2024 жылдың 26 шілдесінде Францияның астанасы Париж қаласында ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Олимпиада Сена өзенінде бұрын-соңды болмаған көрініспен басталады деп күтілуде. Ұйымдастырушылар бұл Олимпиаданы басқаларға ұқсамайтындай етіп жасауға уәде берген-ді. Оның алдыңғы Олимпиадалардан айырмашылығы сол, ашылу салтанаты стадионда өтпейді. Есесіне ондаған қайық мыңдаған спортшы мен өнерпазды Сена өзеніндегі 6 шақырымдық жолмен алып жүреді. Парадқа спортшылармен бірге өнер адамдары да қатысады. Салтанатты шара шамамен төрт сағатқа созылады. Ұйымдастырушылар ашылу шоуының күн батқанда, яғни, кешкі сағат 21.35-тің шамасында шарықтау шегіне жететінін айтып отыр. Оған 100-ден астам мемлекет пен үкімет басшылары қатысады және оны 300 мыңнан астам көрермен өзен жағасынан тамашалайды. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар жол бойында 80-ге жуық алып экран орнатылатынын хабарлады.
Париж-2024 комитеті Жазғы ойындарға шамамен 10500 спортшы келетінін және шамамен 222 мың адам тегін шақыру алғанын, ал, 104 мың билетті сатып алу қажеттігін мәлімдеді. Спортшыларды тасымалдайтын қайықтар теледидардан немесе телефоннан көріп отырғандарға жақыннан көріну үшін арнайы камералармен жабдықталады.
Бұл жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 80 спортшы қатысады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілде күні жазғы Олимпиадаға баратын ұлттық құрама спортшыларымен кездесіп, оларға ақ жол тіледі және Мемлекеттік Туды табыс етті.
Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Парижде өтетін Жазғы Олимпиадаға Ақмола облысынан 2 спортшы қатысады. Олар боксшы Карина Ибрагимова мен велотрекші Андрей Чугай.
Карина Париж-2024 жазғы Олимпиадасына бокстан алғашқы жолдаманы Қытай шаһары Ханчжоуда өткен Азия ойындарында жеңіп алған болатын. Ол бокстан еңбек сіңірген спорт шебері. Әлем чемпионатының күміс және екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы, сондай-ақ, Азия ойындарының күміс жүлдегері. Олимпиада ойындарының бағдарламасында әйелдер арасында бокстан 57 келі салмақ дәрежесінде сынға түседі.
Ал, Андрей Чугай Санкт-Петербургте велотректен ұлттар кубогы сарапқа салынған кезде әлемдік рейтингтегі алғашқы ұпайына қол жеткізген болатын. Бұл нәтиже 2024 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу барысында шешуші рөл атқарды. Андрей велотректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жеткіншектер арасында Азия чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ересектер арасында қос дүркін Азия чемпионы.
Париж Олимпиадасы салтанатында Қазақстанның Туын алып шығу құрметі боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға көрсетіліп отыр.
Асланбек Шымбергенов – бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны, 2023 жылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионы. Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысады.
Ольга Сафронова 2017 жылы Азия чемпионатында және 2014 жылы Азия ойындарында жеңіске жеткен. Бұған дейін үш жазғы Олимпиадада бақ сынаған.
ХХХІІІ жазғы Олимпиадада жеңіс тұғырына көтерілетін спортшыларымызға тігілген жүлде қоры сол бұрынғы күйінде қалып отыр. Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына 250 мың АҚШ доллары табыс етіледі. Күміс жүлде үшін мемлекет тарапынан 150 мың, ал, қола жүлдеге 75 мың АҚШ доллары төленеді. Бұған қосымша, алғашқы бестіктен көрінген спортшыларға да тиісті жүлде қоры бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.