Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әкімшіліктік соттардың құрылуына үш жыл толуына орай Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бауыржан Әлжанов баяндама жасап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Әкімшілік іс жүргізу кодексі күшіне еніп, мамандандырылған әкімшілік соттар жұмыс істей бастады.Қазақстанның әрбір азаматы күн сайын мемлекеттік органдармен немесе өкілеттік берілген басқа да органдармен жария-құқықтық қатынастарға түседі. Әкімшілік органдардың билікті жүзеге асыруына байланысты барлық дауларды қазіргі уақытта мамандандырылған әкімшілік соттар арқылы қарайды.
–Бүгінде соттар мүлдем жаңа принциптер бойынша жұмыс істейді. Басты жаңалықтардың бірі – соттың белсенділігі. Судьяға істі қарау кезінде белсенділік танытуға және сөз сөйлеуге – талап қоюшыға талап қоюға көмектесуге, өзінің алдын ала заңдық пікірін білдіруге, тиісті жауапкерді өз бетінше тартуға, өз бастамасы бойынша қосымша дәлелдемелерді жинауға мүмкіндік беріледі. Ақмола облысының әкімшілік сотына құрылған уақыттан бері 3158 талап арыз келіп түскен. Ең көп талап арыздар сот орындаушыларының әрекеттері бойынша – 32,7 пайыз, жер дауы бойынша – 18,5 пайыз, тұрғын үй дауы бойынша – 6,9 пайыз, салық даулары бойынша – 7,3 пайыз, мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар бойынша –5,6 пайызды құрайды. 2024 жылдың 6 айында талап арыздарды қанағаттандыру деңгейі 56,1 пайызды құрады. Бұл ретте оң динамика байқалады: 2021 жылы – 39,6 пайыз, 2022 жылы – 49,7 пайыз, 2023 жылы – 54,6 пайыз болған.Ағымдағы жылы даулардың 18,3 пайызы татуластыру рәсімдері арқылы шешілді. Талап арыздардың 26 пайыздан астамын талап қоюшылардың өздері кері қайтарып алды. Бұл негізінен іс сотпен шешілгенге дейін мемлекеттік органдардың өздерінің заң бұзушылықтарын жоюына байланысты.Дауларды қарау нәтижелері бойынша сот 213 жеке ұйғарым шығарды. Ең көп заң бұзушылықтар жер және тұрғын үй заңнамасы саласындағы жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ, сот орындаушыларының қызметінде анықталды, – дедіАқмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бауыржан Әлжанов.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің тағы бір жаңалығы – сот бақылауы, яғни, сот ісін жүргізуге талап қоюдан бастап сот шешімін орындауға дейінгі толық цикл кіреді. Сот шешімін орындамаған жағдайда сот ақшалай өндіріп алу түріндегі іс жүргізушілік мәжбүрлеу шараларын қолданады.Барлық жұмыс кезеңінде сот 8 933 845 теңге көлемінде 133 процестік мәжбүрлеу шарасын қолданды. Осыған орай, әр түрлі деңгейдегі әкімдерге, басқарма басшыларына және әртүрлі деңгейдегі сот орындаушыларына ең көп ақшалай айыппұлдар салынды.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.