Жетінші құрлық

Рамазан Бауыржанұлы – «Жебе» қоғамдық қорының мүшесі, «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» республикалық VIII дәстүрлі Қасым Аманжолов мүшәйрасының 1 – орын иегері, «Мен жастарға сенемін» форумының поэзия бөлімі бойынша «Жас талап» номинация иегері, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай шығарылған төс белгі, облыстық «Поэзия көктемі» поэтикалық дуэльдің бас жүлдесінің иегері. «Өлке-Шұғыласы» жас ақындар антологиясы, Моңғолиялық қазақ қаламгерлерінің «Қобданың қоңыр желі» антологиясына өлеңдері кірген.

Рамазан  БАУЫРЖАНҰЛЫ

 Жаңбырдай өткінші сезім кіл,
мөп-мөлдір тұңғиық көзің дүр!
Жанарға сыймаған тамшы жас,
ғаламды шайқалтып сөз – ұңғы.

Жылауға болмайды сірәда,
шуақсыз күндерден түн ада.
Бесінші мұxитқа айналар,
Күнәлі бастардан бұла ара.

***

Құрлықта жетінші жаңбыр жауып,
Шертілмеген күй өліп, даңғыр қалып.
Сағыныштан беймаза күдік билеп,
…Ең аяулы, ақ пейіл жан жүр нағып?

Сағынудың азабы мазалайды,
Жүрегімді тілімдеп жаза қайғы.
Сондай тәтті маxаббат шарабынан,
сүйіспеген ернімді тазалаймын…

Сақта құдай, – деймін де дұға қылып,
сол арудың сұлбасы ұнады, Үміт.
Қалай айтам жүректің дүрсіліне?!
Қия алмайсың құмарлық тұр ағылып.

Сондай керім, сондай паң қылықты қыз,
Шыт көйлегін бақтарда ұмыттыңыз.
Әтір сіңген көйлекке гүл мен сенің,
жүзің сұлу көрінер шық үтті Күз.

Содан болар күзді де сүйетінім,
Тыңдайтыным құстардың ниет – үнін.
Содан болар ашқаным құрлығымды,
күз аңқыған тұман ғой киетінім…

***

Өлген күнге бағыштап,гүл қоямын.
Көше шамы сіңіріп түн бояуын.
Темекіні тезірек тұтатып ап,
көше кезіп келемін, мұңға оянып.

Түтін қосып жұтасың ойларыңды,
Қара қарға қарқ етті тойған үнді,
содан кейін сорлының қанаты құм,
содан кейін жинай қап бойға әлімді.

қандай жақсы естімей қалатының,
көкірегімде көбік ой, ала тыным.
Тыныштықтың жұпары сағынған соң,
жүрегіңе көшірем қала түнін.

Қар дәміндей ой деген – кірсіз нүкте,
Аттанамын алысқа , бұл сіз күткен!
Өкініштен төгілер бұла жасың,
қара түндей қайғы мен үнсіздіктен…

***
Құрлығыма жетінші аттанамын.
құрығынан құтылып, жат қаланың.
Мейірімнен қаланған ұям қайда,
Жүрегіме қалайша, бап табамын.

Жетіншідер құрлығым әппақ әлем.
Шектеспейді ол мүлде жат қаламен.
Атауын да, ғажайып бақтарын да,
Шыңырауда құпия сақтаған ем.

Менің сол бір әдемі қалама кел,
Сұлулығы керемет,  таңы ала бел.
Өлең оқып бергенде күліп күні,
құстары да қошемет  – “жан аға!” дер.

Сені күтем сол жақта гүл құшақтап,
Келмеген соң келер күн бұлдыр әппақ.
Сүймеуім де керек ед сені бірақ,
Екі әлемнің арасы тым жырақта…

***

Сенің иісіңнен әтір жасайын, жаңбыр тамшысын қосып,
Кемпірқосақтың түсімен бояп.
Жұпар аңқыған ғасырды құшақтап, өзіңмен бірге.
Ай саулесінен жарық ап, күн сәулесіне жылынып отырайық, менің мейірбан ботам!
Сенің иісің сезім нүктелерімде билейді ылғи,
көңілді әуенің үнімен, ботам!

