Дәрігерлерден шыққан чемпион

Жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Тұрлыбековты денсаулық сақтау саласының майталманы ретінде танып жатсақ та, спортшылық қырын біле бермейді екенбіз. Ардагерлер арасында пауэрлифтингтен екі дүркін Азия чемпионы атанған оның білімге құштарлығы мен салауатты өмір салтын ұстануға деген ақ ниеті, адамгершілігі мен кісілік келбеті жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс.

Адам анатомиясын зерттеп, аурулардың түр-түрін оқып білген азамат спортпен де ерте кезден айналысып, айналасындағы жастарға үлгі көрсетіп келеді. Бүгінгі жас ұрпақтың білім мен ғылымға, одан қалды, спортқа ден қойғанын, салауатты өмір салтын ұстануларын құп санайды.

Ол Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Әкесі Қараю (азан шақырып қойған есімі Қабдуахит) Тұрлыбеков өте білімді, оқыған, көзі ашық, зиялы адам болған деседі. Екінші дүниежүзілік соғыс басталмай тұрып, Петропавл қаласында облыстық сотта  жұмыс істеп, сол жақтан майданға аттаныпты. Жаумен арпалысып жүрген бір шайқаста тұтқынға түсіп қалған екен. Кейін бейбіт күн орнап, еліне дін аман оралған соң, ауылда есепші, бөлімше басқарушысы, бухгалтер болып еңбек еткен көрінеді. Анасы Шәрбану үй шаруасымен айналысқан қарапайым адам болыпты. Ғасыр жасаған кейуана немере-шөберелерінің қолынан май татып, солардың қызығын көріп, өзіде жан жылуын аямаған ардақты жан болған деседі. Бес баласын бағып-қағып, барын берген, қолдап-қолпаштаған ата-анасына Қайрат Тұрлыбековтің ризашылығы зор.

Мәдениеттегі бастауыш мектептен білім алып, сол кездегі аудан орталығы Рузаевтағы 10 жылдық мектепті ойдағыдай тәмамдаған Қайрат Қараюұлы өзінен жасы әжептәуір үлкен бөлесіне еліктеп, 1967 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетіне оқуға түсіпті.

–Бөлем Әскербек Тоқыров Кеңес Одағына танымал белгілі дәрігер еді. Ол да Қарағандыдан медициналық институтты тәмамдап, кейін Мәскеуде аспирантурада оқыған, сонда ауруханада жұмыс істеп, бас дәрігер болған. Ол кезде Ресейдің ауруханасын қазақтың басқаруы мүмкін еместей көрінетін. Ілуде біреу ғана мұндай мүмкіндікке ие болған шығар. Сол кісіге қатты еліктедім, әрі анамыз да оны бізге үлгі тұтып,  соған ұқсап бағуға жол сілтейтін. Сөйтіп, өсе келе, медицина саласын таңдадым, – дейді әңгімесінде Қайрат Қараюұлы.

Кейіпкеріміз институтты тәмамдаған соң, интернатурада оқыпты, кейін Кеңес Армиясының құрамында Отан алдындағы борышын өтеуге шақыртылып, Қорған облысында екі жыл әскери дәрігер қызметін өткеріпті.

–Менің оқу оқыған жерімнен, әскери қызметімді атқарғанаймағым жақын болды ғой, – деп бір күлдіріп алды бізді осы жерде ол кісінің өзі. Содан ер азаматтың басты міндеттерінің бірі – Отан қорғау парызын ойдағыдай аяқтап келген соң, еңбек жолын 1978 жылы Рузаев ауданының ауруханасында бас дәрігердің орынбасары болып бастапты. Одан кейін Қарағанды медициналық институтының ішкі аурулар кафедрасына жұмысқа шақыртылып, дәрігер-лаборант болып, ғылымдағы алғашқы қадамдарын бастаған. Бір жылдан кейін Мәскеудегі атақты Е.Чазов басқарған Бүкілодақтық кардиологиялық ғылыми орталығында аспирантураға жолдама алып, сонда үш жыл оқып, диссертациясын сәтті қорғап, елге оралады. Өзінің ғылым жолын бастаған бұрынғы институтының кафедрасына келеді. Сонда 1982 жылдан 1988 жылға дейін сабақ беріп, жас мамандарды білім тұңғиығына бойлатып, Гиппократ антына адал болуларын үйретеді. Кейін Қарағандыда жаңадан ашылған диагностикалық орталықта да абыроймен еңбек етіп, халықтың алғысына бөленеді. 1990 жылдардың басында өзінің туған елінен шақырту түскен соң, Көкшетауға ат басын бұрады. Қиын кезеңде облыстық денсаулық сақтау басқармасындабас терапевт, ал, облыс жабылғаннан кейін Көкшетау қалалық денсаулық сақтау бөлімінде басшының орынбасары болады. Одан әрі 1999 жылдан бастап жедел жәрдем стансасының бас дәрігері қызметін 12 жыл бойы абыроймен атқарған.

–Жедел жәрдем стансасын басқарған кезімде сәті түсіп, Мәскеуде өтетін жедел медициналық көмек жөніндегі бір үлкен конференцияға бардым. Онда Ресейдің жедел жәрдем дәрігерлері қоғамының басшысы, атақты дәрігер Аркадий Верткинмен танысып, білістім. Кейін ол кісі маған ғылыми ізденістерімді тереңдетіп, терапия саласында докторлық қорғау туралы қолқа салды. Сөйтіп, сол профессордың алқалауымен кейінге қалдыруға болмайтын терапия бойынша диссертациямды ойдағыдай қорғап шықтым, –деп, өзінің өмір жолында бағыт-бағдар беріп, арқасынан қаққан, биікке самғатқан аға әріптестерін есіне алады кейіпкерім. –Қарағандыда оқып жүргенімде ішкі аурулар кафедрасының профессоры, академик Ғабдолла Құлқыбаев менің ғылыми үйірмелерге қатысып жүргенде қарым-қабілетімді байқап, қолдау көрсетіп, ғылыми жұмысыма жетекшілік етті. Кейін өзі Алматыда кардиология институтына директор болып кетті. Интернатурадан кейін маған өздеріне ғылыми кадр даярлау мақсатында Мәскеуге аспирантураға баруыма жолдама алып берген осы асыл азамат, –деп ғылымға алып келген марқұм ұстазына деген алғыс-ризашалығының шексіз екендігін де жеткізеді аға. Адамдар өз өмірін жаңа бір арнаға бұрып, оның ішінде дұрыс бағытқа бағдарлай білген, көреген ұстазын бағаламақ түгілі, ұмытып та кетіп жатады. Ал, біздің кейіпкеріміз адам болып қалыптасуына, азамат болып өсуіне, ғылыми дәрежелерге жетуіне сеп болған аға буын– тілеулестерін еш ұмытпаған. Бұл оның адамгершілік пейілі кең, адал азамат екендігін айтпай ұғындырады.

Қайрат Қараюұлы 2011 жылы зейнетке шықса да, медицина саласындағы орны бір төбе екендігі ескеріліп, Ақмола облыстықонкологиялық диспансерінде кардиология жағынан консультант болуға шақырту алады. Кейін облыстық ауруханадакардиологиялық қызметтіңүйлестірушісі болып, аудандарға сапарлап, тұрғындар арасында жүрек ауруларын емдеуге көмектеседі. Ал, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде медицина мектебі ашылғанда ішкі аурулар кафедрасына меңгеруші болып шақырылып, онда 5 жылдай маман даярлауға атсалысады.  Былтырдан бері Көкшетау медициналық жоғары колледжіне ауысып, арнайы пәндер оқытушысы ретінде фельдшерлер мен медбикелерді оқытып жүр.

Ардақты да асыл жары Айбикеш екеуі бұл өмірде үш перзент сүйіп, тәрбиелеп, олардан көрген немерелерінің қызығын қызықтап, бақыт пен шаттыққа кенеліп, өмір сүруде. Өмірдің мәні – отбасы бақыты екенін еш ұмытпаған Қайрат ағамыз Мәскеуге оқуға барған кезінде жанұясын бірге алып жүрген екен. «Екі баламыз Мәскеуде бірінші сыныпқа барған» дейді ол.

Мансаптық ғұмырында 70-тен астам ғылыми жұмыс пен екі монография жазған кейіпкеріміз спортпен де жас кезінен айналысыпты.

–Ауылда өскендіктен, жүгіріс көп, асық ойнаймыз, доп тебеміз, үнемі қимыл-қозғалыспен физикалық жағынан спорттық қалыпта жүрдік. 9-10 сыныпта оқып жүргенімізде Болат Мұқанов деген жолдасым Көкшетауға барғанындагантель алып келді. Соны бәріміз көзбен көріп, қолмен ұстап дегендей, дене сымбаты үшін жаттығуларменшұғылдана бастадық. Қарағандыда жұмыс істеп жүргенімде де боди-билдингпен айналыстым. Жалпы, спорттықай жаста болса да серік етуге болады.  Көкшетауға көшіп келген соң, 1996 жылдан «Динамо» спорт кешеніне пауэрлифтингке бара бастадым. Бұрын мұндай спорт түрі бар екенін білмеппін. Қарапайым тілмен айтсақ, күштік үш сайыс. Жаттықтырушылар бас кезінде мені үлкенсініп, дайындауға құлықтары аз болды. Ол түсінікті де еді, сондықтан, еш ренішім болған жоқ. Себебі, жасым да біразға келіп қалған еді. Аптасына үш рет жаттығуға барамын. Онда мен чемпионатқа қатысу үшін емес, өзім үшін, яғни, өз күш-жігерімді жетілдіру үшін баратынмын. Содан 2010 жылы Көкшетаудағы Қажымұқан спорт мектебінде ел чемпионаты өтіп, Андрей Шаляпин деген жаттықтырушым қатысып көр деді. Мені ол кезде ешкім кәсіби тұрғыдан жаттықтырып дайындаған емес. Сөйтіп, осы жарысқа қатысып, бірден жеңімпаз болдым. Сол жеңістен кейін жыл сайын мұндай шараларға жиіқатыса бердім. Міне, түрлі деңгейдегі чемпионаттарға қатысып жүргеніме аттай зулап,14 жылболып қалыпты. Осы ретте, өзімше ойласам, жетістігім де аз емес, – деді сөзінің бір орайында спортшы-дәрігер.

Иә, ол пауэрлифтингтен еліміздің бірнеше мәрте жеңімпазы, бірақ, қарапайымдылығы ма, неше мәрте топ жарғанын өзі санамапты да. Бұған қоса, пауэрлифтингтен 2019 және 2023 жылдары өткен Азия чемпионаттарының екі мәрте чемпионы. Малайзияның Джохар Бахру қаласында болып өткен Азия біріншілігінен абсолютті чемпион атағын былтыр ғана алып келген екен.

–Ел жастарына айтарым, ең алдымен салауатты өмір салтын ұстану керек. Осыған қол жеткізетін спорт түрлері өте көп. Спорттың қай түрі болсын, шындап айналыссаң, өз нәтижесін береді. Бірақ, онымен үзбей айналысу қажет. Жұрттың бәрі чемпион болып кетпейтіні рас. Дегенмен, шама келгенше соған ұмтылу қажет. Қазір Олимпиаданы төрткүл әлем көріп жатыр. Сондағы саңлақтардан үлгі алуға тиіспіз. Содан кейін білімге ұмтылу керек. Білімді адамның көкірегі ояу, мақсаты айқын, адамгершілігі мол болады. Менің өмірлік ұстанымым әрқашан осы болатын. Ешқашан білім алудан қашпадым, адалдықтың ақ жолынан айнымауға тырыстым. Тағы қайталап айтамын, жүрек қартаймас үшін салауатты өмір салты мен диетаны сақтау аса маңызды, – дейді әңгімеміз аяқталып, бізбен қоштасар сәтте абзал аға.

Иә, әрі дәрігер, әрі спортшы Қайрат Тұрлыбековтай ел ағаларының жүріп өткен өнегелі өміржолы, мамандығына адалдығы мен спортқа деген шынайы сүйіспеншілігі барша ел азаматтарына үлгі болса игі!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар