10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні
Елімізде биылдан бастап 10 шілде – ветеринария қызметкерлері күні болып бекітілді. Осыған орай, облыс орталығындаалғаш рет аталған сала мамандарының құрметіне мерекелік шараұйымдастырылып, бірқатар қызметкерлер мен ардагерлер «Елеулі еңбегі үшін», «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен және министрлік пен ведомствоның Алғыс хаттарына ие болды.
Жаңа мереке жануарлардың денсаулығы мен олардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосатын ветеринария мамандарының еңбегінің маңыздылығын атап өтуге, оларды ынталандыруға арналған.
Соңғы онжылдықта Қазақстан Республикасының ветеринария қызметi ветеринария және тамақ өнiмдерi саласындағы тиiмдiлiк пен қауiпсiздiктi арттыруға бағытталған елеулi өзгерiстерден өттi. 2011 жылы құрылған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті осы саладағы қызметті реттейтін және бақылайтын негізгі органға айналды.Қазақстанның ветеринариялық қызметі Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінен, өңірлік және аудандық инспекциялардан, республикалық эпизоотияға қарсы жасақтан, республикалық ветеринариялық зертханадан, Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтан, сондай-ақ облыстық ветеринария басқармаларынан, ветеринариялық станциялар мен пункттерден тұратын жергілікті атқарушы органдардан тұрады.
Мерекелік іс-шарада Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов пен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақмола облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Манат Әбдірахманов құттықтау сөз сөйлеп, салада атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
–Ақмола облысында бүгінгі күні 19 ветеринариялық станция мен 217 ветеринариялық пункт бар. Оларда алты жүзден астам адам қызмет етеді. Жуырда облыс әкімі әрбір аудан әкіміне ветеринария саласының мамандарын пәтермен қамту мәселесін шешуді тапсырды. Еңбекақыны да көтеру бойынша мәселе қаралып жатыр, – деп Талғат Тоқбайұлы сала қызметкерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, игі жақсы тілектерін жеткізді.
Шарада бірқатар сала мамандары мен ардагерлері түрлі марапаттарға ие болды. Мәселен, Бурабай ауданының Кенесары ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Айтпай Норбаев, Шортанды ауданы Дамса ауылдық округінің ветеринариялық дәрігері Абылай Уәлиахметов «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, Асан Салыбеков, Тамара Чучеткова, Нұрсайын Әубәкіров, Төлеген Бекмағанбетов секілді зейнеткерлер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің «Құрмет ардагері» төсбелгісін иеленді, ал Зеренді ауданының С.Сейфуллин және Троицк ауылдық округтерінің ветеринариялық пункттерінің меңгерушілері Батыр Нұрғалиев пен Өмірбек Рамазанов ветеринария саласына сіңірген еңбектері үшін «Еңбек даңқы І дәрежелі» төсбелгілеріне ие болды, сонымен қатар бір топ мал дәрігерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ән-күйден шашу шашылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.