ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары, аппарат басшылары және әдеп жөніндегі уәкілдер үшін семинар ұйымдастырды.
Онда 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша мемлекеттік органдардың жұмыс уақытының режимін сақтауына жүргізілген мониторинг, сондай-ақ қашықтықтан, аралас қашықтықтан және икемді жұмыс уақыты режимін қолданудың қорытындылары талқыланды. Қолжетімділікті бақылауды есепке алу жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 119 мемлекеттік қызметші жалпы ұзақтығы 306 сағат 53 минутты құрайтын уақытқа үстеме жұмысқа тартылған.
Департаменттің хаттары негізінде барлық 119 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтіріліп, мемлекеттік органдарда демалыс беру туралы актілер шығарылды. Мемлекеттік органдардан келіп түскен мәліметтерге сәйкес 29 мемлекеттік қызметші үшін икемді кесте белгіленген, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарда 6 және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде 23 осындай кесте белгіленсе, 1 мемлекеттік қызметші үшін қашықтықтан жұмыс кестесі белгіленген.
Демалыс және мереке күндері 304 мемлекеттік қызметші, оның ішінде жергілікті атқарушы органдарда 128 қызметші және орталық мемлекеттік органдарда 176 қызметші жұмыспен қамтылды. Бұл ретте, 160 мемлекеттік қызметшіге өтемақы төленіп, 144 қызметшіге демалыс берілді. Сонымен қатар, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыс уақытының сақталу мониторингісі 89 мемлекеттік органда немесе осы жылға жоспарланған 117 органның 76,1 пайызында жүзеге асырылды, сондай-ақ, жоспардан тыс негізде 3 мемлекеттік орган қамтылды. Мониторинг барысында 22 құқық бұзушылық анықталды, осыған орай, 7 акт ресімделіп, барлық 22 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
Осындай фактілер ортаға салынған семинарда мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзудың алдын алу, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын бұзуға жол бермеу мақсатында қатысушыларға заңнама талаптарын сақтау қажеттілігі ескертілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.