Көкшетау қаласы одан сайын көркейіп, көз тарта түсуі тиіс

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығы Көкшетау қаласындағы жергілікті компаниялардың инвестициялары есебінен салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, алда тұрған міндеттерді пысықтады.

Алғашқы нысан Элеватор аймағындағы көктемгі су тасқыны кезінде су басқан үйлер болды. Облыс әкімі «Мейір» ЖШС мердігерлік ұйымының апатты тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі жұмыс барысымен танысты. Жалпы, зардап шеккен 64 үй сырылып тасталады. Су басқан бұл үйлердің тұрғындары бұдан бұрын облыс әкімдігінен алған жаңа пәтерлерге қоныс аударған.

–Бұл аумақты тазарту керек және бұл үйлердің орнына қандай құрылыстар салынатыны туралы жобаны ойластыру керек. Ең алдымен, жақын маңдағы №8 орта мектептің мүддесін ескеру қажет, сонымен қатар, оқу орнының спорт алаңының аумағын да кеңейтуге болады. Бұл жер қазір мемлекет қорына берілгенін ескерсек, абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажет, –  деді өз сөзінде әкім.

Аймақ басшысы Қылшақты өзенін тазалау жұмыстарының барысымен де танысып, су тасқынынан кейін жарамсыз болып қалған №8 мектеп жанындағы көпірді аралады. Қылшақты өзенінің маңызды учаскесінде арнайы ұйымдар барлау жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде су қоймасының су көлемін арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында өзеннің ұзындығы 4 шақырымға жуық түбін тазарту туралы шешім қабылданды.

Мердігер ұйым – «Qazaq Union» ЖШС басшыларының айтуынша, Қылшақты өзенін тазарту жұмыстары 5 тамызда басталып, жыл соңына дейін аяқталады. Учаскеде 20 жұмысшы жұмыс істейді, қажетті барлық құрал-жабдықтар бар.

– Жүргізіліп жатқан жұмыстар су тасқыны жағдайының алдын алу бойынша бірінші кезектегі шара болып табылады. Екі жағынан да жағалауларды сапалы тазартып, нығайту қажет, – деп атап өтті бұл ретте, облыс әкімі.

–Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталады. Үйлерді бұзу жұмыстары аяқталысымен жаңа әлеуметтік нысандардың жобасын бекіту үшін бас жоспар қаралады. Көпірді қайта жаңғырту туралы айтатын болсақ, бұл жұмысты «Сервис НС» ЖШС мердігер ұйымы жүргізді. Көпірдің ұзындығы – 45 метр, жаяу жүргіншілер бөлігінің ені 4 метр, екі жарық бағанасы мен сегіз шам орнатылды, – деп атап өтті Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов.

Сонымен қатар, Қылшақты өзенінің бойында Абай көшесіндегі автокөлік көпірінен Сүлейменов көшесіндегі жаяу жүргіншілер көпіріне дейін тағы бір аллея пайда болды. Бұл Балықшылар аллеясының бастамашысы – Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Рүстем Тұржанов.

–Бұл аллеяда Хоум Кредит Банкінің демеушілігінің арқасында фотоаймақ, күн батареяларымен жұмыс істейтін 12 жарықдиодты шамдар, сондай-ақ, орындықтар мен әткеншек орнатылды. Көкшетау қалалық мәслихатының депутаттық корпусымен бірге жабайы алма ағашының көшеттері отырғызылды, – деді «Бука» ЖШС директоры Р.Тұржанов

Бір атап өтерлігі, бұл жоба Көкшетау қаласындағы «Бука», «Qazaq Union», «Алма-Микс», «Энерго ПромТехно» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен Хоум Кредит Банк сияқты әлеуметтік белсенді бизнес өкілдерінің демеушілігі есебінен су тасқынының алдын алу аясында жүзеге асырылды.

Бұл ретте, аймақ басшысы Шалқар көшесіндегі төтенше жағдай аясында аула аумақтарын күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

–Атқарылған жұмыс инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталуы керек. Төтенше жағдайлардың қайталанбауы үшін барлық оң және теріс жақтарын ескеру қажет, – деді Марат Ахметжанов.

Облыс әкімі назар аударған жұмыстың бірі – Қопа көлінің тұсындағы Қан орталығынан Кенесары көшесіне дейінгі жолдың құрылысы болды.  Бұл учаскедегі жұмыстарды «АБК Автодор НС» ЖШС мердігер ұйымы жүргізуде. Мердігер компания қазір көпірден орталық базарға дейінгі жолды жөндеуге кірісті.

–Алаңда қиыршық тастан тұратын негіздің үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, орындалған жұмыс көлемі 8500 шаршы метрді құрайды, – деді «АБК-Автодор НС» ЖШС жоба жетекшісі Азамат Бірсейітов.

Жоба бойынша екі жақты да жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы мен велосипед жолын салу, дренажды науалар қою, бағдаршамдар мен қиылыстарды ретке келтіру және абаттандыру жұмыстары қарастырылған. Бұл жұмыстың бәрін 10 айдың ішінде толық аяқтау жоспарлануда.

–Мұнда барлығы келісіліп істелуі керек. Ендігі міндет – аумақты демалыс орындарын, спорт алаңын, пирс салуға дайындау. Барлығы облыс орталығының келбетіне сай болып, берік үйлесім мен жарасым тапқаны абзал, – деді бұл құрылысты да жіті ой елегінен өткізіп, тиісті тапсырмалар берген облыс әкімі.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар