Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Семсер сертті хан Кененің өлмес рухы - АРҚА АЖАРЫ

Семсер сертті хан Кененің өлмес рухы

Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма жайлы бір ауыз сөз. «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогия.
Авторы – Әділбек Ыбырайымұлы.

Киелі қазақ әдебиеті соңғы жылдары біраз тарихи шығармалармен толыға түскені бар. Бұл үрдіс қазақ елі тәуелсіздік алған сәттен жанданып, халықтың жадында ғана сақталып, көмескілеу тарта бастаған тарих сырлары қағазға түсіріліп, кітап болып қалың оқырманның қолына тие де бастады.

Қазақ елі әлемдегі өркениетті елдердің қатарында тұруы үшін ең әуелі түгендеп алатын екі құнды дүниесі бар, біреуі – Тіл, екіншісі – Тарих!

Сол бір түгенделіп қалған құнды тарихи дүниенің бірі жазушы Әділбек Ыбырайымұлының үш кітаптан тұратын «Семсер жүзіндегі серт» романы деуге әбден болар еді. Автор кітабының шекесіне «Бұл еңбегімді қаһарман қазақ халқына арнаймын» деген бір ауыз лебізін қалдырыпты.

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының даңқты да қасіретті өмірі… өз халқының азат болашағы үшін өз басын құрбандыққа шалған тағдыры, ерлігі мен жанкешті ғұмыры қандай заманалар болса да ел есінен бір шығып көрген емес.

«Арқада Бурабайда жер жетпейді, қазақта Кенекеме ер жетпейді» деп ет жүрегі қақ айырыла жырлаған Мағжан ақын, «Хан Кене» драмалық шығармасын жазған Мұхтар Әуезов, сонан соң хан Кененің өмірі мен ерлік жолын зерттеген тарихшы Ермұхан Бекмаханов пен әдебиетші Есмағанбет Ысмайыловтардың ұлтшыл рухына сүйінесің. Осы көзсіз батырлыққа барған алыптардың бірде-бірін кеңестік жүйе кешіре алмады… Айдалды… атылды… абақтыға қамалды…

Саясаттың сол салқыны ұрған кезеңдерде хан Кененің өмірі мен ерлігі және өз халқының азаттығы үшін күресінің жанкешті кезеңдері толық зерттелмей де, жабулы қазан қалпы айтылмай да қалғаны анық еді. Өйткені, кезінде Кенесары ханның атын атағандар да, қазақтың соңғы ханының ерлігі мен азаттық үшін арпалысын зерттеген де, жазған да не бір ғалымдар мен зерттеушілердің қуғындалғаны да болды.

Қилы-қилы тағдыры бар халқымыздың тарихының ең бір қиын да, ең бір қанкешті де жанкешті кезеңдері Кенесары ханмен байланысты болса, сол тағдырлы тарихтың шиеленіскен күрделі тұстарын жазушы Әділбек Ыбырайымұлы өз «Семсер жүзіндегі серт»  романымен толықтыра түскені қуантты. Және де осы шығарманың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырғандығы да әбден орынды екендігін атап көрсеткенді жөн санадық.

Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы «Семсер жүзіндегі серт» атты үш кітабымен хан Кененің аманатын бүгінгі және келер ұрпаққа мәңгілік ерлік пен мәңгілік өсиет ретінде жеткізе отырып, әлі де болса көркем әдебиетте толыққанды шынайы кескіні жасалмай келе жатқан тарихи ұлы тұлғаның кесек образын жасай білгендігі ерекше назар аудартар еді.

«Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясының құрылымы мен мазмұны күрделі екендігін әдебиет зерттеушілері орынды айтып келеді. Өйткені, күрделі кезеңнің өте күрделі тарихының ақиқаты бар, аңызы бар дегендей соларды тірнектеп жинау, одан қалды тереңінен ой толғап, зерделеуі бар және де сол аралықтағы ойға түйген дүниелерді көркем әдеби шығармаға айналдырудың бар азабын осы жолдан өткен жазушы Әділбектің бір өзі ғана білері аян.

Осы арада айтатын бір ғана ақиқат бар, ол жазушының Кенесары ханның әдебиеттегі толыққанды образын жасау үшін жалықпай ізденгендігі дер едік. Және де сол мол ізденістің нәтижесіндей автор тарихи деректерді сол кезеңнің оқиғаларымен қанықтыра отырып, көркем тілмен кең тынысты, кең аңғарлы роман-трилогияны дүниеге әкелді.

Қазақ халқының қасіретті тарихының үш ғасырдан астам кезеңін қамтитын «Семсер жүзіндегі серт» арқылы бүгінгі оқырман трилогияның бірінші кітабы «Арланның азуы», екінші кітабы «Серт» және үшінші кітабы «Рух» арқылы Кенесары ерлігінен рух алып, тұтас бір хандық дәуірінің шежірелі беттерінен тың деректер табар еді. Және де жазушының әр оқиғаны көркем тілмен суреттей білуінің арқасында трилогиядағы әр оқиғалы көріністер әсерленген күйде есте сақталып қалатыны – шығарманың өзіндік ерекшелігі.

«Абылай ханның немересі Кенесары сұлтан семсердің жүзін сүйіп, серт етіп, әкесінің аманатымен атқа қонды» деген бірінші кітап пен  «Кенені өлтіріп тастаңдар» деген Орманбеттің пәрменімен бас уәзір Жантай қазақтың ханы Кенесарыны қалың нөпір қара тобырдың алдына айдап әкеледі. Қолы байлаулы хан жиналған халыққа қарады, алыста самарқау жатқан тауларға көз сүзді. Айналасын түгел шолып шығып, қоңыр даусымен әуендете жөнелді. Оның қайсарлық пен асқар рухқа толы үні төңіректі тұтас күңірентіп әкетті. Осы қоштасу әнінде қазақ халқына, болашақ ұрпағына айтқан аманаты жатыр еді.

Аман болса ұрпағым,
Тартпай қоймас тегіне.
Азаттық үшін алысып,
Жетпей қоймас сертіне!

Қазақты осал жан деме,
Қайтып бір шаппай тұра алмас!
Құласа-дағы Хан Кене,
Қазақтың туы құламас! –

дейді. Тастай тағы қырғыздар бір сәт демдерін ішіне тартып, сілтідей тынып қалған.

–  Жанымды ауыртпай, қолының дағдысы бар біреу дәті жетсе өз қылышыммен шапсын, – дейді хан. – Бірақ сендер астымдағы атымнан, қойнымдағы қатыннан, алдымдағы асымнан, иығымдағы басымнан айырсаңдар да, бойымдағы қазақ деген рухтан айыра алмайсыңдар! Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады! – дейді. Осы ажал аузында тұрғандағы сөзі ертеңге айтылған аманат әрі өзі қарсы күресіп өткен – басын шаптырып тұрған патшалық империяға ескерту еді.

Ханның басын шабамын деп, ең алғаш қолын көтерген қырғыз сол сәтінде алдаспанды сермеген қалпы сіресіп қалды. Оның бұл қасарысқан халін «сескеніп, тайынғанға» жорыған жанында тұрған бір арсалаң: «Әкеші бері, қылышты!–деп алдаспанды жалма-жан жұлып алып, Кене ханның қылша мойнына салып жіберді. Кене ханның басы шоршып жерге түсті, шапқан батырдың өзі де сылқ етіп құлай берді» деген екінші кітаптағы жаның түршігер қасірет аралығындағы  уақыт кеңістігінде қазақ деген халықтың күні бүгінге шейін Тәуелсіздік алған кезеңге дейінгі азат басы үшін күресінің толассыз жүріп келгендігін «Рух» атты үшінші кітапта жазушы Әділбек Ыбырайымұлы тарихи оқиғалармен, сол тұстағы адамдардың тағдырлары арқылы нанымды етіп айта білген. Қалың жауы мен дұшпандарының алдында хан Кене ажал алдындағы ақтық сәтте қылша мойны семсердің жүзінде тұрғанда серт етіп, орындалмаған арманын ұрпағына аманат етуі – жалаң сөз болып қалмады. Ата-бабадан келе жатқан асыл мұратты ту еткен Кенесарының ұлдары атқа қонды. Ендігі халықтық майданды ұлы Сыздық сұлтан жалғастырды. Мұнда да отаршыл орысияның басқыншы әрекетіне қарсы кескілескен сүргін соғыс суреттеледі. Ата-баба аманаты мен перзент парызы, қазақ халқының қаһармандығы баяндалады.

Өмірден өтер алдындағы хан Кененің Тәуелсіздік жөніндегі ұрпағына қалдырған аманаты – Азаттықтың ақ туына айналды, сөнбес алауға ұласты. Оның «ұрпағыма аманат» дегендегі «ұрпақ» өз кіндігінен өрген үрім-бұтағы ғана емес, ұлы қазақ халқының келешек кемел ұрпағы еді. Сол Аманат, Кие, Серт, Рух бізді асқақ биіктерге алып келе жатыр.

«Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясын оқи отырып, халқымыздың азапты тағдырына жаның ауырады, өткелектің бәрінен өткен қайсарлығына рухтанасың.

Жазушы өзінің осы еңбегінде хан Кененің сертке байланған өр тағдырын, қасіретті тағдырын бүгінгі заманның күрескер рухымен байланыстыра сөйлеуі терең ой мен болашаққа көз тіккен сенімнің серті болса керек-ті. Не де болса, қазақ әдебиеті талантты кесек трилогиямен толыққаны анық.

«Семсер жүзіндегі серт» сөз жоқ Мемлекеттік сыйлыққа лайықты туынды!

 Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар