Жаңа оқу жылы қарсаңында аудандық және қалалық білім бөлімдері жергілікті кәсіпкерлік бөлімдерімен бірлесіп, мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастыруды қолға алуда.
Жәрмеңкеде кеңсе тауарлары, барлық жастағы оқушыларға арналған мектеп формасы, сөмкелер және тағы басқа да керек-жарақтар ұсынылады. Бұл игі іске «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес мектеп тауарларын төмендетілген бағамен сату үшін кәсіпкерлер қауымы кеңінен тартылуда.
Өткен9 тамызда Көкшетау қаласының жәрмеңкесі «С.А.Ахмадиев», «Г.К.Досқожина», «Тілек», «З.Ж.Ақмолдина», «С.А.Уртимбаев», «Б.Ж.Сапаров» жеке кәсіпкерліктері, «ТП Арман», «Glasman» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қатысуымен Достық үйі алаңында өтті. Оған қоса, Астрахан ауданында кәсіпкерлердің қатысуымен мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
«Мектепке жол» акциясы 1 тамыздан басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Аталған іс-шараның басты мақсаты – аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп жасындағы балаларға материалдық көмек көрсету мен әртүрлі әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу. Егер отбасы аталған санаттарға жататын болса, онда балалардың ата-аналары мектепке барып, осыны растайтын құжаттарды ұсынуы керек.
Биылғы «Мектепке жол» акциясы басталғалы облыс аудандары мен қалаларында 238 рейдтік іс-шара өткізіліп, 173 қолайсыз отбасы, 32 ойын-сауық мекемесі, 4 компьютерлік клуб, 7 саяжай шаруашылығы, 13 базар,9 теміржол вокзалы тексерілді. Оның нәтижесінде 50 қолайсыз отбасы мен одан шыққан 53 кәмелетке толмаған жас анықталды.
–Акция барысында облыс бойынша материалдық көмек алған балалардың жалпы саны 19 мыңнан асты, ал, көрсетілген материалдық көмектің өзі 810,5 миллион теңгені құрады, – деп атап өтті өз сөзінде Ақмола облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Бақытжан Тұтқабаева.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.