Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тамақтан уланудың алдын алу мәселелері бойынша хабарлама жасап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет инфекциялық аурулардың деңгейін бақылап отырады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурудың өсімі байқалады. Десе де сақтық шаралары қажет-ақ.
–Жыл басынан бері жедел ішек инфекциясының 210 жағдайы тіркелді, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 есеге өсті. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 127 жағдай. Жедел ішек инфекцияларының негізгі себептері: жеке гигиена ережелерін сақтамау, үйде дайындалған өнімдерді, сүт өнімдерін, көкөністерді, жемістерді тұтыну. Ағымдағы жылдың 6 айында облыста сальмонеллезбен ауыратын 13 жағдай тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 6 жағдай, барлық ауру бір-бірімен байланысты емес. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге төмендеуі байқалады. Сонымен қатар, 46 жағдай тіркелген. Сальмонеллезбен сырқаттанудың негізгі көздері сүт өнімдері мен жұмыртқа 38,4 пайыз, басқа өнімдер 31 пайыз және тұрмыстық байланыс 15,3 пайыз болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, жедел ішек инфекциясының 50 пайыздан астамы сапасыз өнімдерді тұтынумен және жеке гигиена ережелерін сақтамаумен байланысты, – деді бас санитарлық дәрігер.
Жедел ішек аурулар тобының жалпы белгілері – іштің өтуі, жүректің айнуы, құсу және интоксикация. Дифференциалды диагноз негізінде соңғы диагноз қойылады.
Тамақтан улану – қоздырғыштармен немесе микробтық және микробтық емес сипаттағы токсиндермен ластанған тағамды жеу нәтижесінде пайда болатын жедел ауру. Ең үлкен қауіп топтық немесе жаппай тамақ улануынан туындайды.
Қандай тағамдар тағамдық улануды тудыруы мүмкін?Ең алдымен, бұл шикі немесе шала пісірілген жұмыртқалар. Сүт және сүт өнімдері, әсіресе, пастерленбеген сүт. Балық, теңіз өнімдері, улану негізінен шикі немесе шала пісірілген балықтан болады. Шикі немесе шала пісірілген ет, сондай-ақ, котлеттер, ветчина, бекон, салями және хот-догтарды қоса алғанда. Жұмсақ ірімшіктер (фета, бри және камберт, көк ірімшік және пастерленбеген ірімшік). Көкөністер мен жапырақты жасылдар, әсіресе, салат, шпинат, қырыққабат, балдыркөк және жеткілікті өңделмегенқызанақ.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметі инфекциялық аурулардың деңгейіне мониторинг жүргізіп отырады. Мамандар әсіресе, жаз мезгілінде өткір ішек инфекциясымен ауыратындардың көбейетінін айтады. Сондай-ақ, сапасыз азық-түлікті тұтынудан пайда болатынын естен шығармаған жөн. Сүт, көкөніс, жеміс-жидектерді қолданған кезде сақ болу керек. Жеке гигиенаны сақтау да аса маңызды. Азық-түлікті салқында сақтамау да кесірін тигізеді. Бүлінген азық-түлікті тамаққа пайдаланудың соңы ішек инфекциясына әкеліп соқтырады.
Тамақтан уланудың алдын алу үшін тек мерзімі көрсетілген тағамдарды ғана тұтынған абзал. Және оны ашық күйінде сақтамауға кеңес береді мамандар. Шикі жұмыртқаны қолданар алдында сыртын жуғыш ерітінділермен әбден жуып алған дұрыс. Жеке гигиенаны қатаң сақтауды да ескертеді.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.