Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» қаулысына өзгерістер енгізуге байланысты елімізде осы жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды міндетті таңбалау енгізілген болатын.
Медициналық бұйымдарды таңбалау – өндірушіден, тарату құрылымынан, дәріханалар мен медициналық ұйымдардан бастап соңғы нүкте – пациентке дейінгі жеткізу тізбегі бойынша дәрілік заттардың қозғалысын бақылаудың ең маңызды құралы.
Көпсалалы облыстық аурухана жанындағы дәріхана меңгерушісі Ирина Шевченконың айтуынша, «СК-Фармация» онкогематологияда қолданылатын қымбат химиотерапиялық дәрі Ритуксимаб дәрісінің 27 құтысын алған. Әрбір құты сканерленеді және жүйе пакеттегі штрих-кодтың ілеспе құжаттардағы деректерге сәйкес келетінін автоматты түрде анықтайды. Деректер сәйкес келсе, медициналық мекеме бір батырманы басу арқылы белгілі бір препараттың нақты алынғанын растайды.
–1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалау міндетті болды, DataMatrix екі өлшемді матрицалық штрих-кодпен белгіленген дәрі-дәрмектің бірінші партиясы бір дистрибьютордан алынды. Жаңашылдық бізге барлық дәрі-дәрмек айналымын қадағалауға, контрафактілік және басқа да өнімдердің айналымын жоюға, ауруханаға жеткізілетін дәрі-дәрмектердің қатаң есебін жүргізуге мүмкіндік береді, – деді «Көпсалалы облыстық аурухана» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Нұрлан Жаров.
Сонымен қатар, көпсалалы облыстық аурухана базасында аурухананың дәріхана бөлімі жобасы жүзеге асырылды, онда медициналық ақпараттық жүйе мен «1С-Бухгалтерияны» біріктіру арқылы аурухана ішінде дәрі-дәрмек қозғалысы әрбір науқас үшін жеке бақыланады. Оның үстіне, есепке алынатын құтылар немесе бөтелкелер бойынша емес, дана бойынша – миллиграмм және миллилитр бойынша жүргізіледі. Дәрі-дәрмектерді тұтыну автоматты түрде бақыланады және қате рецептер мен емдеу қаупі барынша азайтылады.
– Цифрлық технологияларды енгізудің арқасында біз дәрі-дәрмектің ысырапшылдығын, қалдықтардың жоғалуын жойып, аурухана ішінде дәрі-дәрмектің қозғалысын қатаң бақылауға аламыз. Әрбір емделушіге дәрігер тағайындаған дәрілік заттар емделушінің аты-жөні және қабылдау уақыты көрсетілген стерильді таңбаланған қораптарға салынады. Қателікке жол берілмейді, әр пациент өзіне тағайындалған дәрі-дәрмекпен және белгілі бір дозада емделеді. Сайып келгенде, науқастар сапалы ем алады, ал, емдеу мекемесі қаржыны үнемдейді, – деп түсіндірді Нұрлан Жаров.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.