«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақмола облысының ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөлініп келеді.
Бұл оқушы балаларға заманауи жағдайда білім алуға зор мүмкіндік. Бір ғана мысал, осы бағдарлама аясында Астрахан ауданына қарасты Старый Колутон ауылының жалпы білім беретін мектебіне қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл мектеп 1963 жылы салынған екен. Осы уақытқа дейін тек кішігірім жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп келсе керек. Аудандық білім бөлімінің басшысы Полина Барахоеваның айтуынша, бұл екі жылдық жоба.
– Қазіргі таңда шатыр, кіреберіс, қоршаулар жөнделіп, ескі терезелер жаңа пластикалық терезелерге ауыстырылды. Жертөле жөнделіп, қасбеттік жұмыстар жүргізілді. Ғимарат қабырғалары нығайтылып, металл есіктер орнатылды. Енді біздегі ауыл балалары қалалық оқушылармен қатар заманауи мектепте білім алатын болады, – деп атап өтті өз сөзінде.
Оның айтуынша, мектеп жанындағы хоккей алаңы да жаңартылған. Енді құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынуда. Сонымен қатар, сумен жабдықтау және кәріз жүйесін қалпына келтіру, жылыту және желдету, өрт дабылы құрылғыларын орнату, бір сөзбен айтқанда, электротехникалық бөлік бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, ғимарат қабырғаларын ішкі әрлеу, есіктерді ауыстыру, бірінші және екінші қабаттың еденін, баспалдақты жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы мектеп жаңа оқу жылында ине-жіптен жаңа шыққандай келбетімен қуантпақшы.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астрахан ауданы.