Жуырда Ақмола облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаның қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг болып өтті.
Брифинг барысында басқарманың бірінші жарты жылдықтағы жұмыс қорытындыларымен таныс болдық. Ақмола облысында 2024 жылға бекітілген Өңірлік карта және облысты дамыту жоспары аясында 32 мыңнан астамжаңа жұмыс орнын, оның ішінде 26 мыңтұрақты,6,5 мың уақытша жұмыс орындарын құру жоспарланған. Алайда, 7 айдың қорытындысы бойынша 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ғана құрылып, көрсеткіш 51 пайыз болса, тұрақты жұмыс орындарының саны 12 мың болған. Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар аясында жұмысқа орналастыру жоспары 56 пайызды құрап, 2800 азамат жұмысқа орналастырылған. Ең көп 1071 жұмыс орны «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» арқылы құрылған. Ал, аудандар бойынша бұл бағытта Шортанды, Аршалы, Есіл аудандары жоғары көрсеткішке жеткен.
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің тиімділігі мен атаулылығын арттыру қажеттілігі туралы міндет қойды. Бұл мұқтаж азаматтарды мақсатты қолдау үшін ресурстарды тиімді пайдалануға көмектеседі. Бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмекті Отбасының цифрлық картасын және мемлекеттік немесе үкіметтік емес ұйымдардың жүйелерімен жаңа интеграцияларды пайдалана отырып, тағайындау жүргізілуде. Бұл әлеуметтік көмек алушыларды дәлірек айқындауға мүмкіндік береді. Осы орайда, облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек 1554 отбасына 465 миллион теңге сомасында тағайындалды. 1 жастан 6 жасқа дейінгі 2047 балаға шамамен 57 миллион теңгеқосымша төлем төленді, – дей келе, басқарма басшысы Ақмола облысы бойынша отбасын қолдау орталықтарының қызметіне тоқталып өтті. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанынан Степногорск, Қосшы қалаларында, Атбасар, Бурабай, Шортанды және Зеренді аудандарында 6 отбасын қолдау орталығы құрылғаны белгілі болды. 2024 жылы Отбасын қолдау орталығы қызметіне 83,9 миллион теңге бөлінген. Онда барлығы 27 адам жұмыс істейді. Бүгінгі таңда осы орталықтарға жүгінген 1200 азаматқа 1500 қызмет көрсетілді.
–Облыста барлық топтағы мүгедектігі бар 29 мың адам тұрады. Биыл мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге шамамен 1 миллиард 600 миллион теңге көзделген. «Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 10 мыңға жуық адам оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етіліп, 939 миллион теңге игерілді.Басқарма жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар объектілерді бейімдеу бойынша жұмыс жүргізуде. Нысандардың қолжетімділігі туралы толық ақпарат «Интерактивті қолжетімділік картасында» орналастырылған, – деді Шолпан Рахматуллина.
Оның айтуынша, өңірлерде әкімдердің мүгедектік мәселелері жөніндегі кеңесшілер институты жұмыс істейді. Бүгінге дейін Көкшетау қаласы мен Зеренді, Бурабай, Бұланды, Целиноград, Ерейментау, Атбасар және Ақкөл аудандарында осындай институттар бар. Кеңесшілердің жұмысы мүгедектігі бар адамдардың проблемалық мәселелерін уақытылы және жедел шешуге бағытталған. Оған қоса, «Инватакси» қызметі демүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету нысандарының бірі болып табылады. Бұл қызметті алу үшін дәрігерлік-консультативтік комиссияға анықтама ұсыну қажет. «Инватакси» қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы іске асырылып, облыстың 7 өңірінде көрсетіледі. Осы мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен 75 миллион теңге бөлініп, қызметтің өзін 670 адам пайдаланған.
Сонымен бірге, этникалық қазақтардың қоныс аударуына байланысты өткен жеті айда қандас мәртебесі 398 отбасына немесе 813 адамға берілген. 69 отбасы Моңғолиядан келсе, Ресейден 26, Өзбекстаннан 44 отбасы келген, көшіп келушілердің қалған бөлігін Түрікменстан, Қытай, Ауғанстан, Тәжікстан елдерінен келген қазақтар құрауда. Ағымдағы жылға көзделген квота саны 285 адам. Қандастарды қабылдаудың бұл өңірлік квотасы 100 пайызға орындалып, оған 103 отбасы енгізілген. Өңірлік квота аясында, көшу шығындарын өтеуге 70 АЕК, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын өтеуге қалалық жерге қоныс аударғандар үшін бір адамға 20 АЕК, ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін бір адамға 15 АЕК мөлшерінде көмек көрсетіледі. Бұл ретте, отбасына тұрғын үй сатып алу құнының 50 пайызы мөлшерінде 4,2 миллион теңгелік экономикалық ұтқырлық сертификаттары ұсынылады.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.