Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
–Биылғы жылы еліміз, оның ішінде Есіл өңірі көктемгі су тасқынына байланысты күрделі жағдайға тап болғанын білесіздер. 11 сәуірде ауданда жергілікті төтенше жағдай жарияланған болатын. Су тасқынына қарсы өңірлік жедел штаб құрылып, оның міндеттеріне бірінші кезекте азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен зардаптарын жою енгізілді. Су тасқыны кезеңінде зардап шеккендерге 59,4 миллион теңге сомасында 100 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Келтірілген залалды бағалау үшін мердігерлерді анықтау жұмыстары да жүргізілді. Зиянды өтеу 2 позицияны қамтиды, жылжымалы және жылжымайтын мүлік. Жылжымалы мүлікке келтірілген материалдық залалды өтеуге 237 өтініш келіп түсті. «Altai Assessment» серіктестігі тәуелсіз компаниясы 189 тұрғын үйді, «TNK бағалау» серіктестігі 46 үйге бағалау жұмыстарын жүргізді. Табиғи төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге жылжымалы мүлікке келтірілген зиянды өтеу жөніндегі комиссия 235 өтінішті қарады, оның ішінде 161 өтініш берушіге 18,5 миллион теңге сомасында төлем төленеді. Сондай-ақ, су тасқынына ұшыраған үйлерге техникалық тексеру жүргізіліп, оның ішінде 188 үй жөндеуді қажет етсе, 37 үй қауіпті деп танылды. Есіл қаласында үйлері қауіпті деп танылған тұрғындар үшін ауданы 80 шаршы метрді құрайтын 21 үйдің құрылысы басталды. Құрылысты «Нұр Астана Құрылыс» серіктестігі өз қаражатына жүргізуде. Құрылысы аяқталғаннан кейін үйлер су тасқынынан зардап шеккендерге беру үшін әкімдікке тегін тапсырылады. Сондай-ақ, 128 миллион теңгеге 16 пәтерлік қайталама тұрғын үй сатып алу жүзеге асырылады, – деді аудан әкімі.
Аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,7 миллиард теңгені құрайды. Инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 миллиард теңгені немесе 65,2 пайызды құрады. Ағымдағы жылы Есіл ауданы бойынша 477,1 мың гектар алқапқа жаздық егіс егу жоспарлануда, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 449,7 мың гектар алқапқа орналастырылатын болады. Биылғы жылы бірқатар жобалар жоспарланғанып отыр. Атап айтқанда: «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Есіл ауданындағы елді мекендердегі жол қозғалысы жүйелерін жөндеуге облыстық бюджеттен 435,1 миллион теңге бөлінді. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 19,3 миллион теңге бөлініп, қазіргі уақытта орталық су құбыры жоқ Речное ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін біріктірілген блоктық модуль орнатылатын болады. 2024 жылы Свободное ауылына су құбырын тарту жоспарлануда. Білім беру саласында мектепке дейінгі және орта білім алу үшін жағдай жасау, сапалы білім беру негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. 2023 жылы Знаменка, Двуречный, Московский, Қаракөл ауылдарының мектептері жалпы сомасы 4,4 миллион теңге сомасына жаңа жиһазбен жабдықталды. Сондай-ақ, 22 миллион теңгеге физика және химия кабинеттері жасақталды. 2024 жылы Игілік және Ковыльное ауылдарының жалпы білім беретін мектептеріне 14,3 миллион теңгеге екі пәндік физика кабинетін сатып алу жоспарлануда. Өткен жылы Жаныспай және Сұрған ауылдарының мектептерінде жалпы сомасы 48,3 миллион теңгеге блоктық-модульдік қазандықтар орнатылған болатын. Биылғы жылы жаңа жылыту қазандықтары Московский, Свободный, Орловка, Ақсай, Красивое, Калачи ауылдарының мектептерінде орнатылатын болады.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.