Ақмола облысындағы 29 колледжде 5 мыңнан астам студент тегін оқыса, оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша 1500-ден астам білім алушы бар. Осы салаға маман даярлайтын 13 колледждің 7-еуі ауылдық жерлерде орналасқан.
Болашақ ауыл шаруашылығы мамандары «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Элеватор, ұн тарту, жарма және құрама жем өндірісі», «Жеміс-көкөніс шаруашылығы», «Ет және ет өнімдерін өндіру», «Аңшылық және аң өсіру шаруашылығы», «Орман шаруашылығы», «Мехатроника», «Агрономия», «Зоотехния» және «Ветеринария» мамандықтары бойынша оқиды.
2023-2024 оқу жылында нысаналы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 667 талапкер оқуға қабылданды, оның ішінде 200 студент аграрлық мамандықтар бойынша білім алуда. Бұл оларға оқу кезеңінде жұмыс табуға және жұмыс берушілерге білім беру процесіне қатысуға мүмкіндік берді. Мәселен, Шағалалы ауылының жоғары агротехникалық колледжі «Зеренді-Астық», «Рейн», «Көкшетаулық ТӨШ», «Жақсылық Agro» ЖШС-лары мен «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша студент жастарды мақсатты даярлауға шарт жасасты. Катаркөл ауылының «Ветеринария және биотехнология жоғары колледжі» «Жақсылық Agro», «Асыл Көкше Зооветснаб» ЖШС-ларымен, «Ақмола облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесімен «Ветеринария» мамандығы бойынша шарт жасасты.
Түлектерді жұмысқа орналастыру шамамен 70 пайызды құрайды әрі бұл мамандарды даярлау сапасының жақсы көрсеткіші болып табылады. 2023 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқу орындары қабырғаларынан 588 түлек түлеп ұшты және оның 410-ы жұмысқа орналастырылды. Қалған түлектер жоғары оқу орындарында оқуларын жалғастыруда, ҚР Қарулы Күштеріне қызметке шақырылғандары бар.
Түлектердің үлкен тобы облысымыздағы «Еуразия групп Казахстан», «Агрофирма TNK», «Аскоп», «Жақсылық-Агро», «ҚазГер-ҚҰС», «Каz Beef», «Макинск құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты барлығы 15-ке жуық кәсіпорынға жұмысқа орналастырылады. 2024 жылы колледждер аграрлық салаға 595 маман даярлады. 2023 жылы бюджет шеңберінде ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтар бойынша 533 адам оқуға қабылданса, келесі 2024-2025 оқу жылына 540 білім алушы қабылданады деп күтілуде.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.