Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлттық төл өнеріміздің жанашыры - АРҚА АЖАРЫ

Ұлттық төл өнеріміздің жанашыры

Елімізде жыл сайын айтулы мереке – Домбыра күні аталып  өтіледі. Осы көне ұлттық музыкалық аспабымызды халық арасында насихаттап, кеңінен таралуына атсалысып жүрген   өнерпаздарымыз біздің ауданымызда да баршылық. Біздің бүгінгі мақаламыз солардың бірі де бірегейі есімі өңірімізге белгілі  домбырашы Талғат Ибраев  жайлы  болмақшы.

– Мен  1961 жылы Зеренді ауданына қарасты Крупское   ауылында  дүние  есігін  ашқанмын. Жергілікті бастауыш  мектепті  аяқтағаннан кейін,  көрші Қарабұлақ  ауылындағы  Жамбыл  атындағы  сегізжылдық  мектепті бітіріп, орта білімді Щучинск қаласындағы қазақ орта  мектебінде  алдым. Домбыраға деген әуестігім бала жасымнан  бастау алды. Туған ауылымдағы білім ордасында ән-күй және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып, шебер домбырашы Амантай Байсалбаев ағамыз  жұмыс  істейтін. Дәл осы жанның арқасында менің бойымда домбыраға деген шынайы сүйіспеншілік пайда болды. Ол басшылық жасайтын үйірмеде ұлттық аспабымыздың қыр-сырын үйреніп, ерекшеліктерін меңгере бастадым. Ұстазымыздың кәсіби  біліктілігі мен үйірме мүшелерінің өнерге деген талпынысы көп  уақыт  өтпей  оң  нәтижелер  бере   бастады. Біз мектебімізден тыс, кеңшар көркемөнерпаздар байқауларында жеңістерге жетіп, өнеріміз аудан көлеміне кеңінен таныла бастады. Алған құрмет грамоталарымыз, басқа марапаттарымыз әлі күнге дейін есімде. Кейін Щучинск қаласында оқып жүргенде мектептің радио торабында үлкен үзілісте концерт берілетін. Домбыра тартып, ән салу өнерімді осы бағдарламаға, басқа да өңірлік байқауларға қатысумен  жалғастырдым. Жақын жерде орналасқан ауылдарға да барып,  концерт   қоятынбыз.

Орта мектепті бітірген 1978 жылы Кеңес Одағы әскерінің  қатарына  алынып, азаматтық  борышымды  өтеп келген соң біржола өнер жолына түсуге шешім қабылдап, 1981 жылы Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық училищесінің домбыра класына оқуға  қабылдандым, – деп   өткен кезеңді  есіне  алады Талғат Мағзұмұлы  бізге   берген шағын сұхбатында.

Әңгімеміздің жалғасында кейіпкеріміздің арнайы оқу орнын   бітірген соң жолдамамен Зеренді аудандық музыка мектебіне,  консерваторияға оқуға түсуіне  байланысты жұмыс орнынан   босаған,  білікті маман Шайтас Айтбаевтың орнына домбыра  аспабы  бойынша  ұстаз  болып келгенінен, осы мекемедегі оқыту ерекшеліктерінен,   жиырма жылға тарта еңбек жолы барысында көптеген шәкірттер   тәрбиелегенінен   хабардар   болдық.  Олардың  қатарында  бүгінде  өнер жолын жалғастырып жүрген Бахытбек Сейдахметов, Қорғанбек  Ахметов, Шырынгүл Жылқыбаева, ауданымыздың ішкі істер органында  әртүрлі  лауазымды  қызметтер  атқарған  Бейбіт Қабаев  және тағы    басқалар  аталды.

Әр жылдардағы түлектер Арман Сыздықов, Еркебұлан Аязбай, Арман  Бексұлтанов, Әлия Байбугина, Әлия  Бұрмағанова, Гүлжанат  Хасенова  бірнеше мәрте  облыстық  байқаулардың жеңімпаздары, жүлдегерлері болып танылса, Әсемгүл Жантаева республикалық  «Әнші  балапан»  сайысында екінші  орынды   жеңіп   алған.

