Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрбек Хабиев ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында мекеменің атқарған жұмыс қорытындыларын баяндады.
–2024 жылдың бірінші жартыжылдығында департамент өңірдің 191 субъектісіне мемлекеттік бақылау жүргізіліп, олардың 79 пайызында бұзушылықтар анықталды. Салынған әкімшілік айыппұлдар сомасы 5 миллион теңгеден асты. Бақылау іс-шараларының саны 2023 жылмен салыстырғанда 6,8 есеге өсті. Бұл көрсеткіштердің өсу қарқыны азаматтардың тұтыну мәдениетінің өскенін аңғартады. Яғни, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде күнделікті жарияланып жатқан ақпараттық үгіт-насихат материалдары халыққа оң септігін тигізсе, басқа да мемлекеттік органдармен, оның ішінде құқық қорғау блогымен өзара іс-қимылдар да нәтижесін беруде, – деді Нұрбек Ермекұлы.
Жалпы, биылғы алғашқы жартыжылдықта мемлекеттік бақылауға сауда, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, ветеринариялық қызмет сияқты салалардың субъектілері алыныпты. Бұл өз кезегінде облыстың ірі кәсіпорындары, мысалы Көкшетау қаласы әкімдігі жанындағы «Көкшетау Жылу», «Көкше-ЭНЕРГО» кәсіпорындары, «ҚазАвиаСпас» акционерлік қоғамының филиалы, облыстық ветеринариялық зертхана, базарлардағы ветеринарлық қызметтің сараптамалық зертханалары және басқа да бірқатар компаниялар екен.
Техникалық реттеу саласында 19 бақылау іс-шарасы өткізіліп, оның 15-інде бұзушылықтар анықталған. Бір мысал келтірсек, Щучинск қаласындағы «Автолюкс» ірі сауда желілерінің бірінде өткен жоспардан тыс тексеруде Ресейде өндірілген салқындатқыш сұйықтығы сапа куәлігінсіз сатылған болып шықты. Сөйтіп, жедел әрекет ету бойынша тиісті шаралар қабылданды. Департаменттің тағы бір маңызды қызметі – берілген сәйкестікті растау бойынша құжаттар тізіліміне мониторинг жүргізу. Қазіргі уақытта департаменттің бастамасымен Комитет сәйкестік туралы 12 құжаттың күшін жойып, 37 құжатты тексеруге жіберіпті.
–Ал, метрологиялық бақылаумен облыстың 91 субъектісі қамтылды. Бақылау іс-шараларының нәтижесінде 602 өлшеу құралын қолдануға тыйым салынды және тексеру туралы 33 сертификаттың күші жойылды. Сондай-ақ, технологиялық процестерде өлшеу құралдары негізгі рөл атқаратын ірі өнеркәсіптік нысандар да тексерілді, –деді департамент басшысы.
Брифингте баяндамашы сәйкестікті бағалау бойынша аккредиттеу саласындағы жұмыстардың нәтижелеріне де тоқталды. Ол барлық субъектілерде орын алған бұзушылықтардың сипаты іс жүзінде бірдей екендігін, бұл жағдай бағалау немесе тексеру ережелерін сақтамаудың, әдістемелерді қолдану және аккредиттеу саласынан тыс жерде жұмыстар жүргізудің нәтижесінде орын алатындығын жеткізді. Бұл ретте, 15 бақылау іс-шарасының 14-інен бұзушылық анықталған.
–Мысал ретінде Көкшетау қаласында орналасқан сертификаттау орындарының бірінде болған тексеру нәтижелерін айтып өткім келеді. Балық өнімдерінің қауіпсіздік көрсеткіштеріне сәйкестікті бағалау рәсімінде бұзушылықтар анықталған, яғни, бағалау ережелерін бұзып, сәйкестікті растау құжаты берілген. Оларға белгілі бір сомада айыппұл салынды, –деп департамент басшысы ендігі сөзін зергерлік бұйымдар нарығы бойынша жалғастырды. – Біз білетіндей, реттелмеген зергерлік нарық азаматтардың құқықтарына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Департаменттің профилактикалық іс-шараларының нәтижелері бойынша таңбалау рәсімі 26 мыңнан астам бұйымға қатысты жүргізілді. Осы бағыттағы жұмыс тұрақты негізде өткізіліп тұрады.
Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды, мәселе сатылатын өнімдер, көрсетілетін қызметтерге тірелгенде, тексерілген кез-келген салада кемшіліктер орын алып отырған жайы бар. Сондықтан, аталмыш департаментке өз бақылау шараларын қазіргіден де жандандыра түссе артық етпес еді.
Ы.ШАМШИЕВА.