Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа оқу жылында алдымызға жаңа өскелең міндеттер қойып отырмыз - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа оқу жылында алдымызға жаңа өскелең міндеттер қойып отырмыз

Міне, бірер күннен кейін бүкіл еліміз 1 қыркүйек – Білім күнін атап өтеді. Ақмола облыстық білім басқармасы облыс мектептерін оқу жылына дайындау бойынша соңғы сәтке дейін қарқынды жұмыс жүргізуде.

Мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі – бәсекеге қабілетті, білімге құштар оқушыны тәрбиелеу. Балаларды ерте жастан дамыту – мемлекеттің табысты болашағына қоссылған үлес. Облысымызда 37 мыңнан астам бүлдіршінді қамтыған 597 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 92,3 пайызды құрайды.

Мектепке дейінгі мекемелерде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, үздік педагогикалық практиканы тарату мақсатында 6 бала бақша құзыреттілік орталықтары болып анықталды. Балалары бала-бақшалармен қамтылмаған ата-аналарға қолдау көрсету мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарда кеңес пунктері жұмыс атқарады.

Балалардың өсуін тіркеу үшін жеке даму картасы жүргізіледі. Жеке карталардың көмегімен баланың дамуы, оның білімі, әлеуметтік дағдылары, сондай-ақ, мұғалімнің біліктілігі бағаланады. Биылғы жылы  жеке карталар бірінші сынып оқушыларының ыңғайлы бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмысында пайдалану үшін Ұлттық Бірінғай деректер базасына (ҰБДБ) біріктірілген. Бүгінгі таңда базаға екі жастан бес жасқа дейінгі тәрбиеленушілердің бес мыңнан астам және мектеп жасына дейінгі балалардың төрт мыңға жуық  картасы жүктелген.

Жаңа оқу жылында орта білім саласында 528 мектепке 140 мыңнан астам оқушы келеді, оның ішінде 13 мыңға жуық бала бірінші сынып оқушысы. Оқу жылында барлық бастауыш сынып оқушылары мен 5-11 сынып аралығындағы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету жалғастырылады.

Облыста 10 мыңнан астам оқушыны тасымалдау үшін 194 автокөлік тартылатын болады. Ағымдағы жылы аудандық білім бөлімдері үшін тағы 25 шағын автобус сатып алуға бюджеттен арнайы қаражат бөлінді. Сондай-ақ, контингенттің ұлғаюына байланысты қажеттілік бойынша 1-11 сыныптарға арналған оқулықтар сатып алынды.

Мектептің жаны мұғалім демекші, бүгінгі таңда облыстың білім беру ұйымдарында педагогикалық қызметті 22,5 мыңнан астам педагог жүзеге асырады Жыл сайын облыс мектептеріне жаңадан 700-ге жуық педагог келеді, олардың шамамен 450-і – жас мамандар.  Облыстың жалпы білім беретін мектептерінде педагогтарға қажеттілік 197 педагогты құрайды, ол жаңа оқу жылы басталғанға дейін жабылады.

Қазіргі уақытта облыс әкімінің гранттары бойынша 270 адам оқиды, 2024 жылы 69 маман оқуын бітірді, оларды облыстың білім беру ұйымдарына орналастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс білім басқармасының ерекше бақылауында. Облыста ондай 11 851 бала бар, оның ішінде 1817 бала мүгедек. Жыл сайын инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының саны артып келеді. Инклюзивті білім беруді қолдаудың ресурстық кабинеттерінің желісі кеңеюде. Бүгінде олардың 50-і жұмыс істейді, оларға 1000-ға жуық бала келеді. Жыл соңына дейін тағы 26 кабинет ашу жоспарлануда. 84 миллион теңге сомасына 3 арнайы автокөлік сатып алу жоспарланған, бұл облыстың барлық 20 психологиялық-педагогикалық қолдау кабинетін 100 пайыз арнайы автокөлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге 104 білім беру обьектісіне 12 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, жұмыстар іске асырылуда. Жаңа нысандарды іске қосу жоспары бойынша 1-ші қыркүйекте Қосшы қаласында 1200 орындық мектеп ашылады. Сонымен қатар, балалардың жақсы білім алуына қолайлы жағдайлар жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда жыл соңына дейін 9 мектепті тапсыру жоспарланған.

Облыста орта білім беру ұйымдарында жоғары білім сапасын көрсеткен 78 құзырет орталығы айқындалды. Олар мектептердің білім беру сапасын арттырып, ынтымақтастықты нығайту мен сүйемелдеуге бағытталған. Сонымен қатар, облыста білім сапасы әлсіз 127 нысаналы мектеп анықталды. Мектепшілік басқару жүйесін жоғары деңгейге көтеру мақсатында білім басқармасы жанында Жобалық кеңсе құрылды.

PISA-2022 мектептегі білім сапасын бағалау тестінде оқушылар математикадан – 419, оқу сауаттылығынан – 399, жаратылыстанудан – 428 балл жинады. Республика бойынша Ақмола облысы 9-шы орын және креативті ойлаудан 3 орынды иеленді. 2025 жылы облыс мектептері PISA-халықаралық зерттеуге қатысады. Педагогтарға әдістемелік қолдау көрсету үшін «Функционалдық олимпті бағындыру» жобасы іске асырылуда,оның шеңберінде табысты педагогтар, «Үздік педагог» атағының иегерлері практикалық құралдарды ұсына отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша жұмыс тәжірибесімен бөліседі.

Қала және ауыл мектептері арасындағы білім берудегі алшақтықты  жою және ауыл балаларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында Целиноград ауданында «Бақуатты аудан» республикалық пилоттық жобасы іске қосылды. Жобаға 30 ауыл мектептерінің педагогтары мен әкімшілігі қатысуда.

Облысымыздың білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы былтыр енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарлама негізінде іске асырылады. Бағдарлама аясында облыстың барлық мектебінде ата-аналарды Педагогикалық қолдау орталықтары құрылды. Отбасылық клубтарын ұйымдастыру арқылы қазақ этнопедагогикасының тәрбиелік әлеуетін өзектендіру көзделді. Көкшетау, Қосшы қалалары және Астрахан ауданының осы бағыттағы белсенді жұмыстарын атап өткім келеді. Мемлекет басшысының білім беру мекемелерінде психологиялық қолдау қызметтерін институционалдық күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыстық Психологиялық қолдау орталығы ашылды. Білім беру ұйымының білім алушылары мен ата-аналарына қатысты құпиялылықты сақтау орталық мамандары жұмысының басым шарты болып табылады, ақпаратты жария етпеуге 100 пайыз кепілдік беріледі.

Облысымызда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізу алгоритмі бойынша Жобалау кеңсесі және жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар, қосымша білім беруге айтарлықтай көніл бөлінуде. 51 қосымша білім беру ұйымында 22 мыңға жуық және мектептердегі 7640 үйірмеде 126 мың бала қосымша білім алады. Облыста 13 ауданның 56 ұйымыңда 10 мыңға жуық орынға арналған мемлекеттік тапсырыс орналастырылған.

Бурабай ауданының, Көкшетау қаласының оқушылары тоғызқұмалақ, асық ату ұлттық спорт түрлері бойынша бірнеше мәрте жүлдегерлер болып табылады. Щучинск қаласының жоғары педагогикалық колледжінің студенттері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған «Қалқан» спартакиадасында 1 орынға ие болды. Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары Қазақ педагогикалық колледжінің студенттері «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынында 1 орынды жеңіп алды.

Ақмола облысында өңір кәсіпорындары үшін жас кадрларды даярлауды 97 мамандық және 165 біліктілік бойынша 29 колледж жүзеге асырады. Айта кету керек, 17 мыңға жуық студент немесе барлық студенттердің 82 пайыздан  астамы тегін оқиды және жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс аясында 5600, сонымен қатар, нысаналы мемлекеттік тапсырыс бойынша 1500 мектеп түлегі қабылданады. Барлық колледждерде жұмыс берушілердің қатысуымен индустриялық кеңестер жұмыс істейді, өңірдің 700-ден астам кәсіпорындарымен ынтымақтастық бойынша жұмыс жалғасуда.

Біздің ортақ мақсатымыз – білім беру сапасын арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Токаев атап көрсеткеніндей, елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы. Сондықтан, қазіргі цифрлық білім беру заманауи оқыту кілті деп есептеймін.

Жуырда өткен тамыз кеңесінің де басты міндеті цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану арқылы білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай тәсілдерін қабылдау болып табылатыны кездейсоқ емес. Сондықтан қазіргі таңда ең бастысы, заманауи білім беру саласындағы өзгерістерге тез бейімделу. Уақыт талабына сай, облыс педагогтары цифрлық және жасанды интеллектті қолдануда, жаңа білім мен дағдыларын жүйелі түрде  дамытуда.

Бүгінгі таңда 154 пән мұғалімі Швейцарияның «Фейди» академиясының жасанды интеллект бағдарламасы аясында оқытудан өтті. Әріптестеріміз алған білімдерін оқушы игілігіне қолданатынына сенімдіміз. Көкшетау қаласы әл-Фараби атындағы ІТ лицейінің ұстазы  Байболат Шайзада оқушыларды олимпиадаларға, зияткерлік конкурстарға дайындауда мақсатты жұмыс жасауда. Бірлескен қызмет жемісі – лицей оқушылары Халықаралық «Қазақстан Смарт Спейс» конкурсында 1 орын иеленді. «Роболенд 2024» робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялардың ІХ Халықаралық фестивалінде балалар мен жасөспірімдердің «Болашақ сарайы» сарайының тәрбиеленушілері 1 орынға ие болды. Біз робототехникада өз дағдыларын белсенді дамытатын балаларымыз туралы мақтанышпен айтамыз, биыл Ақмола облысының командасы Анталияда Халықаралық іріктеу турынан өтіп, әлем чемпионатына жолдама алды. Сонымен қатар, біздің оқушылар робототехника бойынша республикалық, халықаралық конкурстардың, олимпиадалардың жеңімпаздары. Бұл халықаралық деңгейде жетістіктерге жетудің басы деп ойлаймын.

Облыста жұмыс істейтін IT мектеп-лицейлерінде оқушыларды олимпиадаларға, зияткерлік конкурстарға дайындауда халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолында мақсатты жұмыс жасалуда. Бірлескен қызмет нәтижесінде оқушылар Халықаралық зияткерлік жарыстар мен байқауларда жүлделерге ие.

Облыс мектептері IT бағыттағы ірі республикалық жобаларға қатысады. «Астана-Хаб» IT-стартаптардың халықаралық технопаркі корпоративтік қорымен бірлесіп, бағдарламалау негіздерін оқыту бойынша пилоттық режимде жоба іске қосылды. Жобамен тоғыз орта білім беру ұйымының оқушылары қамтылды. Облыстың 112 мектебінде «Цифрлық мұғалім» жобасына 8-11 сынып аралығында 600-ден астам оқушы қатысуда. Көкшетау қаласының 26 мектебінде «Aлақан Meктеп»пилоттық жобасы сәтті іске асырылып, облыс мектептерінде жүйені орнату жүзеге асуда.

Өздеріңіз білетіндей, білім жүйесі адам капиталы мен еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуының ең негізгі бағыты. Сапалы білімге қол жетімділікті арттыру, барлық балаларға тең мүмкіндіктер беру – облыстың әр мұғалімі үшін сөзсіз басымдық екені айқын. Биыл 1 қыркүйек Білім күні мектептердің барлық қауымдастығының қатысуымен «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты шара форматында өткізілетінін айтқым келеді. Ол 2 қыркүйекте «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбында бірыңғай сынып сағатын өткізумен жалғасады.

Құрметті ұстаздар мен ата-аналар және балалар! Сіздердің әрқайсыңызға мықты денсаулық, шығармашылық қуаныш және барлық үміттеріңіздің орындалуын тілеймін. Жаңа оқу жылы жеңіс, сәттілік әкелсін!

Айнагүл БАЛТАШЕВА,
Ақмола облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар