«Түркістан халықаралық әуежайы» ашылған 3 жарым жылдың ішінде 1 миллион 200 мың жолаушыға қызмет көрсеткен.
Оның 570 мыңы әуежайдан ұшып кетсе, 630 мың жолаушы Түркістанға ұшып келген. Ал, биыл жыл басынан бері 180 мың жолаушы әуежай қызметін пайдаланыпты. Оның 50 мыңнан астамы халықаралық бағыттағы рейс жолаушылары. Бүгінгі күні мұнда Кувейт, Абу Даби және Стамбул қалаларына 3 халықаралық рейс қатынайды.
Одан бөлек, Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал және Қостанай қалаларына ұшатын 6 ішкі рейс бар. «Түркістан халықаралық әуежайының» басқарушы директоры Ілияс Нұғымановтың айтуынша, қазір «Түркістан-Мәскеу», «Түркістан-Баку» және «Түркістан-Анталия» бағыттары бойынша халықаралық әуе рейсін ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек «Түркістан халықаралық әуежайының» логистикалық әлеуеті артып, жүк тасымалы ұлғаяды. Әуежай басшылығы биылғы жылдың соңына дейін жүк тасымалын 1300 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.
– 1 наурыздан бастап пошта бөлімін аштық. Ол жүк тасымалдауға Түркістан облысына жақсы ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, Alpha Sky деген авиакомпаниямен әуежайды базалық станция ретінде пайдалануға келісім-шартқа отырдық. Сондай-ақ, басқа да авиакомпаниялармен келіссөздер мен жолаушылардың санын арттыруға және жүк тасымалдауды 2-3 есеге арттыруға жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ басқарушы директоры Ілияс Нұғыманов.