Көкшетау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Максим Шатковский өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалада шомылу маусымы мен өрт қауіпі кезеңінің өтуі барысы туралы баяндап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Ақмола облысында биылғы суға түсу маусымы басталғалы 22 адам суға батып кетсе, оның бесеуі кәмелетке толмағандар екендігі көңіліңді одан сайын жабырқатады.
Сондай-ақ, облыс тұрғындарын өрттен қорғау мәселесіне келсек, 83 тексеріс барысында өрт қауіпсіздігі нормалары мен талаптарының 681 рет бұзылуы анықталды, оның 444-і өрескел бұзушылықтар. Сонымен қатар, департамент басшысы атап өткеніндей, жыл басынан бері Көкшетауда 77 өрт оқиғасы орын алып, олардан келген материалдық шығын 22 миллион теңгені құраған көрінеді.
Қаланың орман және дала аумақтарында өрттің алдын алу үшін тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Патрульдік қызмет үшін бес мобильді топ құрылды, олар өрт қауіпсіздігі нормалары мен ережелерін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қаланың айналасындағы демалыс орындарында күн сайын рейдтер жүргізеді.
–Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осындай 90 рейд жүргізіп, нәтижесінде бес құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың біреуіне ескерту түрінде 410-баптың 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, қалғандарына қоқысты бақылаусыз өртегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабы бойынша жалпы сомасы 867 мың теңгеден астам айыппұл салынды, – деді баяндамашы.
Брифингте сондай-ақ, автокөліктегі өрт қауіпсіздігі туралы хабардар етілді. Қала аумағында 17 автомобиль өрті тіркелген. Негізгі себеп – қозғалтқыш бөлігіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Бұдан басқа, профилактикалық жұмыстар мен рейдтер барысында қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма мен полиция басқармасының қызметкерлері өрт сөндіргіштердің жоқтығы үшін ҚР ӘҚБтК 590-бабының 5-бөлігі бойынша 12 әкімшілік хаттама толтырған.
Балаларды пластикалық терезелерден құлап кетуден қорғау мәселесі өз алдына өткір тұр. Облыста соңғы үш жылда 2 және 6 жас аралығындағы 26 бала көпқабатты үйлердің терезелерінен құлап кеткен. Бақытымызға орай, әйтеуір, өлім-жітім тіркелмеген. Мұның негізгі себептері – балаларды қараусыз қалдыру, терезеге отырғызып, бір сәт көзден таса қылу сияқты үлкендердің немқұрайлылығы.
– Профилактикалық жұмыстар жүргізілсе де, облыста көп қабатты үйлердің терезесінен құлаған балалардың саны артып келеді. Сондықтан, ата-аналарға балаларын бөлмеде жалғыз қалдырмауды, терезелеріне арнайы қорғаныс құралдарын орнатуды сұраймыз – дейді басқарма басшысы.
Баяндамашы көп қабатты тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін де еске салды.
– Көпқабатты үйлердегі өрттер жанғыш заттар мен ішкі безендіру, сонымен қатар, терезе саңылаулары арқылы төменнен жоғарыға қарай өрттің тез таралуымен сипатталады. Біздің басқарма көпқабатты үйлердегі өрттің алдын алу жұмыстарын да жүргізуде. Соның бірі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша пәтер иелері кооперативтері және тұрғындармен, сондай-ақ, қызмет көрсету ұйымдарымен өткізілетін кездесулер мен әңгімелесулер, – деп атап өтті бұл орайда, Максим Шатковский.
Брифинг соңында журналистер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сөз болған мәселелердің өзектілігі одан сайын аңғарыла түсті.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.