Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы дала көшпенділер ойындарымен дүбірлейді - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы дала көшпенділер ойындарымен дүбірлейді

Елордамыз Астана қаласында ағымдағы жылы 8-13 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген.

Адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді. Аталмыш халықаралық жарысты Қырғыз елі бастап, кейін үш рет жалғастырса, төртінші рет аталас Түркия мемлекеті өткізген еді.

Көшпенділер ойындарына бірінші кезекте халқы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері болып табылатын елдер қатысады. Ал, Астанада өтетін кезекті Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде көшпенді емес елдерден де командалар қатысады деп жоспарлануда. Бүгінде аталмыш ойын ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс болып табылады. Шамамен болжам бойынша, Астана қаласына жеті күнге созылатын жарыстарға жүзден астам елден үш мыңнан астам қатысушы келеді. Осы сәт көшпелі халықтардың мәдениеттері мен спорттық дәстүрлерінің кездесу нүктесі болады. Қатысушылар 21 спорт түрінен бақ сынасады. Атап өтсек, асық ату, теңге ілу, жамбы ату, мангала, ордо, алыш, кореш, кураш, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, мас-рестлинг, бәйге, көкбөрі, ашырмалы аба күресі, алыптар сайысы, арқан тартысы, овари.

Сондай-ақ, VДүниежүзілік көшпенділер ойындарының инфрақұрылымына «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені сияқты 6 елордалық нысан кірді. Бұл ретте, «Қазанат» ипподромы мен Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құс салудың ұлттық түрлерінен жарыстар, ат үстіндегі сайыстар бойынша жарыстар өткізіледі. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен, жекпе-жек түрлерінен және халық ойындарынан жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өткізілсе, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Аккредиттеу және Жабдықтау орталықтары орналасады. Ал, «Қазанат» ипподромының оңтүстік-батыс жағындағы іргелес аумақта орналасқан «Көшпенділер ғаламы» этноауылы ойынның мәдени бағдарламасын жүзеге асыруда негізгі алаңға айналады. Қонақтарды орналастыру үшін «Астана 2024 ДКО» инфрақұрылымына кіретін спорт нысандарына жақын орналасқан 23-ке жуық қонақ үйі бар. Сонымен бірге, бұл жолғы көшпенділер ойынынанбіздің өңірімізде тыс қалмайды. Ақмола облысының спортшылары асық ату, құсбегілік, белбеу күресі қатарлы спорт түрлерінен өнер көрсететін болады.

– Ақмола облысы құрамасының қатарында Қазақстанның намысын келесі спортшылар қорғайды. Құсбегіліктен Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Ерлан Кенжетай. Асық атудан әлем кубогының чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат Көгершін Думан. Белбеу күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы, 4 дүркін Әлем чемпионы, 2 дүркін Азия чемпионы Бекбол Нұрланұлы. Алдағы Қыркүйек айында мас-рестлингке іріктеу өтіп, облыс құрамасының соңғы құрамы белгілі болады, – дейді Ақмола облысы спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Қарауылов. Оның айтуынша, облысымыздың намысын қорғауда белді жаттықтырушы бапкерлер бүгінде қызу дайындық үстінде. Бізде спортшыларымыздың дайындығын білу үшін бапкерлерімен бір-екі ауыз тілдесуге тырыстық.

– Күрес саласында 1993 жылдан бері қызмет істеп келемін. Осы жолғы көшпенділер ойынына дайындаған шәкіртім Бекбол Нұрлан «Алыш» күрес түрінен жарысқа қатысады. Дайындығымыз жақсы. Барлық іріктеуден өттік. Алдажеңіске жетеміз деген мақсат бар. Осы айдың 27-інде соңғы жаттығу жиыны бар. Соны өтеміз. Әрі қарай бұйырғанын көреміз, – деді белбеу күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәулен Нұрланұлы.

Оған қоса, асық атудан Ақмола облысының бас жаттықтырушысы,  ұлттық санаттағы төреші, кезекті көшпенділер ойынында асық атудан бақ сынайтын жерлесіміз Көгершін Адаққызының бапкері Самат Әукенов «Асық ату» ұлттық ойынының бас төрешісі болып тағайындалды. Самат Базарбекұлы біршама спортшыларды дайындап, шәкірттері Айлана Думан Азия чемпионатында бірінші орын, Аружан Аманжолова Азия чемпионатында екінші орын, Әлем кубогында бірінші орын, Еркебай Сарсеков әлем чемпионатында бірінші орын иеленген болатын.

– V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын асыға күтудеміз. Ақмола облысы спортшыларының дайындығы жақсы. 2023 жылы спортшымыз Көгершін Думан жоғары жетістіктер көрсеткеннен кейін Қазақстан Республикасының құрама командасына кірдік. Ол «Асық ату» ұлттық ойынының «бес асық» түрі бойынша бақ сынайды. Алғашқы жиын жаттығу ақпан айында Түркістанда өткен болатын. Екінші жиын жаттығу Щучинск қаласында өтіп, үштікке кірдік. Алла жазса 27 тамызда Астанада соңғы жиын жаттығуға қатысып, әрі қарай тікелей ойында өнер көрсететін болады, – деп Самат Әукенов жеңіске деген сенімін білдірді.

Және де Қазақстан құрамасы қатарында жерлестермізден құралған «Томирис» командасы әлемге қазақ қыздарының салт атпен жүру шеберлігін паш етуге ұмтылады. «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонына қатысатын жалғыз қыздар командасы 3-7 қыркүйек аралығында өтетін халықаралық марафон – бәйгеге қызу дайындық үстінде екені белгілі болды.

Айта кетейік, Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді. Ресми логотипке айдентиканың маңызды элементі – күншуақты шабандоз кіреді. Ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барлық логотиптерінде болған. Логотипте қою қызыл түсті элементтер қолданылады. Бұл түс ақық дейтін жартылай асыл тастың қарапайымдылығы мен әсемдігін бейнелейді. Ақық өзінің қызыл реңкімен қан мен отқа ұқсайды және өмірлік энергиямен, жүрекпен және күнмен ассоциацияланады. Қамшы, белбеу және дәстүрлі зергерлік бұйымдар сияқты тұрмыстық заттар ақықтың күңгірт түстерімен безендірілген. Логотиптің мәтіндік бөлігі VIII-X ғасырлардағы руникалық түркі жазуына стильденген қаріппен жасалған. Осы жағын да айта кетуді жөн көрген біз. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарықабылдайтын қазақ елі спортшыларына табыс тілейміз. Оның ішінде өзіміздің Ақмола өңірі өрендерінің де өнерлерін асыға тосып, жеңіс тұғырынан көрсек деген үміт шоғын үрлей түсетініміз анық.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар