Адам үшін би өнері – өмір сүру символына айналған ерекше қошеметке ие бекзат өнер. Ол адамға әркез эстетикалық тәрбие, жанға қуат беріп, көтеріңкі көңіл-күй мен сымбаттылық сыйлап, еңбектенуге баулиды, қанаттандырып отырады. Би өнері дене қозғалысы арқылы халықтың мәдениетін, сән-салтанатын, елдік-ерлігін, тіпті тарихын айшықтайды, демек, би өнері – сол халықтың бейне болмысының айнасы.
Би – шыдамдылықты, қажырлыеңбекті, талғампаздық пен шығармашыл көзқарасты қажет етеді. Ол үшін бишінің тума таланты, ерекше талап-қабілеті болуы керек. Әрине, оған қоса әуен, костюм, декорация, жарықтық әсер де ерекше болуы шарт.
Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы «Bolashaq saraiy»-ында 4 би студиясы бар. Атап айтар болсақ, «Гүлдер» халық би ансамблі, «Болашақ» би ансамблі, «Тұмар» би студиясы мен «Fly» би студиясы жаңашылдығымен өз көрерменін тәнті етіп келеді.
«Гүлдер» халық би ансамблінің құрылғанына биыл 20 жыл. Білікті педагог Елена Буторина жетекшілік ететін ансамбль осы жылдың өзінде көптеген жетістікпен «Bolashaq saraiy»-ның мерейін асырды. Петропавл қаласында өткен республикалық «НОВЫЕ ТАНЦЫ!» би байқауында Гран-При, Астана қаласында өткен XIV Ұлттық дельфий ойындарында 3-ші орын, республикалық «Bala fest» байқау-фестивалінде бір 1-ші орын, үш Гран-При, Бурабайда өткен «Алтын дән» республикалық байқау-фестивалінде 1-ші орын, Ресей Федерациясы Түмен қаласында өткен «Собираем таланты» халықаралық байқауында 1-ші орын, Мәскеу қаласында өткен «Щелкунчик» ІІ Ұлттық телевизиялық премиясында 2-ші орын, Қазан қаласында өткен «5 звезд.Суперфинал» халықаралық байқауында бір 2 орын, екі 3 орын иеленді.
Ал, «Болашақ» би ансамблі – «Bolashaq saraiy»-ның төлқұжаты іспеттес. Өзінің энергетикасымен республика деңгейіндегі іс-шаралар мен халықаралық байқауларда көрермен көзайымы болуда. Ансамбльге «Мәдениет саласының үздігі» Айсұлу Байзақова жетекшілік етеді. «Болашақ» ансамблі Ташкент қаласында өткен «Nauryz fest» халықаралық байқауында Гран-При, Астана қаласында өткен «Талант» халықаралық көпжанрлы байқауында Гран-При, Түркия Анталия қаласында өткен XXV International Antalya Children Festival фестиваліне қатысып мемлекетіміздің намысын қорғады. Жеткен жетістігі үшін жәнехалық дауысын көп жинауына байланысты «Bolashsaq Премиясы – 2023» иегері атанды.
«Тұмар» би ансамблі аз уақыттың ішінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, түрлі байқауларда топ жарып үлгерді. Жас та болса өзінің білімі мен біліктілігін көрсетіп, ансамбльді алға жетелеп келе жатқан педагог Сания Ташимова көпке үлгі болар білікті маман. 2024 жылы «Тұмар» би ансамблі «Happy summer» халықаралық өнер байқауында 1-ші орынды, «Алтын дән» республикалық байқау-фестивалі Гран-При жүлдесіне ие болды. «The Legacy Show Art Festival»-інде 2 орын иеленді.
Жүрек түбіндегі, ой қатпарындағы әсем ойды би тілімен жеткізу шын дарынның қолынан келетін дүние. Ал, сол таланттарды тәрбиелеп, қанаттандыратын жетекшілерге бас иіп алғыс айтамыз. «Bolashaq saraiy»-нан Шара Жиенқұловадай, Дәурен Әбіровтей, Зауыр Райбаевтай би майталмандары көптеп шыға берсін деген тілекпен жазбамды қорытындылаймын.
Мұхаммед ҚОҢҚАЕВ,
Ақын, «Bolashaq saraiy» шығармашылық бөлімінің меңгерушісі.