***

 Іңір.
Елес.
Ібіліс.
Көлеңкем,
Тыныстаған өз демім
Күбірлейді…
Өзгеше бір күй кешіп,
Іңір мейлі,
дұғасы да дуалы.
Жел- сыбызғы  мұң
Кеңістікте құс үні.
Өзен толқыны
қайғылы ән,
Қар барқыт бұлттар ұсынып,
Жердің көзі – аспанға
Моншақ-моншақ тамшысын ұшырып,
Ғаламға құлап әр күндер.
Мен мұң ішем тамшы толтырып
алақаныма.
Кермек-кермек ой жұтып,
миымның қан тамырларында.
Күнәмнің дәрісі ішіліп.
Жүрегіме аққу ұя салмаған,
Қарға-ойым тәңірсіз
шідерінен босанып,
еркінмін,- деп кезед әзиз сабыр қанымда.
Алысқа қараймын бүркіт көзімен
Томағамды алып,
Жанарымның от ізі табылмай…
Іңір.
Елес.
Ібіліс.

***

 Жапа-жалғыз келеді ғұмыр кешкім,
Қыл бураулы қыл арқан күнім бес күн.
Айқайлағым келеді жар басында,
Естімейді, түсінбей тілімді ешкім.

Жалғыз жүргім келеді қоғамнан тыс,
Сұм жандардан, мейірімнен тоналған түс.
Қатты ұйықтаймын қорқамын неден?
кімнен?
Үрейімнен шошынып оралған тұс…

Жалғыз кеткім келеді  әумесердей,
Құдай емес, Ей адам, әулие сендей
Билеп-төстеп басасың тақымыңа,
Тым адасқақ емессің әлде есіңдей.

Жалғыз өлең жазамын өлмейтіндей,
Өлтіруге тіпті де келмейтіндей.
Сол өлеңде шындық бар, тылсым  да бар,
Сол ақынның шер-мұңын тербейтіндей.
Жалғыз өлгім келеді санамнан тыс…

***

Қаспақ ойым  мақұлық.
Ми түбінде күйеді.
Ағытылып тиегі,
айдан моншақ тағынып.

Құлағымның құрышы,
Сайтан әнін сүйеді.
Найзағайдың күркірі,
Ғарыш жақтың   күлкісі.

Кемпірқосақ Әзірейіл нұр түгі
қома ғайлау құлқыны…
Кісінейді алыстан, періштемнің пырағы,
әкетердей міңгізіп, тозаққа не жұмаққа.

Аспанның ақша бұлттары,
әкемнің тері илейтін иіндей
жұмыр басты малсам бір,
тірі тұрған күйінде ей!..

Күн сөнеді амалысыз, қызыл-иірім пұшпақта,
тірліктің нілін сіңіріп
Кетер ме екем өмірден таппай миятты.
Темекінің күлі-ми тұқылы сияқты
Шоқ жұлдызбен тұтатсам өлең жазып үлгерем.

 ***

 Қараша түн.
Қара кемпір күбірлеп бал ашатын.
Шын-өтірік аралас таласатын,
Таласатын және де жарасатын
Қараша түн.

Қараша түн.
Бал маxаббат шерттірген ғадауатын.
Жұлдыз жауып, түнімен аспан жақтан,
Бір мұңылық күбірлеп салауатын.

Бір мұңылық күбірлеп салауатын,
Міне де алмай тақымдап жадау атын.
Қара сия, қара түн
Жыр жаза алмай тықыршып асау ақын.

Жыр жаза алмай тықыршып асау ақын,
Оқтан қашқан киіктей басы ауатын.
Сынық айға қарайды сағы сынған,
Темір қазық бауыр бұлтты тасалауын.

Темірқазық бауыр бұлтты тасалауын,
Маxаббатын паш етпей ғадауатын.
Ғашықтығын айта алмай Ай астында,
Бір мұңлық күбірлеп салауатын.

***

Сурет салам.
Қыл қаламның ұшында күйреп ғалам.
Құдай кешсін, барлығын үйретті адам.
Өзім сызып тозақты, жұмақты да,
емін-еркін содан соң билеп барам.

Қыл қаламым.
Қолданамын өртенген күн-далабын.
Айғыздайды бейнесін мұң даланың.
Нәзіктікті өлтіріп өз қолыммен,
күйдіріп ап отырмын гүл-жанарын.

Ақ парағым.
Суретін сап беймәлім жат қаланың.
Содан кейін қалайша бақ табамын?!
Тағы да бір ғаламшар сызып көрем,
сәтті шықса сол жаққа аттанамын…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар