Әке ұлағатымен биіктеген азамат

Шұңғырша әулетінен тарайтын Сейпи ата ұрпақтары қаршадайынан қара жұмыстың тайқазанында шыңдалып, асқаралы 70 жастың белесіне шыққан Марат Қабылқайұлының кішіпейілдігі мен бауырмалдығына дән разы. Ал, ағайынның шынайы ықыласына бөленген зерделі азамат Мараттың өзін өнегелікке тәрбиелеген ата-анасына ризашылығы шексіз.

Ата-бабадан мирас болған сыйластық сезіміне қылау түсірмей, адалдық таныту – ұрпақ парызы. Ендеше, әке өнегесі мен ана махаббатын мәңгілік мәнін жоймайтын тағылым десе болғандай. Ынтымағы жарасқан Сейпи ата әулеті үшін бұл ұстаным отбасылық берік дәстүрге айналған.

Майдангер-ұстаз Қабылқай әкеміз бен тыл еңбеккері Асылтас анамыз бес перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірді. Ата-ана үмітін адал еңбекпен ақтауды басты мақсат санаған біздер транспорт, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім, денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет еттік. Сол себепті де жүрекжарды ілтипатымызды әлбетте ата-ана өнегесінен бастауды жөн көрдік.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары өмірге келген Қабылқай Сейпиұлы адамзат тарихындағы қилы кезеңдерді бастан кешірсе де, тағдырдың тауқыметіне мойымады. Етінің тірлігінің арқасында Петропавлдағы мұғалімдер даярлайтын курста оқып, соғысқа дейін Алабота ауылындағы мектепте алғашқы еңбек қадамын бастады. Ал, Қарағанды облысының Шет ауданындағы орта мектепте істеп жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталып, қолында броны болса да өз еркімен майданға аттанады.

Бұл – 1942 жылдың жазы болатын. Өмір мен өлім арпалысқан Сталинград шайқасы. Қатардағы қызыл әскер Қабылқай Сейпиев те өжеттік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Неміс-фашист басқыншылары ойсырай жеңіліс тапты. Көкшелік ержүрек өренніңонан арғы әскери жорықтары Оңтүстік Украина майданында жалғасты. Оқығаны да, тоқығаны мол сауатты Қабылқай әке байланысшылар мен автоматшылар ротасының сапында ептілігімен, мергендігімен көзге түсіп,«Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Харьков облысындағы Большой изюм елді мекенінде болған шайқаста ол ауыр жарақат алып, тоғыз айдай Пенза қаласындағы госпитальда емделеді. Алайда, денсаулығына байланысты 1944 жылдың басында елге оралады. Соғыстан күйзелген ауыр тұрмысты көзбен көрген майдангер әкеміз билік басындағылардың қалауымен 1944-1946 жылдары Көкшетау аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Бұл жұмысы өзіне ұнағанымен, мұғалімдік кәсібіне бүйрегі бұра берді.

Сөйтіп, Макинка орта мектебінде мұғалім болған зерек азамат 1946-1969 жылдар аралығында тарих пәні бойынша озық әдістерді ұтымды пайдаланып, жаңалықтың жаршысы атанды. Қала тұрғындары арасында неміс, орыс ұлттары басымдау болғанына қарамастан, қазақ балалары үшін интернат аштырады. Белсенді қоғамдық қызметі лайықты бағаланып, аудандық Кеңеске депутат болып сайланады.

Үнемі шалғайда жүргендіктен, кіндік қаны тамған атамекенге оралғанда ұлағатты ұстаз Қабылқай әкемізді Ақан сегізжылдық мектебінің ұжымы құшақ жая қарсы алды. Сөйтіп, білім саласында жинақтаған бай тәжірибесін жас әріптестерімен жеті жылдай бөлісіп, 1976 жылы зейнетке шықты. Бес перзентіне өмір сыйлаған аяулы Асылтас анамыз Бурабай баурайындағы «Қарасу» колхозының тумасы. Он алты жасынан темір тұлпарды тізгіндеп, соғыс жылдары тылдағы барлық  ауыр жұмыстарды атқарды. Қаршадай қыз баланың бұл талабына жерлестері де қайран қалатын. Ал, «Жеңіс» деген қуанышты хабарды ол Қайрақты өзенінің жағалауында жер жыртып жүргенінде естіпті.

Жансебіл анамыз Қабылқай Сейпиұлымен тұрмыс құрғанында үйдегі, түздегі ауыртпашылықты әкемізбен бірдей бөлісіп, қолғанаты бола білді. Көкірек көзі ояу Асылтас анамыз да зейнетке шыққанша бастауыш сыныптың мұғалімі болып, жас жеткіншектерді ізгілікке тәрбиеледі. Әйел затына тән инабатты мінезімен, ағайынды татулыққа бастап, абысын, келіндерін де аналық мейіріміне бөледі.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, осынау асыл жандардан ұлағаттылықты саналарына тоқи білген ұл-қыздары Болат, Бораш, Марат, Күлпән, Күләштің адамгершілік, еңбекқорлық қасиеттерін бір ауыз сөзбен түйіндесек, олар да ата-баба рухына адал болды. Ендігі әңгімеміз 70 жастың белесіне шығып, ізгі мұрат жолында қажыр-қайрат пен ізденіс таныта білген Марат Қабылқайұлыжайлы болмақ.

Қазақ даласында тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны қызу жүріп жатқан 1954 жылдың 17 тамызында өмірге келген Марат Макинка қаласындағы №2 сегізжылдық мектептің сегіз класын бітірген соң, ата-анасы қызмет жағдайымен 1969 жылы Ақан ауылына көшіп келгенінде сабағын Еленовка орта мектебінде жалғастырды.

1973-1979 жылдары Целиноград ауылшаруашылығы институтында инженер-механик мамандығы бойынша оқығанға дейін өршіл өрен екі жылдай Ақан ауылында қарапайым жұмысшы болып істейді. Осылайша еңбектің дәмін жастайынан татқан Марат жоғары білім алып келгеннен кейін «Бұлақ» кеңшарында инженер болды. Қай жұмысты болмасын беріле атқарудың арқасында тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігін шыңдай түсті.

1981 жылы қара малды өсіріп, бордақылайтын Сарыөзек мамандандырылған шаруашылық бірлестігі құрылғанда, Марат Қабылқайұлының еншісіне машина-трактор жөндеу шеберханасының меңгерушісі қызметі бұйырды. Аты барда, заты жоқ шеберхананы қашан салдырып, материалдық базасы жабдықталғанша, қысы-жазы тыным көрмей, қосалқы бөлшектерді көрші «Бұлақ», «Симферополь» совхоздарына барып, жасататын.  Бірлестіктің бас инженері болған кезде шаруашылықтың етек-жені жинақталып, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар көптеп салынды. Материалдық база да біршама жақсарды. Шаруашылықтың дәулеті шалқып, адамдардың да тұрмыс жағдайы жақсарды. Бұл жетістіктер сөз жоқ, Марат сияқты ел қамын ойлайтын көкірегі ояу азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі болатын.

Сарыөзектіктер үшін де сол кездегі өткір мәселенің бірі – жұмысшы мамандықтарын меңгерген кадрлардың жетіспеушілігі еді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Марат өзі бас болып, 1988 жылы өндірістен қол үзбей оқытатын жүргізушілер курсын аштырады. Сөйтіп, совхоз жұмысшылары механизатор, жүргізуші, комбайншы мамандықтарын меңгерді. Олармен бірге жекеменшігінде жеңіл автокөліктері бар ауыл тұрғындары да дәріс алды. Теориялық білімді практика жүзінде заңдастыру үшін мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері шаруашылыққа келіп, жол жүру ережесі бойынша емтихан алды.

Тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы ыдырап, жекешелендіру жаппай сипат алғанда экономика құлдырап, ауыл шаруашылығы өндірісі мүлдем құрдымға кетті. Қазақ ауылдары әупірімдеп қолжеткізген жетістіктерінен бүтіндей айырылып қалды. Бұл – Марат сияқты елін сүйген, ары таза, іскер мамандардың маңдай терінің зая кеткендігінің бір мысалы ғана. Деуін десекте, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың мүлдем еленбей қалуы мүмкін емес қой. Қазақстанда фирмаларын, кәсіпорындарын ашқан инвестор кәсіпкерлер көбінесе жергілікті кадрлардың тәжірибесіне арқа сүйеді. Осындай қошаметке бөленген білікті инженер-механик Марат Қабылқайұлы бес жылдай «Қазэкспортастық» және «Зеренді машина-трактор станциясы» фирмасында қызмет істеу мүмкіндігіне ие болды. Бертіндері, 2011 жылы Көкшетауға көшіп келгенінде политехникалық колледжде өндірістік оқу шебері, ал, өмірлік жары, Баянауылдың қызы Гүлрайхан мамандығы ғалым-агроном бола тұра, мектепте мұғалім болып істеді.

Осындай ұлағатты ата-анадан тәлім-тәрибе алған үлкен қызы Салтанат облыстық білім департаментінің инновация бөлімін басқарса, қос қолғанаты Жәнібек пен Гауһар 8-11 класта оқиды. Әлібек пен Дәулет ұлдары тау-кен инженері, информатика маманы, келіндері Толғанай  мен Айнұр білім және қаржы саласының білікті мамандары. София пен Әлен немерелері болса, атасы мен әжесін қылықты мінездерімен қуанышқа бөлеуде.

Ғибратты ғұмырларын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздар Қабылқай ата мен Асылтас әженің әулетінде бүгінде үлкен қуаныш. Өзінің салмақты да сабырлы мінезімен ағайынның, дос-жаранның ілтипатына бөленген Марат бауырымызды мерейлі 70 жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, әлемдегі бар ізгі жақсылықты тілейміз. Бабалар аруағы қолдап, жұбымыз жазылмай, бесеуіміз де шаттықты ғұмыр кешейік. Берік Бейсекеев, Болат Сейпиев, Айтмағанбет Әбілмәжінов, Есенбек Әбішев отбастары Маратымыздың бүгінгі қуанышында осылай толғанады.

Берік БЕЙСЕКЕЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар