Жұқпалы мал ауруларының адамға жұғуының алдын алып отыру керек

Таяуда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов «Ерекше қауіпті инфекцияларға қатысты эпидемиологиялық жағдай» тақырыбында брифинг өткізді.

2024 жылдың жеті айы ішінде Ақмола облысының тұрғындары арасында құтыру, Сібір жарасы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, туляремия бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыпты болып қалуда, адамдар арасында ауру жағдайлары тіркелген жоқ.

Соңғы бес жыл ішінде Ақмола облысы аумағында Сібір жарасы ауруының 21 жағдайы тіркелді. Қатерлі індет Аршалы, Жарқайың, Есіл аудандары мен облыс орталығы Көкшетау қаласында анықталды.

–Сібір жарасы ауруының алдын алу қажет. Жыл сайын ет өнімдерін қайта өндейтін кәсіпорындардың жұмысшыларына екпе егіледі. Денсаулық сақтау басқармасы жылдан жылға қажетті вакциналарды сатып алады. Биыл 900-ден астам қызметкерге екпе егілді. Ал, 700-ге жуық қызметкер қайта вакцинация алды. Инфекцияның негізгі көздері ауыл шаруашылығы жануарлары болып қала береді, Сібір жарасымен ауырған 21 адамның 20-сымен болған жағдайда  инфекция көзі ірі қара малға тиесілі, – деді өз сөзінде Серік Омарханов.

Жыл басынан бері аймақта 4 адамнан бруцеллез анықталды. Оның бәрі ересек жандар. Бруцеллезбен сырқаттанушылық Бұланды, Астрахан, Целиноград аудандарында және Көкшетау қаласында тіркелген. 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауру тіркелген жоқ. Екі жағдайда инфекция көзі ірі қара мал болып табылады, қалған екеуінде инфекция көзі анықталмаған. 12 байланыста болған адам анықталды, серологиялық әдіспен бруцеллезге тексеріс жүргізілгенде, оң нәтиже анықталған жоқ. Науқастардың барлығы қажетті ем қабылдады. Қазіргі уақытта бруцеллез шыққан елдімекендерде мал шаруашылығы өнімдері мен сыртқы орта объектілеріне зертханалық бақылау жүргізілуде.

–Ветеринариялық қызмет жыл сайын ауыл шаруашылығы жануарларына бақылау жүргізеді. Ет және сүт өнімдерін тұтыну кезінде олардың залалсыздығына мұқият көңіл бөлу қажет. Екіншіден, кездейсоқ жерлерден ет және сүт өнімдерін сатып алудан аулақ болу керек. Ет және сүт өнімдерін ресми құжаттары барлардан ғана сатып алған жөн.

Сондай-ақ, биыл өңір бойынша 1250 адамды ит тістеген. 36 адам осы себептен ауруханаға жатқызылды. Ал, қалғандары қажетті екпе алды. Халық арасында аса қауіпті және карантиндік аурулардың алдын алу мақсатында дәрістер, басқа да ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мерзімдік басылымдар мен әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар жарияланып отырады.

Брифинг соңында Серік Омарханов БАҚ өкілдерінің өздерін толғандырған сауалдарына жауап беріп, алда да аймақта жұқпалы мал ауруларына қатысты эпидемиологиялық жағдай қалыпты болатынына сенім білдірді.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар