Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Іңгәлап сәби келді дүниеге - АРҚА АЖАРЫ

Іңгәлап сәби келді дүниеге

Көкшетау қаласында да, барлық жерлердегідей, әйел атаулысының жүрегін елжіретіп, тоғыз ай бойы күткен бөбегін құшағына басуына себепші болатын бір медициналық мекеме бар. Ол – талай ананыңперзентін дүниеге әкеліп, қуанышқа кенелткен перинаталдық орталық. Онда дәрігерлер күн сайын бірнеше іңгәлаған жаңа өмірдің бастауын қарсы алып, ана мен бала тағдыры үшін жанұшыра күреседі, олардың денсаулықтары үшін бар жағдайды жасауға тырысады.

Көкшетау қаласында перзентхана өткен ғасырдың елуінші жылдары қалыптастырылған. Ал,1964 жылы ашылған мекеме 1991 жылы министрліктің бұйрығымен перинаталдық орталық атауына ауыстырылған. Сол кезде бас дәрігер міндетін Андрей Вельма деген білікті маман атқарыпты. Одан кейінгі уақытта ұжымға бірнеше бас дәрігер жетекшілік еткен. Білікті маман Людмила Ким басқарған тұста орталықта ана мен бала бөлімшесі ашылып, жеке палаталар ұйымдастырылса, 2008 жылы бұл әдіс перинаталдық бөлімшелерге толықтай енгізілді. Одан кейін 13 жылдан астам уақыт басқарушылықты қолына алған Ермек Мұхамадиевтің де орталықтың дамуына қосқан еңбегі зор. Ол басқарған кезде мекеме жұмысына тиімді перинаталдық технологиялар енгізіліпті. Бүгінде перинаталдық орталық Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бір жеке дара орталығы болып саналады. 2020 жылдан бері орталыққа облыс аумағына танымал жоғары санатты дәрігер, 35 жылдық тәжірибесі баракушер-гинеколог, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігіАлма Құрмашева жетекшілік етіп келеді, ол бұған қоса, облыстық көпбейінді аурухана директорының ана мен бала қызметі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарады.

Перинаталдық орталық базасындағы үш ғимаратта 8 бөлімше жұмыс істеп жатыр. Бірі – іргетасы 1966 жылы қаланған төрт қабатты гинекологиялық корпус болса, екіншісі – 1987 жылы салынған бес қабатты акушерлікжәне бірі – 2011 жылы ашылған үш қабатты педиатриялық корпусы. 2014 және 2022 жылдары әуелі акушерлік, кейінгинекологиялық корпустарға облыстық бюджеттен әрқайсысына 243 миллион теңге сомасында қаржы бөлініп, ғимараттар толықтай күрделі жөндеу жұмыстарынанөтіпті.

Медициналық орталық қызметінің басты мақсаты – перинаталды аурулардың және өлім-жітімнің төмендеуіне, аналар мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын қалпына келтіру мен сақтауға мүмкіндік жасау. Сол үшін жас аналардың дүниеге сәби әкелуі кезінде арнайы кереуетте жатып босануына жағдай жасалып, бала туғаннан кейін үйдегі жағдайға бейімделу үшін анасымен бірге бір бөлмеде жатқызылуда.

–Мұндай технологиямына жарық дүниенің есігін енді ғана ашқан сәби ертең үйіне барған кезде тез ауырып, науқастанып қалмауы үшін енгізілген. Өйткені, кез келген үйде өзіне тән аура, климат, инфекциялар болады. Сонда балалар сол үйдегі жағдайға осы орталықта жатып-ақ бейімделе береді. Сонымен қатар, біздің жұмыстағы басты мақсатымыз – аналарға дүниеге бала әкелу, жүкті болу деген ауру емес, ол адамның физиологиясы екендігін түсіндіру, – дедіәңгіме барысында Алма Әбләшқызы.

Орталық бүгінде Ақмола облысының аумағындағы перинаталдық қызметтерді аймақтандырудың үшінші деңгейі бойынша қызметтерді ұсынатын мекеме болып табылады. Яғни, аудан орталықтары мен қалалардың медициналық мекемелерінде тіркеуде тұрған жас босанатын аналардың денсаулығында бір кінәратбар болса немесе әйелге не бала денсаулығына бір қауіп төнсе, облыс орталығындағы аталмыш мекемеге жолданады. Қалған жағдайларда әйелдер өздерінің тіркелген аудан орталықтарында сәбилерін дүниеге әкеледі. Сонымен бірге, орталық облысаудандарына ұйымдастыру-әдістемелік бөлім ретінде көмек көрсетеді екен.

Орталықта бүгінде 41 дәрігер, 2 резидент, 105 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Дәрігерлердің 15-і жоғары, 9-ы бірінші, 4-еуі екінші санатты мамандар.

Бұған қоса, перинаталдық орталық медициналық жоғары оқу орындарында оқып жүрген болашақ дәрігерлердің резидентуралық базасына айналған. Мұнда қазіргі уақытта Астана, Қарағандықалаларының медициналық университеттерінде резидентурада оқып, орталықта жұмыс істейтін болашағынан үміт күттірген екі  резидент бар.

–Резиденттер дәрігерлердің қасында жүріп емдеу, ота жасау, науқастарды қабылдау әдістерін үйреніп, тәжірибе жинақтайды. Оларды үйрету арқылы біз өзімізге болашақ кадрлар даярлаймыз. Олардың бойындағы талабы мен талантын байқап, резидентураға білім алуларына қолдау көрсетіп, былтыр квота бойынша оқуға жібердік. Екеуі де интернатураны аяқтағаннан кейін бізде жұмыс істеген қыздар. Енді келісім-шарт бойынша 5 жыл көлемінде біздің орталықта жұмыс істеуге міндетті. Сондай-ақ, өткен жылы Сержан Абдешовпен ЭльмираҒазизова секілді бір отбасылық жұп – акушер-гинекологтар келіп, қатарымызға қосылды. Бірі жүкті әйелдер патологиясында, бірі босану залында еңбек етуде. Оларға облыстық көпбейінді ауруханадан 1 миллион теңге, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 1,5 миллион теңге көлемінде көтермеақылар төленіп, арендалық пәтер берілді. Қазіргі уақытта кадрлармен толығу жағы жақсы жолға қойылған. Былтыр Қарағанды медициналық академиясынан Гүлнар Әбжанова деген резидент бітіріп келді. Оған да тиісті жағдайлар жасалды. Біз өзімізге келіп жатқан жас мамандарды қуана қарсы алып, білгенімізді үйретіп, ортаға сіңісіп кеткенше қолдау көрсетіп, жағдай жасаймыз. Қазіркадр тапшылығы аса байқалмайды. Дәрігерлердің орташа еңбекақысы да соңғы жылдары жақсы көтеріліп, кезекшіліктерін қосқанда 400-500 мың теңге аралығында, орта қызметкерлер200-300 мың теңге шамасында алатын болды. Орталықтың заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы 97 пайызды құрайды, – деді әңгіме барысында орталықтың басшысы.

Перинаталдық орталықта гинекология, жүкті әйелдердің патологиясы, ересектер реанимациясы, жаңа туған нәрестелер  патологиясы, жаңа туған нәрестелердің реанимациясы және қарқынды терапиясы, босандыру-операциялық блогы, босанғаннан кейінгі бөлім, ұрықты сақтау бөлімі секілді 8 бөлімшені құрайтын, 150 тәулік бойына арналған 10 күндізгі төсек-орын бар. Төсек орындардың басым көпшілігі нәрестелер патологиясы мен босанғаннан кейінгі бөлімшелерде орналастырылған. Себебі, қазіргі уақытта нәрестерлердің әлжуаздығы белең алуда екен. Оның басты себебін мамандар әйелдердің ай-күнінен ерте босанып қалуынан және жүктілікті жоспарламауынан әрі әйелдердің өздерінің де денсаулығының төмендігінен деп түсіндіреді. Сол себепті аудандарда туған сәбилердің денсаулығы дұрыс болмаса, немесе салмағы аз болып туса, орталыққа жеткізіліп, осында тиісті медициналық көмек көрсетіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің мамандары ай сайын тамақтану жағынан бастап, әйелдердің жататын төсек-орындарына дейін кадағалап, тексеріп тұрады. Сол сияқты, аналар мен балаларға да жағдай толық жасалған. Мәселен, кей кездері аналардың сүттері тартылып жатады. Бұл ретте, орталыктандырылған дәріханалардан тегін арнайы қоспалар алуға көмек беріледі. Аудандарда да бұл мәселе толықтай қарастырылған.

