Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Спорт мектебі алып күш иесі Қажымұқан атында, бірақ, күрес түрлерінен ештеңе жоқ... - АРҚА АЖАРЫ

Спорт мектебі алып күш иесі Қажымұқан атында, бірақ, күрес түрлерінен ештеңе жоқ…

Қажымұқан Мұңайтпасов қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, алып күштің иесі әрі күрестің бірнеше түрін меңгерген әлем чемпионы. Ол француз күресі бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы қазақ. Атағы әлемді шарлаған балуанның алып күші мен елін сүйген кең жүрегі жайлы жазылған туындылар жетерлік.  «Бірақ, оның рухын өшпестей етіп, жас ұрпақтың санасына сіңіріп, соларға бабаларының дара тұлға болғанын үлгі ететін насихат жұмыстары кемшін түсіп жатыр» дейді редакциямызға келген балуанның шөбересі Айкен Мұханова.

Ендеше, осы айтылғанды біз де елеусіз қалдырмай, балуанның шөбересіне сөз берейік.

–Редакцияға көптен бері келемін деп, бүгін сәті түсіп отыр. Қажымұқан атаның шөбересі едім. Омбыда туып, өскенмін. Қазақстанға көшіп келгеніме 30 жылдан асты. Қажымұқан бабамды танитын заты қазақ 7 сәуір оның туған күні екенін жақсы біледі. Жылда осы күнге орай,шамамен 15 жыл бұрын облыс орталығы Көкшетау қаласының Абай көшесінің бойында атамның портретін іліп, насихаттап, жас ұрпаққа оның ерен палуандылығын, алып күш иесі болғандығын үлгі-өнеге ететін. Қазір байқап отырсақ, насихат жұмыстары бұрынғыдай жүргізілмейді. Жыл сайын атамның туған күні болғанда, қалалық ішкі саясат бөлімінің есігін қағамын. «Атап өтпесеңіздер де, тым болмағанда Қажымұқанның портреті бар баннер іліп қойыңыздаршы» деп өтінемін. Көшелерге қоюға болмаса, оның атындағы спорт мектебіне қойылса деген өтінішім бар. Осы өтінішпен Ақмола облыстық спорт басқармасына да бірнеше мәрте бардым, ілеміз депсендіріп шығарып салды. Бірақ, нәтиже жоқ, –деп назаланады қажының шөбересі.

Облыстық мәдениет басқармасы жылдық жұмыс жоспарлары бойынша мұндай мерейтойлық даталарға байланысты өңірімізден шыққан белгілі тұлғаларға ерекше мән беріп, іс-шаралар ұйымдастырып жататынын білеміз. Алып күш иесінің 150 жылдығына орай, облыс аумағында ауқымды шаралар өткізілгені де есімізде. Қажымұқан атындағы ауылда да республикалық деңгейде шаралар өтті. Бірақ, осы игі шаралардың қай-қайсына болсын, Айкен Мұқанова шақырылмаған тәрізді, әйтпесе, балуан бабаның шөбересі бұлай шағымданбас еді деп ойлаймын.

– Осыдан 2-3 жыл бұрын Көкшетау қаласының Жібек жолы базарының маңындағы жолдың бойына атамның портреті ілініпті, бірақ көзге көрінбейді, ағаштардың көлеңкесінде қалып қойған. Оны кім көреді? Әрі ол жаққа халық аз қатынайды. Атамыз күрес өнерімен 48 мемлекетке барып, елдің атын шығарды. Соғыс кезінде қала, ауылдарды аралап, өнер көрсетіп, түскен ақшасына әскери ұшаққа дейін жасатып, майданға көмек берді. Туған өңірінде оның бейнесі ел есінде мәңгі сақталып қалатындай тиісті жұмыстар неге атқарылмайды, неге осыған тиісінше көңіл бөлінбейді? –деп ашынады тағы да балуанның шөбересі.

2000 жылдардың басында облыс орталығындағы Жамбыл Жабаев көшесінің бойында Қажымұқан атындағы №3 облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі ашылған болатын. Оның ашылуы салтанатына балуанның Роза есімді немересі де қатысыпты. Кейін ол 2007-2008 жылдары онда Қажымұқан атасының музейін ашпақшы болған. Атасының өз дәуірінде майданға көмекке ақша жинаған сөмкесі мен тіршілікте тұтынған тоқыма кілемшесін, сосын бірқатар фотосуреттері мен естеліктерді тапсырыпты.

– Роза апайым Ресейден бабамның жәдігерлерін әкеліп, сол музейді ашпақшы болып табанын тоздырды. Біраз уақыт ол жәдігерлер сол мектепте тұрды. Кейін басшыларынан қайтарып алайық деп сұрап едік, жөндеу кезінде ұрланып кетті деді. Сөйтіп, музей ашылмады. Спорт мектебінің қазіргі директоры Руслан Мусиновке де барып, қаншама фотосуреттер бердім. Соларды кешеннің бір бұрышына әдемілеп, көз тартарлық көрме тәрізді жасап қойса дедім, – дейді Айкен апай. –Алайда, балуан атамыздың туған күнінде де онда ешқандай шара ұйымдастырылмады. Оңтүстік өңірдегі ағайындар бабамызды сыйлап, құрметтеп жатады. Бізде де облыс орталығы Көкшетау қаласында оған бір ескерткіш немесе бюст орнатса, оның балуандығы, спорттағы жетістіктері мен еліне деген сүйіспеншілігі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар еді ғой.

Бұл тұрғыдан бір жақты пікірге сүйеніп қалмауымыз үшін біз Қажымұқан атындағы №3 облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Руслан Мусиновты да сөзге тартып көрдік.

–Ең біріншіден мен ол кезде бұл жерде жұмыс істемедім. Екіншіден, қажының немересі осында музей ашпақшы болғанымен, сол белгіленген орынға су кетіп, жөндеу жұмыстары кезінде сөмкесі мен тоқыма кілемі ол кісінің өзіне қайтарылып беріліпті. Үшіншіден, біздің нысан – спорт мектебі, мұнда музей емес,  спорттық секциялар болуы керек. Ал, балуанның шөбересінің арнайы бұрыш жоқ деген сөзімен келіспеймін. Себебі, бізде екінші қабатта Қажымұқан Мұңайтпасовтың үлкен портреті, фотосуреттері мен газет қиындылары барәрібалуанның жетістіктері көрсетілген бұрыш тұр, –деп бізді сол бұрыш орнатылған бөлмеге алып барды мектеп директоры. Шынымен, мұндай арнайы шағын бұрыш бар екен. Бірақ, оны көз көрім жерге, келушілер көп жүретін бірінші қабатта, кіре-беріс дәлізге қойса дұрыс болар ма еді.

Айкен Мұқанова бабасына ескерткіш тұрғызу мақсатында есеп-шот та ашыпты, жергілікті атқарушы органдардан көмек те сұрапты.

–Қажымұқан атамның атындағы спорт мектебі ашылғанда, онда қазақ күресі, тағы да басқа күрес түрлері бар болатын. Атамыз грек-рим және  қазақша күреспенайналысты ғой. Қазір мектепке барсаңыз, баскетбол, волейбол секілді үйірмелер бар да, күрес түрлері, әсіресе,қазақ күресі жоқ.Бұрын күрестенмықты жаттықтырушылар да сол жерде болатын. Қазір барсам, жаным ауырады. Білдей бір Қажымұқан атындағы спорт мектебінде күрестің болмағаны жаныма батады, –деп тағы бір жанайқайын жеткізді Айкен Жанайдарқызы.  –Атамның 150 жылдығын Шымкентте дүркіретіп тұрып атап өтті. Сонда барғанда туыстарым біздің Ақмола жағында қандай шаралар өткізілді, атамыздың құрметіне не жасалып жатқанын сұрады.Мен Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында ашылған ескерткіш пен осы мектептің барын ғана айттым. Ал, атамызды жас ұрпаққа насихаттау бойынша ешнәрсе айта алмадым.

–2007-2008 жылдары бұл мектепте еркін күрес бөлімшесі болды. Кейін басшылық 2008 жылғы жазғы Олимпиададан кейін күрес түрлерін бір жерге жинақтаймыз деп қаланың орталығына алып кетті. Сөйтіп, күрес түрлері, қазақ күресі де,бәрі орталықтағы спорт нысанына ауыстырылды. Биыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы келгенде, мұнда күрес түрлерін ашу туралы сөз қозғады. Бірақ, оған мұнда мүмкіндік жоқ, күрес түрлерін ашу үшін бізге мамандандырылған зал керек. Ондай залдың ішінде тірек бағандары болмауы қажет. Ашылған жылдары бірінші қабатта күрес болғаны рас, бірақ, онда әрбір 3 метр сайын тірек бағандары тұрғандықтан, жасы кіші балалар ғана айналысқан. Тірек бағандарының көп болуы жарақат алып қалуға әкеліп соғады. Күресетін маттарды айнала төсеп тастау мүмкін емес. Сол себепті, мұнда кезінде бұрынғы басшылар ауыр атлетика, бокс, баскетбол секілді ойын түрлерін ғана қалдырған екен. Облыс басшысы әр ауданда балалардың жақын маңдағы спорт секциясына баруына жағдай жасау үшін барлық спорт нысандарында спорттың бүкіл түрлері болуы керек деген пікірін айтқан болатын. Бірақ, арнайы мамандандырылған зал болмағандықтан, бірден күрес түрлерін бізде ашып жіберу қиын. Бұл мәселе облыстық спорт басқармасы басшылығының да назарында. Ал, Қажымұқанның туған күнінде күрес жарыстарынбіздің спорт мектебінде өткізуге залдың жағдайы келмейтін болғандықтан, ол жарыс орталықтағы немесе қала іргесіндегі Краснояр селосында орналасқан ұлттық спорт мектебінде өткізіліп жүр. Әйтпесе, біз балуанның туған күнін атап өтпейміз деп, қарсылық білдіріп отырған жоқпыз, – дейді Руслан Мусинов. Әрине, бұл сөзге де ден қою керек шығар.

 

P.S: Сонымен, Қажымұқандай балуан бабамызға қашан да құрмет көрсету, оның спорттағы ерлігі мен жетістіктерін жергілікті атқарушы органдардан бастап, білім ордаларына дейін жас ұрпаққа насихаттап, үлгі етуі керек деген тұрғыда айтылған шөбересінің пікірлермен, тіпті жанайғайыменкелісуге болады. Әрі ел болып ұлтымыздың осындай біртуар тұлғаларын құрметтеуден шаршамауымыз керек. Осы ретте,ақты ақ, қараны қара деп айту қалам ұстаған біздерге парыз. Сондықтан, Қажымұқандай балуан бабаның атындағы спорт мектебінде қазақша күрестің, басқа да күрес түрлерінің болғаны дұрыс деп санаймыз. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, спорт мектебі Қажымұқан атында, ал онда күрес түрлерінен ештеңе жоқ. Қисынға келе ме?! Әрі-беріден соң бұл облыс, қала спортына үлкен сын. Сондықтан, тиісті орындар осының бір шешімін ойластыруы керек.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар