Отставкадағы полковник, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқаев Уәлиханның туғанына – 100 жыл
Уәлихан Мұқаев 1924 жылы 7 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев атындағы ауылда дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталайын деп жатқанда Совет ауданындағы Смирново ауылында 9 сыныпты, ал, 1942 жылдың жазында экстерном оқып, үздік дипломмен Көкшетау қаласындағы педагогикалық училищесін тәмамдайды.
1939 жылдан бастап, небәрі 15 жасында аудандық газетке штаттан тыс тілші болып, ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы мақалаларды үзбей жариялап тұрады.
У.Мұқаев еңбек жолын 17 жасында Совет ауданындағы Баянды колхозындағы толық емес орта мектепте мұғалім болып бастап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына дейін көтерілді. Кейін сол аудандағы Сартомар колхозында да осы қызметтерді атқарды.
1943 жылы ақпанда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариатының №301 шағын мектебін бітіргеннен кейін Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы Көкшетау облысы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының тергеушісі болып тағайындалады.
1945-1946 жылдары Шығыс Пруссия және Батыс Литва аумақтарын фашистік басқыншылардан азат ету бойынша әскери қимылдарға қатысты.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі мен КСРО және Қазақ КСР-нің мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметі үшін Отан соғысы орденімен және Қазақстан Республикасының 18 үкіметтік наградаларымен марапатталған.
1950-1957 жылдары Көкшетау облысы бойынша Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының тергеушісі бола отырып, 1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде жерлестері – Мағжан Жұмабаевты, Ыбырай Сандыбаевты және тағы басқаларының ақтау жұмыстарына белсене қатысты. Уәлихан Мұқаев «Саясат – Политика» журналының 1997 жылғы №6 санында жарияланған «Репрессия құрбандары және оларды ақтау» атты көлемді мақаласында көптеген адамдарға қатысты қылмыстық істерді тергеп-тексерудегі тергеушілердің ерен еңбегіне объективті және аналитикалық баға берді. 1930-1950 жылдары жазықсыз тұтқындалып, сотталған У.Мұқаевтың осы және басқа да жарияланымдарына БАҚ-та берген оң пікірлері, оның Қазақстан Республикасы Журналистер одағына мүшелікке қабылдануына негіз болды.
1999 жылы У.Мұқаев Қырғызстан мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор, жазушы Ілия Жахановпен бірге Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданының атын өзгерту және ауданға Мағжан Жұмабаевтың есімін беру бастамасын алғаш көтерді. Олардың Қазақстан Республикасының Президентіне дейін жоғары билікке қайта-қайта жүгінуінің нәтижесінде 2000 жылдың қазан айында Жарлық қабылданып, Солтүстік Қазақстанда ақын Мағжан Жұмабаев атындағы аудан пайда болды.
КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті және Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің ардагері, полковник Уәлихан Мұқаев 45 жыл әскери борышын өтеп, оның 16 жылын Ташкент және Алматы қалаларындағы КСРО МҚК жоғары оқу орындарында ұстаздық қызметке арнады. Кафедра меңгерушісінің орынбасары, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет атқарды. Ол өзінің білімі мен жедел-іздестіру тәжірибесімен КСРО мемлекеттік қауіпсіздік органдары үшін кадрлар даярлауға лайықты үлес қосты.
1943 жылы КСРО Мемлекеттік Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шағын мектебінде (малокомплектная школа) бірге оқыған курстасы Уәлихан Мұқаевтың педагогикалық қызметін сипаттай отырып, генерал-лейтенант В.Т.Шевченко «Отанға қамқор бол» кітабында: «Бұл білімді, мәдениетті және еңбекқор офицер және оның тыңдаушылары олардың қызметінде қажет білім бере білгеніне риза болып қалатын. Олар одан халықтың игілігі үшін қызмет етудің, өз мамандығын, Отанын сүюдің үлгісін алды». Қазір бір ғана Қазақстанда түлектердің арасында ұстазына, тәлімгеріне алған біліміне алғысын білдіретін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма басшылары мен генералдары аз емес.
Интернационалдық борышын өтей жүріп, У.Мұқаев 1978-1979 жылдары Ауғанстан мен Моңғолияның қауіпсіздігі үшін жүздеген жас офицерлерді тәрбиелеуге және оқытуға жеке атсалысып, сол үшін үкіметтік наградалармен марапатталған.
Уәлихан Мұқаев тәлімгер және ұстаз ретінде лайықты бедел мен құрметке ие болғанын, сол үшін Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің, Министрлер Кеңесінің және компартияның Құрмет грамоталарымен марапатталғанын ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі атағына ие болды.
Ұлы Отан соғысының және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, полковник У.Мұқаевтың өмір жолы және оның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі біздің жадымызда патриотизм мен жоғары кәсібиліктің жарқын үлгісі ретінде сақталады.
У.Мұқаев 2016 жылы қайтыс болып, Алматыда жерленген.
С.ИБРАЕВ,
Ақмола облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің
ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы подполковник.