Өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбалары бар

Ерке Есілді бойлай, тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күре тамырында бой көтерген Астана еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес, сонымен қатар, халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айналған. Көкшетау қаласы астаналық облыс орталығы болғандықтан бұл мәдениет саласының дамуына тың серпін, жаңа бағыт беріп, қоғамдық сананың қалыптасуына игі ықпалын тигізуде.

Ақмола-Көкшетау өңірі ежелден өнерпаздарға кенде болған емес. Өнеркеруені ұлылар салған сара да, дара жолмен жалғасып келеді. Күні бүгін өнер аспаны жарқырай жанған жұлдыздарға толы. Бізбүгінгі мақаламызда өңір мәдениетін өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген бірнеше үздік шығармашылық ұжымдар туралы баяндауды жөн көрдік. Алдымен, мақтанышпен тілге тиек етер ұжымның бірі – Қосшы қаласында құрылған «Qosshy etno-group» ансамблі.  Құрамында 6 өнерпаз бар. Қазақтың саз аспаптарын зерттеуші, кәсіби музыкант Азамат Бақияның бастауымен бұл ансамбль xалқымыздың тариxымен бірге жасасып келе жатқан ән-күйлеріміз бен ұлттық  аспаптарымызды насихаттау, олардың түрлерін дамыту, тарату, көне сарындарды қайта жаңғырту мақсатында құрылған. Ансамбль халықаралық, республикалық іс-шараларда жоғары деңгейде өнер көрсетуде. Қазақ халқының ұмыт болған көне үрлемелі аспаптарының бірі желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық, үскірік, құссайрауық, шыңырау, қоссаз, қосуілдек аспаптарын зерттеп, қайта жаңғыртып, қолданысқа енгізді.            Ерекше екпін түсіре атап өтерлік жайт, Астана іргесінде бой көтерген Қосшы қаласы өнерге бай өлке екендігін аңғартуда. Бұл қаланы өнер өлкесінде бұрын-соңды болмаған, өнерімен таң қалдырып тәнті еткен таланттар шоғыры десек артық етпейді. Дәл осындай өнерпаздар қатарына біз жоғарыда  тілге тиек еткен «Qosshy etno-group» ансамблін айтар едік.  Қосшы қаласында тағы бір ерекше атап өтер ұжымның бірі  – «Мұра» атты вокалды-инструменталды ансамбль. «Мұра» вокалды-аспаптық ансамблі – бүгінде Қазақстан Республикасы «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының» әнұранын орындаушылар. Оларды Қазақстан Республикасы мемлекеттік арналарының «Qazaqstan», «Хабар», тағы басқа тележобаларынан жиі көруге болады. «Мұра» вокалды-аспаптық тобы – қазақ халқының баға жетпес, таптырмас дәстүрлі әндерін орындайды. Көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттарынан құралған топ музыкалық және стильдік бағыттарымен, ерекше орындау мәнерімен және тамаша репертуарымен таң қалдырады.

Қосшыдағы көрермен көзайымына айналған тағы бір өнер ұжымы бар. Ол әрине,«Замандастар»  ардагерлер  хоры. 2018 жылдың қазан айында құрылған хордың жетекшісі – Валентина Шаймерденова. Хор қатысушылары еліміздің гүлденіп, көркеюіне өз үлесін қосқан еңбек ардагерлері, олар ата-бабамыздан аманат болған дәстүрлі әндерді халыққа паш етіп жүргенаналар. Бұл кісілердің өмір тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жаңа қаланың қалыптасуы мен дамуына,келешек ұрпақтарымыз үшін зор ықпал етеді. Бүгінде құрамында 58 бен 82 жас аралығындағы 25 ардагері бар шығармашылық ұжым хор өнерін дәріптеп, халық арасындағы талантты адамдардың танымал болуына мұрындық болып келеді. «Замандас» ардагерлер хоры республикалық және қалалық байқауларға белсене қатысып, өнер биігінен көрінуде. Өресі биік, өнері үстем ақ жаулықты аналарымыздың өнер өлкесінде қолжеткізген марапаттарына тоқталып өтсек, 2021 жылы Ақтөбеде Р.Бағланованың 100 жылдығына орай өткізілген сайыста Бас жүлде иегері атанып,ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне шақырту алып, Құрмет грамотасымен, арнайы сыйлықтармен марапатталды.2022 жылдың 25 маусымында Алматы қаласында «Өнерлі елдің өресі биік» атты республикалық байқауда тағы да Басжүлде иегері атанды. Астанада өткен «Italian Grand Festival»байқауында да Бас жүлдені қанжығасына байлады. 2022 жылдың 28 шілдесіндеәр таң сайын «Қазақстан» Ұлттық арнасының шымылдығын ашатын «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасына шақырылды.

Біз жоғарыда санамалап өткен байқаулар «Замандастар» ардагерлер хорының қолжеткізген жетістіктерінің бір парасы ғана. Жалғанда жан баласы өз өнегесімен үлгібола білсе ғажап емес пе?! Ардагерлер хорының құрамындағы аналарымыз өнер өлкесінде ғана емес, өздерінің өнегелі өмірлерімен де жас ұрпаққа үлгі болар асыл жандар.  Міне, осындай ғұмыры ғирбат, өнері өнеге жандарды қалай ғана мақтан тұтпасқа?!

Осындай тағы бір мақтаулы ұжымның бірі Зеренді ауданында бар.  «Арқа әуені»  деп аталатын фольклорлық  ансамбль 2012 жылы Алмат Жаңбырбайұлы Әмірғазиннің бастауымен құрылған болатын. 2019 жылы «Халықтық» атағына ие болды. 2015 жылдың мамыр айынан бастап фольклорлық ансамбльге Талғат Мағзұмұлы Ибраев жетекшілік   етуде.

Ансамбль аудандық, облыстық мәдени іс-шараларға  белсенді түрде атсалысып, кәсіби шеберліктерімен тәнті етуде. Ансамбльдің    репертуарында     қазақ    халық   әндері, Қазақстан   композиторлары мен әуесқой   композиторлардың  ән-күйлері  және  басқа да   ұлттардың әндері  бар. 2019 жылы Бурабай ауданында өткен «Kokshetau folkfest» «Достық керуені» аймақаралық фольклор фестивалінде үздік өнер көрсетіп, дипломант атанды. Сондай-ақ, 2021 жылы тамыз айында Бурабай ауданында өткен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған аймақтық «Көнеден жеткен күмбір» атты фестивальде үздік өнер көрсеткені үшін арнайы дипломмен марапатталды. 2021 жылдың мамыр айында Бурабай ауданында өткен мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына-2021» фестивалінде үздік өнер көрсетті. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауының гала концертіне қатысты. Ансамбль құрамында бас домбыра, қыл-қобыз, сазсырнай, шертер, шаңқобыз, домбыра, тоқылдақ, дауылпаз, сылдырмақ, баян, аккордеон,  жетіген аспаптарында ойнайтын өнерпаздар бар.

Егіндікөл ауданындағы «Сазды әуен» фольклорлық ансамблі де ұлттық мәдениетке үлес қосып жүрген мақтаулы ұжымдардың бірі. Өнер ұжымы 2010 жылы Егіндікөл аудандық мәдениет үйі жанынан құрылды. Ансамбль жетекшісі көптеген облыстық, аймақтық, республикалық және халықаралық байқау фестивальдердің лауреаты, әуесқой ақын, сазгер, дәстүрлі әнші Аманкелді Райханұлы.

Ансамблдің алғашқы құрамында сол кезде Егіндікөл ауданына «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша келген өнерлі жастар Олжас Садыбеков, Алина Ысқақова, Айнұр Арейхан, Аян Кемалов, Қуаныш Досжанов, Алтынгүл Мұрат және жергілікті өнерпаздар Қайрат Нұрдәулетов, Самал Мусина, Лаура Иблиямовалар болды.

Ансамбль аудандық мәдениет үйіне қызметпен келіп-кететін өнерпаздарға байланысты құрамы әр кезде жаңартылып тұрады. Күні бүгінге дейін аталмыш ансамбль аудандық және облыстық мәдени іс-шараларға белсене атсалысып, өз үлестерін қосып, өнерлерін шыңдап келеді. Ансамбль құрылған уақыттан күні бүгінге дейін облыстық көркемөнерпаздар байқауының жыл сайын лауреаты атанып келеді.

Белгілі композитор Кенжебек Күмісбековтің 85 жылдығына орай өткізілген «Ән күйден жаратылған дара тұлға» атты облыстық музыкалық фестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алып, Шәмші Қалдаяқов әндерін орындаушылардың «Ән аға, Шәмші аға» атты облыстық байқауына қатысып, авторлық «Жаңа ән» номинациясы бойынша лауреат атанған.

Ансамбль репертуарында халық әндері мен халық композиторларының әндері, кеңестік дәуір кезеңіндегі қазақ композиторларының әндері және қазіргі композиторлардың әндері кеңінен орын алған. Ансамбль ұлттық музыкалық аспаптарды ойнай отырып, әндердіекі немесе үш дауыста орындайды.

Сахна ажарын ашып, би биігінен көрініп жүрген үздік ұжымдар қатарына  Ерейментау ауданының «Жастар» халықтық би ансамблін қоссақ, әбден лайық. Құрамында 6 жастан 16 жасқа дейінгі 60-тан астам бала бар. Болашағынан зор үміт күттіретін би ұжымы бірнеше мәрте облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанған.  2023 жылы «Би рух тынысы» хореографиялық фестивалінің «Ең үздік би ұжымы» дипломымен марапатталған. Өткен жылы Астана қаласында «Қазақстан таланттары» халықаралық байқауында Бас жүлдені жеңіп алды.

Степногорск қаласындағы хореограф Шамшуар Серікқызы жетекшілік ететін «Қазына» би ансамблі де қалалық, облыстық халық шығармашылығы фестивальдерінің лауреаты атанып, би биігін бағындыруда. Бір ғана мысал, «Би дауысы» республикалық хореографиялық байқауында жүлделі 1-ші орын иегері атанса, Бурабайда өткен «Өнерлі өрге жүзер» облыстық өнер байқауында «Үздік хореографиялық ұжым» номинациясының иегері болып, абырой биігінен көрінді.

Біз бүгінгі мақаламызда соңғы жылдары Ақмола облысының өнер сахнасында өзіндік стиль, қайталанбас қолтаңба қалдырып, көрермен көзайымына айналған өнер ұжымдары туралы қысқаша ақпарат беріп отырмыз. Осы орайда, Ақмола облысының абыройын аспандатып, өз мерейлерін асырып жүрген талғамы биік, талабы зор, тума талант иелеріне алғыс айтамыз. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, дәйім!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар