Атбасарда локомотив құрастыратын зауыт салынады

Жуырда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен жиында Атбасар қаласында жылына 360 локомотив шығаратын жаңа зауыт салынатыны белгілі болды. Машина жасау саласындағы осы ірі жобаны талқылау барысында  Ақмола облыстық әкімдігі мен «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

– Атбасар қаласында заманауи үлгідегі локомотив құрастыру зауыты ашылмақшы. 47 миллиард теңге инвестиция құйылатын бұл кәсіпорын облысымыздың қарқынды дамуына игі ықпалын тигізетін болады. Зауытта 350 адам жоғары жалақылы жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Өздеріңіз білетіндей, Атбасар қаласы үлкен тарихы бар теміржол торабында орналасқан. Онда темір жол қызметкерлерінің көптеген әулеттері тұрады, – дей келе, облыс әкімі аталмыш қаланың одан әрі көлік инфрақұрылымының үлкен бір буынына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жиында сөз алған «Қамқор Локомотив» серіктестігінің директоры Алтай Жұматаев өз кезегінде кәсіпорын барлық заманауи талаптарға сай болатынын айтты.

– Негізі, келіп отырған 3 мәселеміз бар. Бірінші – туризм мәселесі, екінші – алда келе жатқан астық науқанына дайындалу, ал, үшінші мәселе Атбасардағы жаңа зауытты салу. Жаңа зауыт туралы айтар болсақ, тепловоздық және электровоздық тартқышы бар локомотивтерді құрастыру жүргізілетін болады. Сонымен қатар, экологиялық талаптар да қарастырылған, ол сұйытылған газға ауысу. Кәсіпорынға орын Атбасарда жұмыс істеп тұрған зауыттың аумағынан таңдалды. Ол логистикалық тұрғыдан да дұрыс, өйткені, республикалық тас жол өтеді және көлік айрығында орналасқан, – деді ол.

Сонымен бірге, облыс әкімдігі тарапынан жобаны қолдауға «AQMOLA INVEST» инвестицияларды дамыту орталығы тартылатын болады. Бүгінгі таңда қала маңынан зауыт салынатын жер телімі анықталған. Нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталса, алғашқы локомотив 2026 жылы шығарылады деп жоспарланып отыр. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар