Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құлағыңыз бен тамағыңыз және мұрыныңыз ауырмасын десеңіз... - АРҚА АЖАРЫ

Құлағыңыз бен тамағыңыз және мұрыныңыз ауырмасын десеңіз…

ЛОР – құлақ, тамақ және мұрын ауруларының алдын алумен және емдеумен айналысатын дәрігер. «Оториноларингология» сөзі «құлақ, мұрын және тамақ туралы ғылым» дегенді білдіреді. ЛОР бірден адам ағзасындағы үш органның ауруын емдейді, өйткені, бұл органдар бір-бірімен тығыз физиологиялық байланыста. Сол себепті бұл органдардың аурулары, әсіресе, жұқпалы аурулар, көбінесе кешенді емдеуді қажет етеді. Осы ағзамызға өте қажетті органдардың қыр-сыры туралы Ақмола облыстық көпсалалы балалар ауруханасы отоларингология бөлімшесінің меңгерушісі Райымбек Макенмен әңгімелескен едік.

– Сұхбатымыздың басында алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айтып кетсеңіз.

– 1994 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Үкілі Ыбырай ауылында туып-өстім. Көкшетау қаласындағы №8 орта мектепті тәмамдағаннан кейін, 2012 жылы Астана медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетіне оқуға түсіп, оны 2019 жылы бітірген соң үш жыл оқып,  «Оториноларингология, оның ішінде балалар отолорингологы» мамандығы бойынша резидентураны аяқтадым. Сол жылы Ақмола облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда аталмыш аурухананың оториноларингология бөлімшесінің меңгерушісімін. Көкшетауда ата-анаммен тұрамын. Отбасын құрғанмын, екі қызым, бір ұлым бар.

– Жалпы, статистика бойынша, бөлімшені сіз басқарғалы өздеріңізден қанша бала емделіп шықты? Және де балалар арасындағы сіздің профиліңіз бойынша ең жиі кездесетін ауруларды атап өтсеңіз.

– 2023 жылы 1 мыңға жуық бала емделіп шықты, оның ішінде 20 пайызы жоспарлы түрде емделгендер. Ал, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында 600-ге жуық бала ем қабылдады, 20 пайызы жоспарлы түрде, қалғаны шұғыл түрде түскен балалар. Балалар арасында ең жиі кездесетін ауру, ол жедел ортаңғы отит, екіншісі риносинусит. Отит – бұл құлақтың орта бөлігі қабынған кезде пайда болатын ауру. Жедел орта отит көбінесе, жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) мен аденоидит аясында туындайды. Жедел орта отит орта құлақтың кеңістігіне инфекция түскеннен пайда болады. Бұл ауруды негізінен пневмококтар мен гемофильді таяқшалар бактериялары өршітеді. Олар орта құлаққа ЖРВИ, аденоидит, жиі болатын тұмау арқылы енеді, өйткені, құлақ кеңістігі мұрын-жұтқыншақпен тығыз байланысты. Жедел орта отит өмірінің алғашқы үш жылында 90 пайыз балаларда кездеседі. Бұған балалардағы құлақ кеңістігін мұрын-жұтқыншақпен байланыстыратын евстахиялық (есту) түтігінің анатомиялық құрылысының ерекшеліктері ықпал етеді. Сәбилерде ересектерге қарағанда, ол түтік анағұрлым кеңірек және қысқа болады, сондықтан, ол жерге микробтардың енуіне ешқандай кедергі жоқ. Евстахиялық түтікшенің қабынған шырышты қабықшасы ісініп кеткеннен кейін, ол құлақтың тесігін толық жауып тастайды. Соған байланысты орта құлақ пен мұрын-жұтқыншақ арасында ауа алмасу бұзылады. Сол жерде бактериялардың көбеюіне, кейде іріңнің пайда болуына  қолайлы орта туындайды. Қалыңдығы 0,1 миллиметрді құрайтын дабыл жарғағына ірің әсер етіп, оны қысқартады, сол себептен ол жерде перфорация (тесілу) пайда болады. Бұл есту қабілетінің азаюы, бас айналу, бет нервісінің зақымдалуы, сондай-ақ, өмірге қауіп төндіретін менингитті тудыруы мүмкін. Өкінішке орай, ата-аналар бұл ауруды балада бірден көре алмайды, өйткені, әрбір екінші балада отит алдымен ешқандай белгісіз басталады. Көзге көрінетін белгілер тек дабыл жарғағында перворация пайда болған кезде ғана туындай бастайды. Алғашқы белгілер құлақта ауыршаңдықтың пайда болуы, дене қызуының көтерілуі немесе жалпы ағзаның қабынуы, әлсіздіктің туындауымен ерекшеленеді. Тексеру жоспарына, әдетте, отоскопия (жарғақты қарау) және тимпанометрия (есту түтігінің өткізу қабілетін және дабыл кеңістігін анықтауға мүмкіндік беретін әдіс) жатады. Балаға антибиотиктерді ішу курсы тағайындалады. Қандай антибиотик түрін беруді дәрігер өзі шешеді, дәрінің ауру қоздырғыштарына сезімталдығын есепке алып, белгілейді. Аденоидит – бұл мұрын-жұтқыншақта (аденоидтар) орналасқан бадамша бездердің зақымдануымен сипатталатын қабыну ауруы. Процесс, әдетте, өткір сипатта болады, бірақ, емдеусіз ол созылмалы ауруға айналып кетуі мүмкін, яғни, аденоидтардың ұлғаюына және мұрынмен тыныс алудың ұзақ мерзімді бұзылуына әкеледі. Жіті риносинусит – балалардағы мұрын қуысы мен мұрын маңы қойнауында ең көп таралған қабыну ауруларының бірі. Жалпы симптомдары – дене температурасының жоғарылауы, жөтел, мұрынның бітелуі, иіс сезудің бұзылуы, құлақ «бітелуі» сезімі, бас ауыруы, шаршағыштық.

Не себепті құлақтан ірің ағады? Мұндайда құлақты қалай тазалаған жөн? Гайморит ауруы туралы да тарқатып айтып берсеңіз.

– Балаларда құлақтың қабынуынан пайда болатын отит ауруы жиі кездеседі деп жоғарыда айтып кеттім ғой. Құлақ ауруы 3-ке бөлінеді: сыртқы құлақтың отиті, ортаңғы құлақтың отиті және ішкі құлақтың отиті. Көбінесе іріңді және іріңсіз болып бөлінеді. Халық арасында құлақтан бұлақ ағады деп айтады. Ал, медициналық тұрғыда ол – ірің. Ол құлаққа салқын тиюіне және мұрынмен дұрыс тыныс алмауына байланысты болады. Балаларда тұмаудан кейін мұрында әртүрлі бөліністер шығады. Мұрынмен жөнді тыныс алмаса, мұрындағы бөліністер құлаққа қарай кетіп қалады. Құлақты, әсіресе, кішкентай баланың құлағын суға түскен соң тазалау қажет, себебі, құлақтың іші ылғалданады, сол кезде мақта таяқшаларымен тазалау керек. Ал, құлақты құрғақ күйінде тазаласа механикалық жарақат алады. Құлақтың ішінде ірің бөлетін бездер болады. Сол бездердің қызметін бұзып алуымыз ықтимал. Мұрын ауруларының жиі кездесетін тағы бір түрі – гайморит. Ол мұрынның кілегей қабатының қабынуынан пайда болады. Ауруды мұрын қуысына түскен микробтар мен вирустар тудырады. Ол ауамен беріледі. Мұрында 4 қуыс болады. Соның ең үлкені – ауамен тікелей байланыста болатын гайморит қуысы. Гайморит қуысының ішіндегі кілегей қабатының қабынуын гайморит дейді. Көп жағдайда салқын тиюмен байланысты болады. Сонымен қатар, гайморит тіс ауруларының әсерінен де болуы мүмкін. Өйткені, жоғарғы жақ тіс гайморит қуысымен байланысты. Сондықтан, тісті күтіммен ұстап, тереңдеп шіруінен сақтау керек. Тіс дәрігеріне қаралып тұрған абзал. Өйткені, ағзада бәрі бір-бірімен тікелей байланысты. Ал, енді гайморитті қалай емдеу керек? Үй жағдайында емделе ме? Бұл көптің көкейінде жүретін сауал шығар. Гаймориттің емдеу жағдайы әртүрлі. Аурудың алдын алу үшін салқын тиюден сақтану қажет. Гаймориттің түрлері көп, бірақ, халыққа түсінікті болу үшін оның іріңді және іріңсіз түрі болады деп екі-ақ сөзбен айта кетейін. Әрине, егер жеңіл түрі болса, үй жағдайында емдеуге болады. Бірақ, іріңді түрі болып, жағдайы төмендеп жатса, онда міндетті түрде стационарлық жағдайда емделуі керек. Дегенмен, алдымен мамандарға көріну қажет. Алғашқы белгісі мұрын бітеледі. Одан кейін ағзаның қорғаныш қабілеті пайда болып, мұрыннан сұйықтық бөлінеді. Бұны уақытында емдемесе, іріңдеп кетуі мүмкін. Сосын мұрыннан іріңді бөліністер шығатын болады. Мұрынмен дұрыс дем алмаудың салдарынан миға қажетінше оттегі жетпейді. Бас ауырады. Асқынып кеткен гайморит минингитке ұласады. Ірің миға қарай өтсе, қауіп төндіреді. Дер кезінде қаралмаған жағдайда емделу қиынға соғады. Егер уақытында қаралған науқастың емі оң нәтижесін берсе, тез сауығып кетеді.

– Өзіңіз жұмыс барысында негізінен, қандай оталар жасайсыз? Әрқайсысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Олар эндоскопиялық аденотомия, аденотонзиллотомия, тонзилэктомия, септопластика, вазотомия оталары. Эндоскопиялық аденотомия – бейне эндоскоптың бақылауымен гипертрофияланған мұрын-жұтқыншақ бадамша бездерін (аденоидтарды) алып тастау. Аденотонзиллотомия – бұл бір мезгілде аденоидтарды хирургиялық алып тастау және таңдай бадамша бездерін ішінара алып тастау. Операция кешенді диагностикалық тексеруден кейін жүзеге асырылады. 3 жастан асқан балаларда жүргізіледі. Бұл жоспарланған процедура, отоларингология бөлімінде жалпы анестезиямен жасалады. Тонзилэктомия – бұл таңдай бадамша бездерін хирургиялық жолмен алып тастау. Тонзиллэктомия дәрі-дәрмекпен емдеу әдістері дұрыс нәтиже бермеген балалар үшін емдеудің ең тиімді әдісі. Септопластика – бұл мұрын пішінін түзетуге бағытталған операция. Тыныс алу органдарының функционалдық бұзылыстарын және мұрын-жұтқыншақ шырышты қабығының морфологиялық өзгерістерін тудыратын сүйек-шеміршек пластинасының айқын деформациясы кезінде жүзеге асырылатын ота. Вазотомия – тамырлы өрімдердегі тоқырауды жеңілдету және тамыр қабырғаларына серпінділікті қайтару үшін мұрынның төменгі қабығында жасалатын хирургиялық процедура. Ринохирургия – консервативті терапияға бейім емес ринитпен күресудің жалғыз жолы. Міне, біз жасап жүрген оталар осылар.

– Райымбек Еркешұлы, қазір балада да, үлкенде де тамақ аурулары жиі кездеседі, мұның себебін де айта кетсеңіз?

– Тамақ ауруының бірден-бір себебі, жұтқыншақтың кілегей қабатының қабынуы. Ол фарингит ауруы деп аталады. Көбіне тұмау мен жедел респираторлы вирустық инфекциялық аурулардан кейін болып жатады. Тамақ неліктен ауырады? Көбінесе салқын тиюге байланысты болып келеді. Ол тоңазытқыштан алып, мұздай сусын ішкеннен болады. Дер кезінде күтінбесе, әрі қарай ангинаға ұласады. Ал, оның іріңді және іріңсіз түрлері болады. Науқас ұзақ уақыт осы аурумен ауырса, созылмалы болып кетеді. Бұның бәрі – салқын тиюдің әсерінен болатын жағдай. Айта кетейін, тамақ аурулары мұрынмен дұрыс тыныс алмаудың салдарынан да болады. Ол тек тамаққа ғана зиян әкелмей, мұрын пердесі қисаяды. Көбінесе кішкентай балалалар мұрынмен дем алмай, ауаны ауызбен жұтады. Мұндай жағдайды аденоид деп аталады. Соның салдарынан тамақ ауырады. Тамақ ауруларының тағы бір себебі, тістің шіруі. Осы ретте, бізге мұздай сусын ішіп, салқын тигендер жиі келеді. Науқастарға айтатыным, ағзаң әлсіз болса, жиі ауырасың. Мәселен, жиі ауыратын баланың иммунитеті сәйкесінше төмен болады. Ол неліктен? Қан аздықтың салдарынан. Ата-аналарға менің айтар кеңесім, иммунитеті төмен балаларды педиатрға көрсету қажет. Егер қаны аз болатын болса, тиісті талдауларды тапсырып, қорытындысы бойынша қан мөлшерін көтеру керек. Сондай-ақ, тым жылы су да, тым салқын су да ішуге болмайды. Ең дұрысы, бөлме температурасындағы су. Кейде балалар мұздай суды ішуге әуес болады. Ондай баланы ақырындап үйрету керек. Жалпы, ағзаға салқын тигізуге болмайды. Ағза бір рет қорғанады, екінші рет қорғанады, кейін әлсірей бастайды. Сол кезде ауру күшейеді. Кейбір ата-аналар баланың құлағы ауырса, жылытып орамал басып жатады. Бұл дұрыс емес. Құлақ ауырса, оның себебін біліп алмай, кез-келген затты басуға болмайды. Егер құлақта ірің болса, жылыны мүлдем жақындатпау керек. Жылу іріңді одан сайын күшейтеді. Іріңсіз, тек қана асқыну процесі болса, укол мен дәрі-дәрмек арқылы емдеуге болады. Маман ретінде айтар кеңесім, құлақ ауырса, кім-кімге де өз бетінше емделуге болмайды. Мұндайда міндетті түрде ЛОР дәрігерге қаралып, тексерілу қажет. Дәрігердің тағайындауынсыз антибиотик қабылдауға болмайды. Бала ауруы үй еміне көнбесе, шұғыл түрде жақын жердегі ауруханаға жүгіну қажет.

– Енді өзіңізге соңғы сауалымыз, қазір жер-жерде, соның ішінде біздің облысымызда да дәрігерлер жетіспейді ғой. Осы ретте, оториноларингологияның жағдайы қалай? Осы саладағы мамандарға да тапшылық бар ма, жоқ па?

– Рас, Ақмола облысында да осыдан 5-10 жыл бұрын бұл салада маман жетіспейтін. Ал, қазір жеткілікті. Жеке клиникаларда  2-3 отоларинголог бар. Алайда, жақсы мамандардың көп болғаны жөн. Өйткені, мұның өзі бәсекелестік ортаны қалыптастырады. Ал, бәсекелестік болған жерде біліктілік артады.

– Мәнді де егжей-тегжейлі әңгімеңізге көптен-көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының»  өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар