Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Теңіздей терең күй- тылсым - АРҚА АЖАРЫ

Теңіздей терең күй- тылсым

(Таласбек Әсемқұлов шығармалары.1 том. «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, Алматы, 2016.)

Таласбек Әсемқұлов өнер әлеміне терең дендеген, халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпы, салт-тұрмысына жетік, шынайы өнердің құсни қадірін тәптештеп түсіндіре алатын дәрежесі кемел жан еді-ау! Сонау бір…оқта-текте ғана жалт етіп бір көрініп,  ортамызда жүрген кезінде газет-журнал беттеріне әлдебір мақаласы жариялана қалса, тамсана оқитынбыз, теледидар-радиодан сұхбаты шықса, қалт жібермейтінбіз. Алайда, оның жазған дүниелері жапатармағай жұрттың қолында жүрмейтін, бірқатар адамдар оның есіміне қанық та емес-ті. Өйткені, ол көп уақытын зерттеуге, қазақ деген халықтың қадір-қасиетін біле түсуге арнаған екен. Және… ойының озықтығы, қазақ музыкасының қыр-сырын, атауларын, терминдерін термелеп жазып, тереңдеуі қызыл үкіметтің күйбеңін күйттегендерге ұнай қоймаса керек. Көп дүниесінің кезінде жарық көрмеуінің мәнісі сол. Өзі күйші. Күйші болғанда Жүнісбайдай атақты күйшінің төл шәкірті, басқа дәулескер күйшілерден сабақ алған, сол алтын тінді жалғастырушы. Күй кереметін күйшіден артық кім түсінер… «Біржан сал», «Құнанбай» сияқты күрделі фильмдердің сценарийлерін жазды. Біржанның, Құнанбайдың, басқа бай-бағлан, батыр-балуандардың аузына мына заманда біз ести қоймаған аталы сөздер, жақсы лебіздер салды. Елең еттік. Кей тұста қазақтай жұрттың мәрттігіне көз тігіп, рухымыз гүлдеді. Жұбайы, этнограф Зира Наурызбаева Таласбек Әсемқұловтың Тәттімбет күйшінің өнерінің мән-жайын сипаттайтын, ерекшеліктері мен салтанатын даралайтын, аяқталмаған «Тәттімбет сері» романын, өзінің күймен өрілген жеке басынын, шарана кезінен бауырына басып, күй үйретіп, ұлт өнерін аманттаған атасы жайынан көркемдеп жазған «Талтүс» романын, оның жалғасы «Кәрі күйші» романдарын топтастырған шығармалар жинағының бірінші томын оқып шықтым. Алда басқа дүниелері: зерттеулері, тарихи-танымдық мақалалары, кинодрамалары енген жинақтар тұр.

Осы оқып шыққан бірінші томнан-ақ, дүниетанымың кеңейіп, талғамың өсіп, қазағыңның сұңғылалығына сүйсініп, тереңдігіне тамсанасың. Түпсанаң теңіздей толқып, логикалық ойлау жүйең жаңа бір қазақи ізге түскендей боласың. Құдай-ау, бұл не ғанибет?! Мәселен, ауызбен күй шерту дегенді естідіңіз бе? Еріккеннен емес, сібірде айдауда жүріп, музыкалық аспабың болмаған мұқтаждықтан. Өзіңнің ұмытпауың, өзгенің құлақ құрышын қандыру үшін. Малдасын құрып, мүлгіп отырып, ойша күй тарту ше?.. Ойша күй тарту…кімнің ойына келіпті бұ күнде? «Аузыммен күй шертіп бердім. Нансаң. Жиырма бес жыл абақтыда жүргенде жынданып кетпегенім осы күй шерткенімнен шығар. Барақта жатқанда ойша шертесің. Қарағай шабуға барғанда ыңылдап айтасың» деп әңгімеледі Сабыт.«Ертеңіне домбыра әлі дүрлігіп, сөйлеп тұр» дегенді оқығанда қандай ойда боларсыз?.. «Күйді үркітіп алармыз» деп абайлай аңдаған қазағыңа не дер ең? Орман ішінен домбыра шабарлық найзағай түскен ағашты көрсетіп: «Күй жерден өсіп шығады» дегенді естісең, не дер ең? Әуелі ағаш, сосын домбыра, сосын күй…Сондай жерден өскен болады екен… күй. «Мына Сабаңның әңгімесін электр жарығымен отырып қалай тыңдайсың? Ошақтың отында әңгіме де, күй де сырлы болады», «Бүгін домбыра да сөйлемейтін сияқты ғой…» деген сөйлемдерден  қандай гәп ұқтыңыз?… «Шешен ағаш», «Назбедеу жорға», «Көсем перне», «Төрткүл жорға», «Сылқым шертіс», «Сілтеме қағыс», «Бытырлаған қара шертіс», «Мүкәмәл шертіс», «Емірелі перне», «Қашаған перне», «Жетім перне», «Шешен перне» деген сияқты атау сөздерді қашан қолданып едік?

Тартқан күйді айтқан әңгімедей, төккен жырдай, шерткен сырдай ғып тыңдаған халқымыздың талғамының жоғарылығы ойлантпай қоймайды. Кітапта ондай сәттер әлденеше рет әспеттеліп суреттеледі. «Ұстазы айтушы еді, қашан күй тартсаң да қияметтің алдында тұрғандай етіп тарт, деп. Қай күйді шертсе де, өзінің ұияметке жолыққанын анық сезген». Міне, күйші қалпы.

Алдына қойған жамбасқа  қарап отырып, қонақ ақсақал, бұл қойдың қандай шөп жеген мал екенін айтып береді. Сосын: «Өлең шөпке жайылса, еті жыбысқылау келеді; бетегеге жайылса – шыны; көде мен қара жусан, көкпекке жайылса – құйрығы киіз сияқты. Қазіргі қойдың құйрығы өкпе құсап, қазанның бетінде қалқиды» деп сөз тарқатады. Ал, саған! Біз қазір не жеп, не қойғанымызды біліп жүрміз бе? Әлде, жылқы мен сиырдың етін ажырата алмайтын халге жеттік пе? Әңгіме ішкен-жегенде емес. Біліктілікті айтсаңызшы! Жорға жүрістің биенің ішіне біткен құлынын түсіріп алмаудың қамымен желе жортуынан шыққанын білеміз бе? Тіпті буаз бие төбелессе де, әдеттегідей артқы аяғымен емес, алдыңғы аяқтарымен теуіп төбелеседі екен…

Орлов жылқы зауытының оқыған-тоқыған, тәжірибелі мал дәрігеріне Қыпшақбай мырзаның піскен еттен алып, жамбастың  неше құлындаған биенің жамбасы екенін айтып беруі де қазақ білімінің тым терең екенін көрсетеді.

«Шайды құлаштап ішіп», «Ән айтқанда патшадай еді!», «Өзен құсып жатыр», «Сірке жауын себелеп тұр» деген сияқты тартымды  сөз орамдары, алма-кезек берілетін күйлер тарихтары, аңыз әңгімелер, аштықтың, жұттың азапты оқиғалары, өмірдің мәні туралы толғаныстар тебірентпей қоймайды.  Кей тұста тіліміздің жұтаңданып, түсінігіміздің тарылып, білігіміздің мешеулеп бара жатқанын ұғып, ішің ұлып кетеді. Қандай халық едік, шіркін?! Қалпымызды қашан табармыз?!

Темір ұсталары, ағаш шеберлерінің білігі де қайран қалдырады.  Сабылып сапалы темір іздеу, оны келістіріп суғару, одан қарала жүз қып, шыңылдатып қылыш, қанжар соғу. Сол көріктен шыққан  бәкілерімен сүйек турап, қылыш-қанжармен  темір шабу!.. «Ұста жұмыс істеп отыр, оты мен күмісін айнытып жібересің, отыра тұр» деген ескертпенің арғы жағында не тылсым тұр? «Ұсталар қару соққанда ешқайда шықпайды, қонаққа бармайды. Істеген ісіне көз тиіп кете ме деген ырым ғой» деген сөздің мәнісі қызық емес демессіз. Сондай қасиет-кепиеттен, ұсталық өнерді аялаудан жаңағыдай наркескен алмас қылыштар шыққан-дағы.

«Күйдің әуені емес, күмбірі қымбат екенін сұңғыла көңілмен таныған» деп суреттеледі Тәттімбет әсері. «Күйге көлеңке түсіріп, үркітіп аламыз» дейді, көне күйді еске түсіру үстіндегі күйші. «Күйдің жоғалғаны – адамның өлгенімен бірдей қаза» деп түйеді.

«…Ертеңіне жол жүріп келген Сары Нияз домбырасын қолына алса, әлгі домбыра әлі дүрлігіп, сөйлеп тұр дейді. «Ә, Азаматқожа жылқымды шапқан екен ғой, соны айтып тұр» дегенді оқығанда қалай таң қалмассың. Қазақта осы тақылеттес әңгіме баршылық. Демек, тегін болмаса керек. «Домбыра ішіне боран толғандай күңіреніп кеткен», «Сарқырап күй төгілді», «…әлгі домбыра ішек тағылмай-ақ арпалысып сөйлеп тұр», «Күйдің қандай болмағы күйшіге емес, көбінесе тыңдаушыға байланысты» деген сөздерге кез болғанда терең ойға батасың.

Жазушының «Тәттімбет сері» романы аяқталмай қалған делінді. Әйтсе де, ұлы күйшінің бейнесі қапысыз суреттелген. Онымен, оның ой-қиялымен, өнерімен ғана емес, қайраткерлігімен де жете танысасың. Қазақ өнерінің биігіне қалай өрлегенінің куәсі боласың. Бұл романда Құнанбай қажының да орамды ойы, алғырлығы мен алымдылығы, биік тұлғасы айқындала түседі.

Атасы арнайы баптап, бір ұстаздан бір ұстазға жұмсап, құдіретті күй мен жақсы әңгіме тыңдатып өсірген Таласбек өнерпаздың айтпағы көп еді, айтып кеткені де баршылық. Оны оқысаң қазағыңның қаһармандығын да, даналығын да, дарындылығын да табасың. Апырай, музыканы соншалық түсіну, түйсіну, жеткізу деген оңайлықпен салдыр-салақ санаға сия қоймайтын ғаламат емес пе? Жұртымыз не деген ақылман, өрелі болған?!

Осындай әсем әсердің бәрін басыңыздан өткеріп, тамашалағыңыз келсе, Таласбек Әсемқұловтың аталған романдарын оқыңыз. Біз тек айта алғанымызды ғана айттық. Ал, кітап сөзбен жеткізгісіз тылсымға тұнып тұр. Оны өзіңіз тамашалаңыз…

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
                                                       Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар