Таяуда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Манат Бегалин мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Турумбаевтың қатысуымен «Орман профилактикалық іс-шарасының қорытындысы» тақырыбында брифинг болып өтті.
Облыста табиғи өрттердің алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, өрт қаупінің жоғары кезеңі басталғаннан бері облыста өткен жылмен салыстырғанда орман және дала өрттері санының 100 пайызға азайғаны байқалады.
–Орман және дала өрттерін жою бойынша тапсырмаларды орындау үшін департамент 160 техника мен 267 сөмкелік өрт сөндіргіш, 100 мотопомпа және 1130 петарда дайындады. Сондай-ақ, мемлекеттік орман қоры аумағында үш тікұшақпен әуе патрульдері жұмыс істейді. Құрылған топтар 1 мыңнан астам бірлескен рейд жүргізді. Кінәлі деп танылған 71тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 42-сі ескерту алса, 29-ы 1 миллион теңгеден астам айыппұл төледі, – деді өз сөзінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Манат Бегалин.
Орман шаруашылығы мекемелерінің, жергілікті атқарушы және азаматтық қорғау органдарының орман өрттерін сөндіру бойынша іс-қимылдарын тәжірибеде қолдану мақсатында 31 оқу-жаттығу өткізілді. Жергілікті атқарушы органдар 231 елді мекенде құрғақ өсімдіктерден тазарту шараларын жүргізді. Өрт қаупі жоғары кезеңге дайын еместігі туралы анықтамалар берілген аудан және ауыл әкімдері де бар.
–Инспекция басшысымен 2024 жылғы 11 шілде мен 13 шілде аралығындағы кезеңде мемлекеттік орман иеленушілермен орман өрттерінің алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды жүргізуіне, сондай-ақ, ормандарда өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын сақтауына қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Рейд барысында Зеренді, Сандықтау, Бурабай және Бұланды аудандары қамтылды. Жүргізілген рейдтердің қорытындысы бойынша «Кіші Түкті» орман шаруашылығының бір лауазымды тұлғасы минералданған жолақтарды дұрыс күтпегені үшін 55 380 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осыған ұқсас жағдай «Отрадненское» орман шаруашылығында да анықталды. Лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Турумбаев.
Сонымен қатар, ормандарда өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың 8-14 шілде аралығында облыс аумағында «Орман» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Мәселен, аталған профилактикалық іс-шараның нәтижесінде белгіленген мерзімде бірлескен мобильді топтар 107 рейд жүргізіп, 72 тұлға әкімшіліктік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде 64-і ескерту түрінде, 8-і жалпы сомасы 83 мың теңге көлеміндегі айыппұл төлейтін болды.
Мамандар 2024 жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша Ақмола облысында орман өрті тіркелмегенін жеткізді. Бұл өте жақсы көрсеткіш, өйткені, өткен жылдың осы кезеңінде 69 өрт тіркелген болатын.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.