Жуырда аудандық «Ақбидай-2024» ХХХІІІ жазғы спартакиадасының финалдық жарыстарының жабылу салтанаты болып өтті.
Ауқымды шараға 14 ауылдық округ пен Есіл қаласынан бес жүзден астам спортшы қатысты. Жазғы спартакиада спорттың 9 түрінен, яғни жарыс бағдарламасына футбол, волейбол (ерлер және әйелдер), жеңіл атлетика, шахмат, дойбы, үстел теннисі, стритбол кірді.
Екі ай бойы алдын ала спорттың осы түрлерінен іріктеу жарыстары өтті. Спорт мерекесінің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Асқарбек Мақсұмхан қатысып, сөз сөйледі.
–Бүгінгі таңда салауатты өмір салтын насихаттау мен қолдаудың, бұқаралық спорттың қолжетімді болуының маңызы зор. Өңірімізде спортты дамытуға қажетті жағдай жасалуда. Спорт инфрақұрылымының кеңеюінің арқасында салауатты өмір салтын насихаттаушылар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде ауданымыздың әрбір үшінші тұрғыны дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады. Спорт инфрақұрылымын салу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Спорт инфрақұрылымын дамытуға жеке кәсіпкерлердің де қосқан үлестері зор, – деді ол.
Барлық жарыстардың қорытындысы бойынша бірінші орынды Заречный ауылдық округінің командасы иеленді. Екінші орын Красивое ауылының командасына бұйырды. Ал, үшінші орынды Свободный ауылдық округінің командасы жеңіп алды.
Барлық жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Есіл ауданы.