–Жылына орталықта шамамен төрт-төрт жарым мың сәби дүниеге келеді. Соңғы жылдары орталықта бала туу саны азайып барады. Бұрын аналардың көбі біздің перинаталдық орталыққа келіп босанатын, қазір бұл қызметті көбіне аудандық және ауданаралық ауруханалардан ешбір кедергісіз ала алады. Біздің орталыққа көбіне денсаулығына қауіп төну деңгейі жоғары, түрлі созылмалы аурулары бар жүкті әйелдер жолданады. Ал, әйелдер денсаулығына келетін болсақ, бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, қазір әйелдер өте нәзік, денсаулықтары төмен, әлсіз, Бұлай болуының түрлі себептері бар. Оның бастыларына тоқталсам, ол әрине, ең алдымен – экологияның нашарлауы, одан кейін дұрыс тамақтанбау және жүктілікті жоспарламау, дайындалмау. Жас аналардың арасында қан айналымының дұрыс болмауы, анемия, түрлі Д-есептерде тұру, семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары жиі кездеседі. Бір босанғаннан кейін, толық қалпына келмей, келесі баланы көтереді, созылмалы ауруларына мән бермей жүре береді. Жас аналардың денсаулығын елдімекендердегі жергілікті жердің учаскелік медициналық қызметкерлері қадағалап отыруы керек. Созылмалы аурулары болса, диспансерлік есепке қойып, ем жүргізуге аудандық ауруханаға жолдау қажет. Тіпті, бала көтеруге рұқсат етілмейтін, денсаулығы жарамайтын әйелдер өмірлеріне қауіп төндіріп, дүниеге сәби әкелуге талпынып жатады. Бүгінде табиғи жолмен босанатын әйелдердің өзінде 30 пайызының ғана дені сау деп айта аламын. Соңғы жылдары кесаревомен босанатын әйелдердің саны артты. Анасының денсаулығы дұрыс болмаған сәби де содан әлжуаз туады. Сонымен бірге, қазір аналардың көбі баланы эко арқылы көтереді. Осындай түрлі себептерден кейін салмағы аз балалар жиі тууда. Бұрын 28 аптаға дейінгі балалар түсік ретінде саналса, қазір, баланың салмағы 500 грамм болып туса, оны арнайы инкубаторда сақтап, күтіп, салмағы тиісті деңгейге жеткенше ұстаймыз. Олардың аналарының шыдамына таң қаламын. 2-3 айлап, баласы тиісті салмаққа жеткенше бізде орталықта сәбиінің қасында жүреді, – дейді Алма Әбләшқызы.

Биылғы үш айда орталықта ана өлімі орын алған жоқ. Былтыр бір қайғылы жағдай болып, барлық әлеуметтік желілер шулаған еді. Ол жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы да түсінік берді. Ол әйел жедел респираторлық жұқпалы инфекциямен ауырып,  орталыққа өте кеш жеткізілді, соңы өкінішпен аяқталды.

–Бала өлімі бойынша айтар болсақ, соңғы үш айда 2 жағдай орын алды. Олар салмақтары аз болып, шала туғандар. 2023 жылы 4100 бала дүниеге келсе, оның 13-інеонатальді өліммен аяқталды. Бұл жердегі бала өлімінің орын алуының басты себебі – салмақтың аздығынан 28 күнге дейін жетпеуі, тыныс алу жүйесінің дұрыс болмауы. Шала туған балалар бойынша 230 сәби емделіп, ем алып шықты. Республика бойынша балалардың неонтальді өлімі Ақмола облысында ең төменгі көрсеткішке ие. Оның басты себебі – орталықтағы мүмкіндіктің жоғарылығы. Бізде шала туған сәбилердің адам болып кетуі 76 пайызды құрайды. Жыл сайын балалардың өмір сүруі жоғарылауда, –дейді  перинатальдық орталықтың штаттан тыс неонатологы Татьяна Шафигина. Сонымен бірге, ол биыл шала туған нәрестелердіңкөру қабілетін уақытылы анықтау үшін «Аяла» қоры ретинальді камера сыйлағанын да атап өтті.

Орталық мамандарынан қыз-келіншектердің жасанды түсік жасатуы бойынша да сұрап білдік. Мамандар орталықта жасанды түсік жасату әрекеті жылдан-жылға азайып бара жатқанын қуана айтты. Тіпті, әлеуметтік жағдайы бойынша жасалатын түсіктер саны азайған. «Жасанды түсікті қандай жағдайда жасаймыз? Егер жүкті әйелдің денсаулығына қауіп төнсе, оның келісімімен ғана түсік жасалады. Ондай жағдай өте аз. Қазір медикоментозды дәрімен түсіру жағы бар. Дәріханалар мұндай дәрілерді дәрігердің бақылауымен, рецептімен ғана береді. Бұл дұрыс па?» деген сауалыңызға тоқталсам, «Әрине, дұрыс, ең бастысы ресми, дәрігердің бақылауымен жасалуы тиіс. Қазір мұндай түсікті жасайтын рұқсаты, лицензиясы бар жеке меншік фирмалар көп. Олартек дәрігердің бақылауымен ғана жасайды. Бірақ, мұндай түсіктер мектеп жасындағылар, жасөспірімдер жасатуға келсе, заңды өкілдерінің рұқсатымен, нотариалды бекітілген кезде ғана орындалады» деген жауап алдық.

Консультацияға бала көтере алмай жүргендер келсе, оларға орталықтың бас ғимаратында бірінші қабатта қабылдап, жас отбасыларға кеңестер, консилиумдар өткізеді.

Орталықтың акушерлік бөлімінде босанған әйел шаранасымен «бала туғаннан кейінгі бөлімшеге» көшірілгенге дейін жататын жеке туу палаталары, бала туған уақытта жағдай жасауға көмектесу үшін босанатын әйелдің жақын туысқандарықатысатын «серігімен бірге босануға» арналған палаталар, туу процесін жазуға арналған партограмма бар. Оған қоса, бұл бөлімде кесарево жасау мен гестозоннан емдеудің жаңа әдістемелері, босанудың жеңіл түрлері мен операциялардың заманауи тәсілдері қарастырылған. Ал, неонтология бөлімшесінде ана мен баланыңбірге келуі, кеудемен тамақтандыру, 48-72 сағат аралығында стационардан ерте шығару мәселелері карастырылады.Босанған әйелдерді стационардан ерте шығарудың басты мақсаты – токсикалык-септикалык аурулардың алдын алу. Орталықтың ұрықты сақтау бөлімшесінде гинекологтар мен генетик, ультра-дыбыстық зерттеу жүргізетін мамандар жүкті әйелдерге тиісті медициналық көмектерін көрсетеді, консультациялар мен консилиумдар өткізеді. Басқа да бөлімшелерде осындай гинекологиялық-акушерлік, медициналық қызметтер рет-ретімен көрсетіліп жатады.

–Біздің орталықтың дәрігерлері Айымгүл Маханова мен Айгүл Ыбыраева облыс аумағында орын алатын гинекологиялық-акушерлік шұғыл жағдайларда медициналық көмек көрсетуге санавиацияны қамтамасыз етеді. Анестезиолог Олжас Жұмабеков, неонтология бойыншаБаян Есілбаева санавиацияға қызмет етеді. Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде оларда бір шұғыл жағдай орын алып, біздің орталықтың мамандары санавиациямен барып, келіншекті аман-есен босандырып алды, кейін бүкіл әлеуметтік желілер жазып, біздің қызметкерлер танымал болды, – деп атап өтті перинаталдық орталықтың басшысы.

–Мен орталықта осымен үшінші сәбиімді дүниеге әкелдім. Үш ретінде де кесарево жасалды. Ақ халатты абзал жандардың дүниеге сәби әкеліп жатқан келіншектерге жылы қабақ танытуы, ана мен баланы толық тексеріп, тиісті көмек көрсеткендері үшін ризамын. Мұнда күн сайын әртүрлі жағдайда жүкті әйелдер келіп, түсіп жатады. Сонда әрқайсысына қолайлы жағдай жасап, тез шешім қабылдап, ана мен баланың өмірі үшін күресіп, екеуінің де өмірін сақтау үшін жан ұшырып жүгіргендерін көргенде, оларға бір жағынан жаным ашиды. Өмірлік таңдап алған мамандықтарын адал атқарып жүрген абзал жандарға алғысым шексіз. Осындай ісіне берік медицина қызметкерлері алдымыздан жолыға берсін, – дейді Бибінұр есімді жас босанған ана.

Біз де перинаталдық орталықтың қызметкерлеріне сәттілік тілеп, мекемеден кетіп барамыз. Әне, тағы бір жас ана босанып, жаңа өмір басталды… Іңгәлаған сәби үні жүректі елжіретіп барады…

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар