Мал дәрігерлік қызметтің сапасын жақсарту – уақыт талабы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес.  Сондықтан, осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары», – деп бұл салаға ден қойған еді. Президентіміздің осы сөздерінен көп өтпей, ветеринария саласы жұмысы жандана бастады.

Ақмола облысы бойынша бұл бағыттағы қызметті, «Ветеринариялық бақылау және қағалау комитетінің» Ақмола облыстық аумақтық инспекциясы мен 17 аудандық, 2 қалалық аумақтық инпекциялар жүзеге асырады. Онда 120 инспектор маман жұмыс істейді. Ақмола облысы экспорттық аймақ болып саналатындықтан шетелге, республиканың әр өңірлеріне өнімдер көп шығарылады. Оған қоса, өңіріміз ішкі нарықты қамтитын импорттық тауар мен өнімдерді де өздері өндіреді. Оның ішінде, құс еті мен жұмыртқасын шығаратын 9 құс фабрикасы бар. Олардың арасында Қазақстан көлеміндегі ірі зауыттардың қатарындағы «Макинск», «Қазгер» құс фабрикалары күніне мыңдаған тонна жұмырта, құс етін өндіріп, өңір тұрғындарын қоса алғанда Елорданы да қамтып келе жатыр. Ал, ет өнімдерінде өздеріңіз білетіндей «Бижан» ет зауыты өздерінің халал өнімдерін өзге облыстарға жібереді. Шетелге ет шығаратын «KAZBEEF» сияқты ет зауыты да облысымызда орналасқан. Міне, осындай ауыл шаруашылығы тауарын өндіретін кәсіпорындар облыстың әр аудан, елді мекендерінде орналасқан. Оны айтып отырған себебім, біздің ветеринария мамандарының жұмысы тікелей осыларға байланысты. Шетелдік эскпорт, ішкі импорттық өнімдерді біздің мамандар қадағалап, тексеріп отырады. Оның сыртында, мал шаруашылығымен айналысатын жеке қожалықтар мен тұрғындар да назардан тыс қалмайды. Біздің инспекцияға облыс бойынша 1300 нысан кіреді. Оған, құс фабрикалары, сүт пен ет зауыттары, элеваторлар, шикі зат шығаратын, мал соятын орындар қамтылады.Соңғы алты айда біздің мамандар 3410 жүк манинасын қарады.

Ветеринариялық инспекция – биологиялық және тамақ қауіпсіздігі деп екіге бөлінеді. Биологиялық қауіпсіздікте 7 инспектор жұмыс істейді. Ветеринариялық инспектордың міндеті – халықты жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардан қорғау, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндеттің аясында инспектор инспекция вакцинасын салу, дезинфекция және дератизация сияқты ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу, өндіріс пен ішкі сауда объектілерінде мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру және шетелге өнім экспорты кезінде «ветеринариялық сертификат беру» қатарлы қызмет көрсетеді. Шетелден келетін жануарлар мен шикі зат өнімдері де біздің бақылауымыздан өтеді. Ветеринариялық инспектордың рұқсатынсыз олар ешқашан заңдастырылмайды.  Кей кездері «өлген малдың еті сатылады», деген әңгімелер шығып жатады. Ол дұрыс емес. Бүкіл жерде ветеринария мамандары, комиссия бар. Өлген малды, жинап сол жерде өртейді. Мемлекет оған рұқсатын беріп, тапсырмаларын жүктеген. Мысалға, су тасқыны кезінде Бұланды ауданында барлығын қоса алғанда 530 жануар өлді. Сол жердегі мамандарымыз бір аптаның ішінде өлекселерді өртеп, тазалау жұмыстарын жүргізіп шықты. Өзге елді мекенде орын алса, дәл осылай дер кезінде шаралар қабылданады. Бүгінгі таңда цифрлы Қазақстан жобасы қарқынды жүргізіліп жатқанын білеміз. Біздің сала да, бұл бағыттан қағылып қалмады. Қазір жаңа модул іске қосылды. Енді базарлардан ет алсаңыз QR-коды арқылы кімнің малы, қай жақтан келді, неше жаста екенін де біле аласыз.

Сондай-ақ, екпін түсіріп айтар мәселеміз – жұмыс күшінің жетіспеушілігі. Сөз басында айтқанымдай аумақтық инспекцияда қызмет ететін 120 маманға облысымыздың 20 аумағын қамтып жұмыс істеу шынында оңай емес. Мал дәрігерлерінің саны да 500-ге жетпейді. Құс пен өзге жануарларды қоспағанда 1,6 миллион мал басы бар. Оның сыртында өзге елдерден келетін жануарлар мен шикі зат өнімі де айтарлықтай ауқымды. Қазіргі уақытта, аумақтық инспекцияда 9 бос жұмыс орны бар. Соңғы жылдары жалақы да қосылды. Орташа есеппен 220 мың теңге жалақы бекітілген. Сонда да, кадр тапшылығы шешілмей келеді. Тек, шалғай аудандарға болмаса қала аумағындағы елді-мекендерге келгендерге көмек көрсетілмейді. Жас мамандар жоқ емес, бар. Келеді. Алайда, жұмыстан тәжірибе жинақтап алған соң, қалаған жерлеріне қайтып кетеді. Оған қоса, әр жыл сайын мамандардың қартаюы байқалып келеді. Бізде орташа зейнет жасы 55. Ағымдағы жылы 9 маманымыз, келесі жылы 7 инспекторымыз зейнетке кеткелі отыр. Осыған байланысты олардың орнын жас мамандармен толықтырып отыру керек болады. Бұл ретте, ветеринария мамандарын дайындайтын Астана, Алматы қалаларындағы оқу орындары мен меморандум да бар. Жыл сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болады. Олармен келісім жүргіземіз. Бірақ, олардың қалайтыны тұратын жайлы жер, жақсы жағдай. Осындай себептердің салдарынан биыл 2-ақ жас маман келді. Біреуі, Бұланды ауданына, екіншісі Ерейментау ауданына орналасты. Айта кетейін, өзге қызметтердей емес, ветеринария саласына жұмысқа орналасу жеңіл. Бар болғаны анықталған дипломы болса, конкурссыз өткізіледі.

Сонымен бірге, тағам қауіпсіздігі туралы айта кетейін. Жоғарыда айтып өткенімдей әрбір сауда объектілерінде біздің инспекторлар отырады. Олар келген шикі заттың, өнімдердің құжаттарын тексереді. Жалпы, алғанда ветеринария саласында жұмыс өте көп. Аудандарды қоспағанда, екі қаладағы сауда орындарымен базарлар қаншама? Солардың барлығын қадағалау біздің құзыретіміздегі жұмыс. Бір жағы, қызмет өте қызықты. Мамандар сауатын көтеріп қана қоймай, заңмен таныс болады. Ветеринариялық инспектор бұзушылықтар орын алса, айыппұлда салып, тексеріс жүргізеді. Тарқата айтсам, жыл басынан бері 7,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Олардың көбі тұрғындардың заңсыз мал тасымалдауынан болады. Өздеріңіз білетіндей заң жүзінде, ветеринариялық тексерістен өтпеген, анықтамасы жоқ малды немесе өзге де жануарды басқа територияларға апаруға болмайды. Және де үй жануарларынан қандай да бір ауру анықталған жағдайда жергілікті ветеринария маманы оның иесіне малды оңашалуды немесе ет комбинаттарына тапсыруды ескертеді. Кейбір тұрғындар оны түсінбей, сойып базарларға өткізеді. Ол жерде біздің мамандар отыратындықтан қайта анықталып қалады. Алдында ескертілгендіктен, ол заң бұзушылық болып табылады. Ақыры, айыппұл арқалауына тура келеді. Сондықтан да, тұрғындар ескерер жайт, халықтың қауіпсіздігі мен елдің амандығы үшін жеке бастың жауапкершілігін сақтағаны дұрыс.

Қазіргі таңда, Ақмола облысы аймағындағы ветеринариялық инспкциялар мен функттер қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Талапқа сай, автоматтандырылған құрылғылары бар. Оған қоса, алғаш құрылған 2012 жылдан кейін, ағымдағы жылы барлық авторпарк 100 пайызға жаңартылды. Өзім 30 жылдан астам уақыттан бері осы салада еңбек етіп келе жатқандықтан ветеринария қызметі маған жете таныс. Өздеріңіз білетіндей, биыл кәсіби мерекеміз алғаш аталып өтеді. Демек, 10 шілде – Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы қабылданған күніне белгіленді. Сөз соңында, осы салада мал-жанның амандығы үшін көп жыл адал қызмет етіп, зейнетке шыққан еңбек ардагерлерін және осы салада жүрген қазіргі әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Халықтың игілігі үшін төккен терлеріңіз бен қызметтеріңіздің өтеуі ақталсын. Тәуелсіз Қазақстанның кең даласына жайылған малы өсіп-өніп, халқымыз өркендей берсін!

Манат ӘБДІРАХМАНОВ,
«Ветеринариялық бақылау және қадағалау
Комитетінің» Ақмола облыстық аумақтық
инспекциясының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар