Көкшетау қаласында өтетін бұл көрме өңірімізде бірегей өнімдерді іздеп табуға, жергілікті тауарлар мен қызметтер өндірісін дамытуға және жергілікті шикізатты ғана пайдаланатын өндірушілерді біріктіруге бағытталған жоба.
Қазіргі кезде Өңірлік кәсіпкерлер палатасына Көкшетау, Қосшы, Степногорск, Атбасар, Ерейментау және Целиноград аудандарының тұрғындарынан көрмеге қатысуға 46 өтінім келіп түсті. Көрмеге қатысушылар ұсынған жобалардың ауқымы өте кең. Ол нан-тоқаш, ет-сүт өнімдері, жартылай дайын өнімдер, вермикомпост, зергерлік бұйымдар, жиһаз өнімдері, бөдене өсіру және тағы басқа өндірістерді қамтиды. Жобаларды құрамына мемлекеттік органдардың, Өңірлік кәсіпкерлік палатасы, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіретін жұмыс тобы бағалайтын болады. Көрме қорытындысы бойынша алдағы кезеңдерге он жоба іріктеледі.
– Біз көрмеге қатысу шарттары бойынша қолайлы жобалар пулын қалыптастыруды жалғастырудамыз. Өтінімдер 19 тамызға дейін қабылданады. Жобаға шағын және орта бизнес субъектілері, жекелеген кәсіп иелері қатыса алады. Іріктеу қорытындысы бойынша біз таңдаулыларға жобаларды одан әрі сүйемелдеу, сауда маркасының дизайнын әзірлеу, қаптау және өнімді қазақстандық немесе халықаралық сауда алаңдарына шығару тұрғысынан ақпараттық-консультациялық қолдауды қамтамасыз етеміз, – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.
Көрме алдымыздағы 21 тамызда «Көкшетау» қонақ үйі алаңында сағат 10.00-де басталады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.