Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай ұлағаты туған халқы сүйенер мәңгілік құндылық - АРҚА АЖАРЫ

Абай ұлағаты туған халқы сүйенер мәңгілік құндылық

Абайдың қара сөздерінің қадірі

Бірінші қара сөзінен:  Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған бойладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

Төртінші қара сөзінен: Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.

Он бесінші  қара сөзінен: Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?

Он тоғызыншы қара сөзінен: Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. 

Жиырма бірінші қара сөзінен: Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады.

Отыз бірінші қара сөзінен: Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.

«Атадан алтау, анадан төртеу»

Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыстауды жайлаған Тобықты руында дүниеге келді.

Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос пен Жігітек тарайды. Әрқайсысы бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай,  Көтібақ пен Топай туған. Олардың ішінде Ырғызбай оза шауып, ел басқару ісіне араласқан. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар мен Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.

Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ал, Ұлжан – Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу», дейтіні содан. Құнанбайдың қартайған шағында үйленген төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған.

Білімге құштарлық

Болашақ ақын ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын окытамын деп, «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал, 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламаларының шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады.

«Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан анағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен, дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады», – деп жазды Мұхтар Әуезов.

Жазушының сөзіне қарағанда, Абай бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін кәрілікке жеткен уақытына шейін ұмытпаған.

Жастай ел басқару ісіне араласты

Құнанбай баласының зеректігін бірден байқап, оған жан-жақты білім беруге тырысады. Ал, 13 жасында оны оқудан алып кетіп, ел басқару жұмысына салады. Оған қоса, әкесі ел тартысында жалғыздық сезе бастайды. Басында «барып кел, шауып келмен» жүрген жас Абай аз уақыттың ішінде жуан би, ел тартысының атқа мінері болып шыға келеді.

1885 жылы Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде 100-ден астам би-болыстың қатысуымен төтенше съезд өткізілді. Сонда төбе би болып сайланған Абайға «Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге карсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылады. Абай бастаған комиссия барлығы 93 баптан тұратын ережені 3 күнде әзірлеп шығады. Бірақ, оның беделін өсірген Қарамола съезінен кейін қарсыластары көбейіп кетеді.

Абайдың кезінде Құнанбаймен алысқан туысқаннан 17 адам Сібірге де айдалады. Бір тартыстың бастықтары олардан жеңіледі. Бірақ, сол жеңістің өзі де атадан-балаға кететін үзілмес жаулыққа ұласады. Осылайша, Абай әкесі бастаған істі аяқтаймын деп, өзіне талас-тартыстың біраз бәлесін тілеп алады. Оған неше түрлі жала жабылады. Мысалы, 28 жасында бір қыстың ішінде 12 түрлі қылмыс бойынша тексерілген кезі де болды. Бірақ, Абай ондай тартысқа әбден ысылып келген. Шешендік өнері де көп көмегін тигізді.

1898 жылы Көшбике деген жердегі Мұқыр болысын сайлауда Оразбай Аққұлы баласы Жігітек Мырза-Жөкең ру басылары –Әзберген, Бейсенбі, Бұланбай мен Әбендерді ұйымдастырып, Абайдың өміріне қастық жасайды. Бірақ, Кәкітай, Уәйіс, Аппас деген жақын достары ара түсіп, оны қорғап қалады. Осыдан соң ақын ел жұмысына араласпайды да бұрынғы араздықпен өзіне қастық істеткен адамдарымен татуласады. Өзі кітап оқуға ден қояды.

Абайдың шығармашылығы

Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ал, ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда». Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. «Сегіз аяқ», «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» сияқты өлеңдерінің әрбіреуі тың дүние, шығармашылық жаңалық.

Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасынан «Татьянаның хатын» және «Ленскийдің сөзін», Михаил Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы» және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлетті.

Абай мысал өлеңдерін шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерген. Оған «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» сияқты шығармалары дәлел.

Батыстың өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ол Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам.

Абайдың іргелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі – қара сөздер. Осы сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.

Абайдың философиясы

Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған. Ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Ол өзінің пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысын, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.

«Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу», – дейді Абай.

Мысалы, спортпен шұғылданып, өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал, ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни, жанды жетілдіру деп көрсетеді.

Абайдың айтуынша, жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді.

Отбасы – ошақ-қасы

Абай бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия мен Райхан, екінші өйелі Әйгерімнен – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл мен Кенже, барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Ал, келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ болмаған.

Абай ғылым іздеуді өз басына ғана алмай, балаларын да барынша оқытуға тырысқан. Ең көп оқыған офицер баласы – Әбдірахман. 90-шы жылдары ол құрт ауруынан қайтыс болады. Оның артынан сүйеніші болып жүрген мықты інісі Оспан дүниеден өтеді. Осы екеуі Абайға бас қайғысының ішіндегі үлкен қаза болып тиеді.

Сол жылдары бас қайғысымен қатар, Абай өзінің дос деген адамдарының қиянатын, алдауын, өтірігін де көреді. Бір сайлауда өзінің інісін болыстыққа  сайлаймын деп келгенде бұрын ешбір сыр бермейтін достары бір-ақ түнде жат болып шыға келеді. Інісін құлатып, өз кісілерін сайлап кетеді. Онымен қоймай, Тобықты ішінде бұрыннан өзімен сілкісіп келген басты жауы Оразбай бір сайлауда Абайды  өз кісілеріне сабатып та алады. Осы іспетті соққылармен күресіп келе жатқанда ең жақсы көрген баласы Мағауия қайтыс болады.

Абай ешкіммен сөйлеспей, үндемей қалады. Ал, 1904 жылы 23 маусымда Мағауияның өлімінен кейін тура 40 күн өткен соң өзі де қайтыс болады. Бір жарым айдан кейін Абайдың ақын баласы Ақылбай Семейде дүние салады.

Абайдың мұрасын кімдер зерттеді?

Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Абайды аса жоғары бағалады.

1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағына ақынның жүз қырықтай өлеңі, сондай-ақ, «Ескендір» мен «Масғұт» поэмалары енді. Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Кәкітай Ысқақұлы бірінші болып ақынның өмірбаянын жазды.

Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары көп емес. Ақынның өз қолжазбалары сақталмады. Шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткен.

Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінде ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды, «Абай философиясын» діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның жамап-жасқаған бір түрі деп дәлелдемек болушылар да табылды. Бірақ, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров Құдайберген Жұбанов, Сұлтанбек Қожанов сынды қоғам қайраткерлері Абайдың ақындық мұрасын шабуылдан қорғап, мақалалар жазды.

«Көзқарасының қарама-қайшылықтарына қарамастан, Абай бұл сөздің ұнамды мәнінде ең озық реалист-суреткер болды және сонысы үшін де біз оны құрмет тұтамыз, сондықтан да оның әдеби мұрасы біз үшін баға жетпес байлық болып табылады, тап солай болғандықтан да қазақ халқы Абайды өзінің аса ірі ұлттық ақыны деп біледі», – деп жазды Мұқанов.

Ал, Мұхтар Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Ол «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Әсіресе, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы осы салаға қосқан елеулі үлесі болып саналады.

Абайды шетелде танытқандар

Қытайда Абайдың шығармаларын танытуға Ха Хуан Жан (Хабай) көп еңбек етті. Ол Шыңжан өлкесінің Шәуешек қаласына жақын Қазақтар ауылында туған. Қытай тіліндегі мектептерде оқыса да, қазақ тілін жетік меңгерген. Абайды бала күнінен жаттап өскен екен.

1950 жылы Абайдың «Ескендір» поэмасын, ал, 1958 жылы «Масғұт» поэмасын ханзу тіліне аударып, Пекинде арнайы кітап етіп бастырып шығарған. Жалпы, Хабай Абайдың 167 өлеңін, 3 поэмасын, 45 ғақлия сөзін түгел аударған. «Абай және Абай шығармалары» деген үш кітабын да Пекинде бастырған.

Абайдың өлеңдері басқа тілдерге аударылды. Мәселен, Абайды грузин тілінде Ш.Мчедлишвили, қарақалпақ тілінде Ш.Сеитова, қырғыз тілінде А.Токомбаева, татар тілінде М.Максуд және Н.Арсланов, француз тілінде – Ғалымжан Мұқанов, ағылшын тілінде – А.Самохмалов, түрікмен тілінде – А.Хайидова, Т.Қасымова, П.Искакова және ұйғыр тілінде М.Хамраева сөйлеткен.

 

Абайдың өміріне қатысты қызықты деректер

Абай Құнанбайұлының шын есімі – Ибраһим. Әжесі Зере «Абай» деп еркелеткеннен кейін «Абай» атанып кеткен;

Құнанбайұлы көптеген өлеңіне өзі ән жазған. Олардың ішінде кеңінен тарағаны – «Көзімнің қарасы»;

Абай Құнанбайұлы алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген;

Абай Құнанбайұлы 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан;

Абай Құнанбайұлының алғашқы махаббаты – Тоғжан;

Абай Құнанбайұлы 1860 жылы Ділдәмен отау құрған. Ол кезде Абай 15 жаста болды;

Абай Құнанбайұлы 16 жасында әке болды;

Абай Құнанбайұлы 21 жасында болыс болып сайланды;

Абай Құнанбайұлы екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген;

Еркежан – Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайдың інісі Оспанның қалыңдығы болған. Еркежан Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан;

Абай Құнанбайұлының 36 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келді.

Дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар