Қазақстан Республикасының Президенті Қасым–Жомарт Тоқаев Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел спортшыларының ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы есеп берілді. Сондай-ақ, лицензиялық турнирлердің қорытындысы жөнінде баяндалды.
Министрдің айтуынша, төрт жылдықтың басты додасына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген. Парижде барлығы 80 спортшы ел намысын қорғайды.
– Ермек Маржықпаев ұлттық құраманың Олимпиадаға дейінгі оқу-жаттығу жиындары мен спортшыларды қолдау шаралары туралы айтты. Сонымен қатар, спортты басқару институттарын жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебін берді, – делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекет басшысы Олимпиада ойындарының спортшыларымызға зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы әлем алдында мәдениетті, ұстамды әрі озық үлгілерімен ерекшеленуге тиіс екеніне назар аударды.