жатырмыз, – дейді өндірістік цехтың басшысы Ерлан Мырзағалиев, – атам қазақта «үй болмай, күй болмайды» деген аталы сөз бар. Егер әрбір тұрғынның басында сәулетті баспанасы болса, көңіл-күйі де көтеріңкі болар еді.
Өндірістік цех басшысының айтуына қарағанда, қол жеткізген табыстарын місе тұту ойда жоқ. Басты мақсат ілгері даму, оның ішінде қарыштап дамыған бүгінгі күннің талап деңгейінен табылу. Сондықтан, итальяндық СМАК фирмасының технологиялық желісі арқылы кірпіштерді сәулелендіру, өрнек салу қолға алынған. Өз кірпіштерінен салынған ғимараттар көз жауын аларлықтай әдемі болып тұрса бір ғанибет емес пе?!
–Кәсіпорында негізінен жергілікті ұлттың жастары жұмыс істейді, – дейді цех жұмысшысы Қанат Хасенов, – әлеуметтік жағдайымызға көмектеседі. Жалақымызды уақытында алып тұрамыз. Жаңа келген жастарға тәлімгерлік жасап, үйретеміз. Жас толқынның бойында еңбекке деген құлшыныс бар. Осы еңбегіміздің нәтижесін өзіміз тұратын қаладан күнде көріп жүрміз. Сәт санап жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп келе жатқан құрылыстарды көргенде осы нәтижелі істе біздің де еңбегіміз бар деген ой санамызға келгенде кеудемізді қуаныш кернейді.
Енді бір ауыз сөзбен өнім географиясы туралы таратып айта кетелік. Зауыттың сапалы кірпіштері еліміздің барлық облыс орталықтарына таратылуда. Сондай-ақ, Омбы қаласына да жеткізілуде. Зауыт басшыларының айтуына қарағанда, алдымен ішкі рынокты қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді. Сұраныс өскен сайын өнім көлемін көбейтуді мақсат етіп отыр. Жаңа желі іске қосылғаннан кейін кәдімгі қатардағы кірпіштің бүгінгі көлеміне тағы да 30 миллион дана өнім қосылмақ.
Ұйымшыл кәсіпорын ұжымы болашақтың іргетасын бірге қалаймыз деген антқа бергісіз адал сөзін айтып отыр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.