Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының өкілдерімен кездесіп, Көкшетау қаласында ЖЭО салу жобасын іске асыру мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиын барысында облыс әкімі Көкшетау қаласын жылумен қамтамасыз ету стратегиялық маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтіп, нысанды белгіленген уақытта пайдалануға беру керектігін баса айтты. – Облыс орталығында ЖЭО құрылысын салубойыншаМемлекет басшысының тапсырмасын орындау мәселесіне зор көңіл бөлінуде. Біз бар күш-жігерімізді салып, жобаны уәде етілген мерзімде іске асыруымыз керек, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Кеңесте «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жобалық жұмыстардың басталғанын тілге тиек етіп, алдағы жоспарлар туралы хабардар етті. Айта кетуіміз керек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына орай, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы ЖЭО құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жаңарту рәсімі басталып, «Көкшетау ЖЭО» серіктестігі құрылды. Сондай-ақ, «ИНТЕР РАО-Экспорт» жауапкершілігі шектеулі қоғамымен жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісімшарт жасасу келісу сатысында, жер учаскесін бөлу және бастапқы деректерді жинау мәселесі де пысықталуда.
Дайындық жұмыстары, атап айтқанда аумақты қоршауды, кірме жолдарды салуды, инженерлік ізденістерді биылғы жылдың үшінші тоқсанында бастау жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында Көкшетау қаласында жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісім жасалған болатын. Қызметті үйлестіру екі елдің Энергетика министрлігіне жүктелген. Уәкілетті ұйымдар «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен «ИНТЕР РАО – Экспорт» жауапкершілігі шектеулі қоғамы болып белгіленді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.