– Өңіріміздегі Қошқарбай ауылының  жанында 1993 жылы өткен    Ақан серінің 150 жылдығына арналған мерекелік шара ерекше есімде қалды. Оның барысында Әсемгүл Жантаеваның орындауындағы  «Балқадиша» әнінен кейін, есімі дүйім жұртқа аян осы әйгілі апамыздың 75 және 73 жастағы қыздары ризашылық сезімдерін білдіріп, әндегі «тал Қадиша» деген сөздерін «қыз  Қадиша»  деп   атау  қажеттігіне назар аударған еді. Олар, әннің басты кейіпкері өз  аналарынан естігендерінде өлең жолдары нақты осылайша аталса   керек. Еңбек жолымда қуанышты сәттердің басым болғанына   қарамастан, қиыншылықтар да кездесті. Олардың бірі 1998  жылы  өзім оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген, музыка, көркемсурет, би бөлімдерінен тұратын, 400-ге жуық оқушылар келіп   жүрген Өнер мектебінің жабылып қалуы болатын. Жұмыссыз қалғандықтан, тілек  білдіруші  балаларды   үйде   оқытуға тура  келді. Сол  кезде жергілікті азамат Кәрімжан Байбугин бастама көтеріп, зеренділіктер қолдап, екі жылдан соң, М.Ғабдуллин атындағы   Зеренді  қазақ  орта  мектебінде  музыка бөлімшесі  ашылды. Қалай  болса да  өткен өмір жолыма еш өкінішім жоқ. Талай жетістіктерге қол  жеткіздім. Жұбайым Бақытпен ұзақ жылдар тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Ұлымыз Жарқын мен қызымыз Жадыраны тәрбиелеп, жеткіздік. Олар өмірден өз орындарын тауып, бізге немере сүйгізіп отыр. Өз басым зейнеткерлікке шықсам да қызметімді  жалғастырудамын, – деді    сөзінің  жалғасында  Т.Ибраев.

Талғат Мағзұмұлымен кездесуіміз өткен кейіпкеріміздің өз талғамымен жабдықталған Зеренді аудандық Мәдениет үйіндегі  қазіргі жұмыс орны бірден жайлы әсер қалдырды. Бөлме    қабырғалары қазақтың халық күйшілерінің портреттерімен  безендіріліп, бүгінде   өзі  көркемдік  жетекшілік   жасап   жүрген  «Арқа әуені» халықтық ансамблінің фотосуреттері мен жетістіктерін білдіретін  әр деңгейдегі құрмет грамоталары,  алғыс хаттары,  арнайы  сертификат  белгілері қойылыпты. Келесі  қабырғаға  қазақтың  ұлттық  музыкалық аспаптары ілінген. Осы  бөлмедегі   дереккөздерден 14 қатысушыдан, олардың бесеуі әртүрлі аспаптарда ойнап, ән салушылардан тұратын ансамбльдің талай мәрте облыстық, республикалық, ТМД деңгейіндегі байқаулардың жеңімпазы, Гран-При   жүлдесінің иегері атанғандарының, Астана қаласында өткен ЭКСПО көрмесінің ашылу салтанатында ән салғандарының, Т.Ибраевтың  өзі  әр деңгейдегі көптеген марапат түрлерімен қатар, Қазақстан  Республикасының Мәдениет министрінің Алғыс хатымен аталып   өтілгенінің   куәсі   болдық.

Сөз соңында ұлттық өнерімізді жалғастырып жүрген, кәсіби  маман, домбырамен  қатар шертер, баян аспаптарын жете меңгерген    Талғат Мағзұмұлына алдағы өмір белесінің табыстар мен сәттіліктерге  толы болуын тілегіміз келеді.

Қайрат ЕСЕНТЕМІРҰЛЫ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар