Баянаула жерінен шыққан, есімі бүгінде ұмыт болуға айналған жақсылардың бірі – Өтеміс абыз Жанайдарұлы (Жақсы Жанайдар). Бұл кісінің сүйегі Құлболды-Күлік, оның ішінде – Тілеуімбет болып бөлінеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен аталас туыс.
Шежіре тілімен айтсақ, Тілеуімбеттен – Бесім, Қойтан, Айтқожа, Аспантай, Амантай атты бес бала туады екен. Мәшһүр Жүсіп әулие Тілеуімбеттің үлкен баласы Бесімге шөпшек болып келеді.
Осы жерде Тілеуімбет шежіресіне аз-маз тоқтала кетсек дедік.: «Бесім әкесі Тілеуімбет қазақ-қалмақтың жауласып жүрген уақыттарында 16 ұлымен Қарақалмақ Қатсыбанмен соғысып, 16 ұлдың бәрі соғыста өлген. Бесім сонда бесікте қалған бала екен. Бесім ақсақалдың Ұлытауға қойылғанын, оның әкесі Тілеуімбеттің 16 ұлымен қалмақтан қырылғандығын Мәшһүр Жүсіп 1905 жылдары жазған «Сарыарқа тарихы» (Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабы жайында болып отыр – Е.Ж.) – деген үндеу сөзінде бір сөздердің қисынынан айтып кетеді» – дейді Мәшһүр Жүсіп жазбалырының 8 томында (297 б).
Осы томның келесі бетінде Мәшүр Жүсіптің өз ата шежіресін жайлы өлеңмен жазылған дерегі де беріледі. Онда былай дейді:
…Күліктің ең үлкені – Тілеуімбет,
Қайратты, қайсар екен қайтпаған бет.
Бір өзінен он алты ұл туып, өсіп,
Соғыста көп қалмақпен болыпты мерт.
Он ұлдың барлығын да қалмақ алған,
Мен өтірік айтпаймын сөзді жалған.
Бесім-Қойтан – екеуі тірі қалып,
Мінекей, біз солардан нәсіл қалған.
Міне, осы жерде сәл түсініксіздеу дүние бар. Мәшһүр Жүсіп жоғарыда келтірілген өз дерегінде Бесім мен Қойтаннан басқа 16 ұлдың бәрі де өлген дейді. Тілеуімбет өзі де опат болған. Олай болса, шежіреде Бесім мен Қойтаннан басқа – Айтқожа, Аспантай, Амантай атты үш ұл қайдан келген деген сұрақ туады…
Жоғарыда келтірілген өлеңнің бір жерінде: «Он ұлдың барлығын да қалмақ алған» – дейді. Алдыңғы деректе 16 ұл деп жазылса, өлеңмен жазылған осы шежіреде 10 ұл деп айтылады. Әлде он алты ұлдың оны ғана өліп, алтауы тірі қалды ма екен..?
Жарайды, бұның барлығын шежіре дерегінде сәл сәйкессіздік болғасын айтып жатырмыз. Оның анығы тек бір Аллаға ғана аян.
Енді әңгімемізге өзек болып отырған Өтеміс абыз жөнінде айтсақ. Жоғарыда аталған Тілеуімбеттен туған бес ұлдың ең кішісі – Амантай. Амантайдан – Күнту, одан Жақсы Жанайдар, одан Өтеміс абыз туады.
Бұл жерде тағы да Мәшекең жазбаларына сүйенеміз:
«Қалмақ қазақты шапқанда, қойнында көк құраны бар бір қожаның бойжеткен қызы олжаға түсіпті, – дейді Мәшһүр Жүсіп. – Қалмақ келіп бір қопаға түстеніп жатқанда, қыз қопаға кіріп ұйықтап қалыпты. Қалмақтың ыстығын ішкізбей бір жау келіп қалып, қалмақ үрке қашып, жұртта қалған ошақтың отынан қопа өртеніп кетіпті.
Қыз оянып түрегелсе, қалмақ та жоқ, қопа да жоқ, тып-типыл. Осылай бір көлдің басында жалғыз қалып сопайып тұрғанда, үстіне Күнту деген кісі мал суара келіп, кез болыпты. Күнтудың бұрын алған қатыны бар екен. Құдайдың бұйрығы болып осы қызды тоқалдыққа алыпты. Бұл қыздан екі бала туып, бірінің атын – Жанайдар, бірінің атын – Бекайдар қойыпты. Бекайдар жасында өліп, тұқымсыз кетіпті.
Жанайдардан Өтеміс абыз туып, көк құран Өтемісте қалған. Өтемістен баласы Әбдіде қалып, Әбдіден баласы Бесмолдада қалып, Бесмолдадан соң қайда қалғанын жан білмейді.
Әбді молланы бала күнімізде көрдік. Таңертеңгі азаны елді шырт ұйқысынан шошытып оятушы еді. Дауысының ащылығынан, ол кісі азан айтқанда, елдің иті улап-шулайтын. (М.Жүсіп, 10 том, 154 б).
Күлік Өтеміс абыз бар тіршілігінде өмірі ораза болып өтіпті. Қай жерде мектеп, бала оқытатын молла болса, үйімен көшіп барып, қыс киіз үймен отырып, сабақ алып, оқу оқиды екен.
Айдабол-Ботбайда «Үсенқұл әждүрден оқимын» деп, Баянаулада Избушка (избөшке) асуының аузында, Ботбай ауылы мен Малқозы Арыстанбай ауылының аралығында бір қыс жалғыз үй отырған екен. Үйінің орнынан тал қаптап шығып, үлкен бір тоғай болыпты. Сол жерді халайық осы күнге шейін Абыз қонған деп атайды.
Ерейменнің аржағындағы Қарағайлы шоқыны жайлап жүрген күнде қатын-бала Өтекеңе: «Ноғайға мал сатып, киім-кешек алып бер», – деп мазасын кетірген соң, екі қойды қосақтап ноғайға сатуға жаяу айдап бара жатса, орта жолда намаздыгер уақыты болып, отырып намазын оқыпты. Төрт бас намаз оқығаны төрт жылға бергісіз болады екен. Асықпай, саспай оқитыны сонша, бұл жайымен намазын оқып тұрғанда, қосақтаулы екі қойды ит-құс (қасқыр) қуа жөнеліпті. Оған бұл намазын бұза ма, қойлар кете беріпті. Ауыл көрмейді. Ноғай жалшылары бұны көріп: «Намазшылын қарашы, намаз бұған мал бере ме?» – деп күлісіп тұрыпты.
Өтекең асықпай-саспай намазын оқып болып, артынан барса, екі қой екі жаққа шиыршық атып сіресіп, шегініп тұр екен де, ит-құс (қасқыр) тап ортасында сілейіп буынып тұр екен. Бара сала жалма-жан ит-құс (қасқыр) буынып өліп кетеді-ау деп пышағын ала сала жіпті қиып жібергенде, екі қой шыбын-шіркей болып жонға шығып кетеді де, ит-құс жерге сылқ ете түсіпті.
Көріп тұрған ноғай малайлары шауып барса, Өтекең қойдың қайда кеткенімен жұмысы жоқ, ботадай боздап солқ-солқ жылап тұр дейді.
–Уай, кәріп мүсәпірім-ай, бір күн қарыны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама деген осы екен-ау! Қарның ашқандықтан жоқ жерде аяқсыз өліп қалдың-ау! – деп, ит-құсты аяп жылайды дейді.
Өтеміс абыз қартайғанда келінмен баланың қолына қарап қалыпты. Сонда балалары-келіндері:
–Ата, біз бүгін соғым сою жабдығына алданамыз, боталы інгенді көздей отырыңыз, көз қырын сала отырыңыз, – депті.
-Болады, балам, – дейді Өтекең.
Екі енеге тел бір ботасы бар екен. Ботаны ит-құс (қасқыр) жайратып жатқан жерінен соғымшылар өздері көріп, қуысып жүр дейді. Сонда Өтекең жарықтық үйде отырып сол-солқ жылайды дейді:
-Мен соның жеп жатқанын көріп едім. «Құдай бүгін ырызық-несібесін осыдан жазған ғой, тойып кетсе игі еді» деп айтпай отыр едім. Аш кетті-ау, тамаққа жари алмай кетті-ау, – деп сақалынан су тамшылып жылап отыр дейді.
Бұл Өтекең деген кісі түн баласында басын жастыққа қойған емес. Қыстың күні киіз үйде Өтекең шарт жүгініп, құбылаға қарап отырса, екі ұры шидің ішіне кіріп, керегінше азық алып, өздері қарында тұрған сары майға араластырып жасаған ірімшік, қазақтың жент деген тамағы болады, сонан алып жеп жатыр екен. Өтекең: «Мені білсе, сезсе, жей алмай кетер», – деп дыбысын сездірмей отыра береді.
Таң атып, үйге сәуле кіре бастаған кезде Өтекең ақырын сыбдырын білдірмей ұрыларға келіп сыбырлап сөйлепті:
-Таң атып, үйге сәуле түсіп қалды. Қатын иттің мінезі жаман еді, оянып кетсе бірдеме деп ызыңдап, сендерді ренжітіп жүрер. Өздерің тойсаңдар, аузын қымтап, ит жеместей, кісі білместей қылып жымпитып, шыға көріңдер! – депті.
Ұрылардың сасқандыранан пышақтары қалып кеткен екен. Сол пышақты неше жыл сақтап жүріп, өздеріне тапсырыпты.
Тағы бір қасиеті, жерде қайыңның қабығы жатса, жинап алып жүреді екен. «Бұнда әлиф бар ғой, әлиф Алланың аты ғой!» деп. Және етікшілер қайыңның тозын етікке, кебіске салайын деп жатқанын көрсе, салдырмайды екен.
–Мен бір ауылға барып сірі сұрап әкеліп берейін, – деп, көзі көрген жерде салдырмай алып қалады екен.
Түбі-тегі Кіші жүз-Телеу Қошқарбай молла айтыпты дейді.
–Құрттай бала күнімде Айдабол-Жолан-Бүркітбайдың әкесі моллалыққа ұстап, Бүркітбайды оқыттым. Өзімдей баланы оқытып Тойбазардың үйінде отырғанымда, жазғытұры Күлік деген ел Баянауланың бауырынан көшіп өтіп бара жатып, Өтекең деген кісі Тойбазардың үйіне келді. Аузын ашырып, қонақ қылып жіберу үшін шақырды. Ертеңінде атқа мінер кезінде:
–Өтеке, жұтып қалған екесіз, сусыныңыз тапшы болып қалған екен, бір құлынды бие зекет иллаһи әмин! – дейді.
Сонда Өтекең екі қолын бата қылуға көтерді, бір нәрсе деуге аузы бармады, жылап қоя берді, екі қолы екі жағына сылқ түсті.
–Зекет алып көрген жоқ едім, қарағым, алмаймын, – деді.
Құдайдан қорқынышы зор болғандықтан, өзі кедей бола тұра, зекет алудан қорыққаны. Өтекең аттанып кеткен соң, Тойбазар бәйбішесімен екеуі «дұғасынан мақұрым қаламыз ғой» деп, артынан ат жетектеп қуып барып:
–Зекет емес, құдай үшін бергеніміз! – деп, бір атты зорға алғызыпты.
Өлген соң өзінің моласына кіндік тұсынан қайың шығыпты, біреуі жуан, екеуі жіңішке. Сол қайыңның жапырақтары үстіне салған тас тамды бүркеп, жамылғыш болып, заманның ақырынша қурап қалмай көгерген бойымен тұра қалыпты. Зираты Ерейментауда, Үшмырзаның көлінің күнбатысында, бір мұралайдың үстінде, жоғарғы биігінде.
Он алты жасымда зиарат қылып едім. Алла жазса, екінші мәрте зиарат қылуға жәрдем бар, оған құдай жеткізсе. Талап – пендеден, жеткізбек – Алладан. Жанақ пен екеуіне, иә Алла, жолды қысқа қылма, қолды қысқа қылма. Үрім-бұтақ, жұрағатты неге тілейді? Осындай, артынан бір дұғагөй шыға ма деген үмітпен тілейді. Иә, раббы, пәк паруадігер, пендеңнің үмітін нумид қыла көрме! (М.Жүсіп, 9 том, 244-246 бб).
Үшмырзаның көлі
Енді Өтеміс әулие мәңгілік мекен тапқан Үшмырзаның көлі жайлы. Мәшһүр Жүсіп не дейді:
«…Едіге биден бесеу: Шоң, Қиғара, Сарман, Торайғыр, Қосдәулет. Қиғарадан (Нақ бәйбішеден) – Шаржау жалғыз. Шаржаудың бәйбішесінен Добан жалғыз. Осы Добанның қатыны Балдай үш ұл тапқаннан кейін, Шоң бидің тоқалынан туған Қорабай Балдаймен көңілдес болып, Өлеңтінің Қарасеңгірінде – Бозталда мойнына қыл шылбыр салып буындырып өлтіріп, қарасуға тастап, сүйегін ошақ салып сүзіп тауып алған.
…Төкі Шоң баласы, Добан Шаржау баласы, Шоркен Ақын баласы – осы үшеуі Ерейменде бір көлдің басында. Сондықтан, осы көлді Үшмырзаның көлі деп атап кеткен. Өтеміс абыз сонда, моласына қайың шыққан. (М.Жүсіп. 10 том, 177 б).
Үшмырзаның көлі жайлы Қанжығалы Саққұлақ бидің жазбасы
Жоғарыда Мәшһүр Жүсіп жазбасындағы Добан өлімі жайлы әңгімені назарларыңызға ұсындық. Мәшекең ол әңгімесінде Добан Бозталдың Қарасеңгірінде қаза болған, ал, жерленген жері – Ерейментауға жақын Үшмырзаның көлінің сыртында дейді. (Бүгінде ол ара Тамдыкөл деп аталады). Қарап отырсақ, Өлеңті өзеніндегі Қарасеңгір мен Үшмырза көлінің арасы тым қашық, шамамен 60 шақырымдай. Қайтыс болған адамды неге сонша алысқа апарып қойған деп дүдамал болып жүретінбіз. Сөйтсек, шындығында да Мәшекең жазбасы сәл бұрыстау екен. Оның себебі, Мәшһүр Жүсіп те бұл оқиғадан көп кейін дүниеге келген кісі, үлкендерден естігенін жазып отыр. Ал айтушы адам теріс дерек берген секілді. Енді осы әңгіменің тағы бір нұқсқасы 2005 жылы шыққан «Өмір шежіресі» деп аталатын кітаптан табылды. Бұл кітап Қанжығалы Саққұлақ бидің әңгімелерінің негізінде қағазға түсіріліп, бертінде кітап болып басылған. Онда Саққұлақ би былай дейді:
«…Ереймен тауының солтүстік жақ шетінен он шақырым шыққан соң, кішірек көп көл басталады. Бірінен бірінің аралары алыс емес. Айнала шұқыр-шұқыр су. Төңіректері көкмайса шалғынмен әшекейленген. Көлдерді былай деп атайды: Жарлыкөл, Шөптікөл, Абылайша, Үшмырза, Қасқат, Тойғанкөл, Бітен, Үлкен Шарықты, Кіші Шарықты.
…Аталған Үшмырза көлінің қырқасының үстінде көп зират бар. Соның бірі – Едіге бидің үш баласының зираты. Көлдің Үшмырза аталуы осыдан дейтін үлкендер.
…Өзіміздің елдің бір ауылына барып келе жатыр едім, қырқаға шыға келгенімде, зираттың басынан көп адамдар мен байлаулы аттар көрінді. Біреу өліп, соны қойып жатқан болар, кім екенін білейін деп, бұрылып зиратқа келдім. Келсем, олар аузы-мұрнын ақ шүберекпен таңып тастап, бұрынғы өлген өлікті көрден суырып алғалы жатқан адамдар болып шықты. Басқалардан жекелеу Секербай паң отыр. Ол кісі қазы болатын (қазы – заседатель, тергеу, сот жұмысын басқарады, Мұса мырзаның орынбасары Малгелдінің Серкербайы, Айдабол руынан – С.Б). Мен ол кісіге сәлемдестім де, жұмыстың жөнін сұрадым. Ол Добан деген бір адамның қой тоғытып жүріп, суға кетіп өлгенін, оның жаласы кісіден болды деген көрсетумен тексеруге округтен бұйрық алып, өлікті қарайтын арнаулы дәрігерлер шығып, осы жұмыспен жүргендерін айтты және өлген Добан Едіге бидің Қиғара деген баласының немересі болады екен.
Мен жұмыстың жөнін білген соң, жүріп кеттім. Басқа егжей-тегжейін сұрағам жоқ. Өйткені, өлікті далаға алып шығарған соң, иісі шыдатпады. Өз кісілері мұрындарын таңып алған.
Осы әңгіменің жалғасын Сақаң былай деп әңгімелейді: «Өліктің денесін ақтарған дәрігерлер денеден суға тұншығып өлгеннен басқа белгі табылған жоқ деп куәлік беріпті. Осы бойынша Секербай қазы акт жасап, жоғарғы орынға тапсырғаннан кейін, жұмыста ашылған ауыр қылмыс жоқ, басқа талап болса, қазақтың өздерінің ескі жорасы бойынша қаралсын деп губернатор жұмысты қайтадан аға сұлтанның өзіне жібереді», – дейді.
Міне, Саққұлақ бидің айтуынша, Добан Өлеңтінің Қарасеңгірінде емес, Шарықты көлінде суға кеткен. Сол себептен, арасы жақын болғасын, Үшмырза көлінің сыртындағы зиратқа қойылған.
Енді оқырмандарға Өтеміс абыз мәселесін неге көтеріп отырғанымызды айта кетелік. Көпке белгілі, Баянауыл жерін жайлаған Сүйіндік атасынан тарайтын тарихи тұлғалардың біразы Ерейментау жерінен мәңгілік мекен тапқан. Айталық, Айдабол, Күлік, Ақбура, Тұлпар, Майлытон, Шегір сынды алты рулы елдің түп атасы Құлболды батыр-әулие Ерейментауда Ақмырза өзенінің жағасында жатыр. Осы Құлболдының тікелей ұрпағы болып саналатын Айдабол Олжабай батыр, Айдабол Едіге би, Күлік Көтеш ақын, Күлік Өтеміс абыз, Қаржас-Мырзағұл Шорман билер де Ерейментау өңірінде жерленген.
Құлболды бабаның басына 1999 жылы Екібастұз қаласында тұрған кәсіпкер, марқұм Марат Тайкенов өз қаржысына кесене көтерген. 2011 жылы Көтеш ақынның басына да шағын ескерткіш-тас орнатылды. Едіге бидің басын осыдан 2-3 жыл бұрын Баяндағы Жаңатілек ауылының азаматтары көтеріп, ас беріп кетті. Олжабай батырдың басына биылғы жылы кешенді мемориал қойылып, ашылды. Бұдан бірер жыл бұрын Мырзағұл ұрпақтары Шорман бидің басына ескерткіш-тас орнатып, ас берді.
Енді атаусыз қалған аруақтың бірі – осы әңгімемізге өзек болып отырған Өтеміс абыз Жанайдарұлы. Сол себептен, халықтың құлағында жүрсін деп, айтып отырмыз.
Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.