Ақмола облысында жаңа оқу жылына дайындық шеңберінде бірқатар елді мекендерде білім ордаларын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы орайда, облыстық білім басқармасының ұйымдастырған баспасөз туры арқылы Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында орналасқан экология, туризм және орман шаруашылығы колледжі мен Қарашілік ауылдық орта мектебінің жөндеу жұмыстарымен танысып оралған едік. 1898 жылы орман мектебі болып негізі қаланған, оқу орны бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы 6 мамандық бойынша 500-ге жуық студентті оқытады. Биылғы жылы 100-ден аса талапкер оқуға қабылданса, жыл сайын 150-ге жуық студент оқуын аяқтап диплом алуда. Оқу бітірушілердің жұмыспен қамтылуы 70 пайызды құрап, жұмысқа орналасудың тиімді жолдары қарастырылған. Сапар барысында аңғарғанымыздай, ғасырлардың куәсі болған алғашқы салынған оқу ғимараты білім ордасының музейіне айналған. Одан бөлек екі студенттер үйі мен екі оқу ғимараты қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бас оқу ғимаратына іргетасы қаланған 1965 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
– 2022 жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізужұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. 2024 жылы облыстық бюджеттен 320 миллион теңге бөлініп, бас мердігер ретінде «Көкшетау-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 жұмысшымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда жұмыстың 70 пайызы орындалды. Екі ай бұрын басталған жөндеуді қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді жағдаймен таныстырған колледж директоры Азамат Қожақов.
Сондай-ақ, аудан орталығынан қырық шақырым қашықтықта орналасқан Қарашілік ауылының жалпы білім беретін орта мектебі ғимаратының шатырдыжаңалаумен қоса, сыртқы күрделі жөндеу жұмыстары Білім күніне дейін аяқталмақшы.
–Биылғы жылы 30 мамырдан бастап біздің мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткізілген конкурсты Көкшетау қаласынын «Нұр-21» фирмасы ұтып алды. Күрделі жөндеуге бөлінген қаражат 171 миллион теңге. Жұмыс аясында ғимараттың шатыры, терезелері мен есіктері ауыстырылып, сыртқы қаптаулары жаңартылады. Жалпы, біздің мектеп 1990 жылы ашылған, көріп тұрсыздар, 34 жылдан кейін күрделі жөндеуден өткізілуде. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 30 тамыз күні аяқталуы керек. Демек, Алла қаласа, 1 қыркүйекте оқушылар жөнделген мектепке кіреді, – дейді өз сөзінде мектеп директоры Махаббат Уәлиева. Оның айтуынша, мектептің күрделі жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен өңірдің белді кәсіпорны «Журавлевка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Иә, сапар барысында осыны өз көзімізбен көріп келген біздер шынында, колледж бен мектепті жаңарту орайындағы осы бір игі қадамды құптай түстік. Мұндай жақсы істер өрісі келешекте бұданда кеңейе берсе, нұр үстіне нұр.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.