Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында өтеді.
Бұл туралы күні кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Балташева өз баяндамасында атап өтті. Сонымен қатар, Айнагүл Қыдырбайқызы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы туралы да егжей-тегжейлі баяндап берді. Алдымен аталмыш акцияның басты мақсатына тоқталып өтер болсақ, бұл ең әуелі аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты материалдық көмек көрсету болып табылады. Аталған іс-шараны іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі «Мектепке жол» республикалық акциясын өткізу тұжырымдамасын әзірледі. Осы тұжырымдама бойынша акцияның екі негізгі ұйымдастырушылық-гуманитарлық және ақпараттық-үгіт-насихат бағыты бар.
–Ұйымдастырушылық-гуманитарлық бағытқа акцияны өткізу бойынша ұйымдастыру комитеттерін құру, мектеп жасындағы балаларды оқытумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша білім беру бөлімдерінің мамандары үшін кеңестер, рейдтер, қайырымдылық акциялары мен мектеп жәрмеңкелерін өткізу, мектеп формасының құнына мониторинг жүргізіп, елді мекендерге барып, мектеп тауарларының жәрмеңкелерін ұйымдастыру және тағы басқа жұмыстар кіреді. Ал, ақпараттық-үгіт бағытына халықты ақпараттандыру, сондай-ақ, акцияға қатысуға әлеуетті демеушілерді тарту мақсатында акцияны өткізу туралы кең ауқымды PR-науқанды ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарында теле және радиосюжеттер, жүгіртпе жол, баспа мақалаларын ұйымдастыру, ақпараттық бұрыштар, баннерлер, плакаттар орнату, парақшалар, буклеттер тарату, жалпы, «Мектепке жол» республикалық акциясын өткізуге дайындық барысын жариялау, ірі өндірістік компанияларға, шағын және орта бизнес ұйымдарына осы науқанға қатысу туралы үндеу жолдау және осыған байланысты тағы басқа да жұмыстар жатады, – дейді Айнагүл Қыдырбайқызы.
Атап өтерлігі, өткен 2023 жылы «Мектепке жол» акциясы бойынша 20 мыңнан астам ақмолалық оқушылар 746,9 миллион теңгенің материалдық көмегіне ие болды. Жиын барысында жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатқандығы баса айтылды. – Облыста білім берудің барлық деңгейлері бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 38 мыңға жуық тәрбиеленушісі бар 596 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 3-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 100 пайызды, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың қамтылуы 92,3 пайызды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары санатынан 9153 бала облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында тегін тамақтанады, осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. 42 мектепке 7,9 миллиард теңге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда барлық нысандар бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігерлік ұйымдар анықталды. 42 жобаның ішінен 2 нысан бойынша жұмыстар аяқталды. 40 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Айнагүл Балташева.
Сондай-ақ, 485 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 826,4 миллион теңге бөлініпті. Ағымдағы жылы 1740 орындық 5 мектептің құрылысын аяқтау және Көкшетау жоғары техникалық колледжі мен Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің әрқайсысында 300 орындық үш студенттік жатақханасының құрылысын аяқтау жоспарланған.
Брифинг соңында журналистер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауаптар ала алды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.