Ақмола облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу аясында ағымдағы жылы 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оған 20,4 миллиард теңге қарастырылған.
Әрі өңіріміздегі 70-тен астам елді мекенге жол желісін салу және жөндеу жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапалы жүргізу үшін облыстық және аудандық бюджеттерден Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының қызметіне мониторинг жүргізуге 235 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Мемлекет басшысының жол саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Көлік министрлігі және жергілікті атқарушы органдар жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуде. Осы арқылы жол саласына бөлінген барлық қаражатты жоспарлау және жұмсау процестері зерделенетін болады. Бүгінгі таңда облыс әкімдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті сыртқы сараптама жүргізу үшін бірлескен бұйрыққа қол қойды. Нәтижелер бойынша барлық проблемалық мәселелер көтеріліп, жол саласын жақсарту бойынша ұсыныстар жасалады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Жұмабек Хайрулла өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы маңызды мәселелерге қатысты басқа жұмыс көрсеткіштерінен де мағлұмат берді. Ақмола облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 2347 шақырымды құрайды. Оның 2225,9 шақырымына «ҚАЖservice» жауапкершілі шектеулі серіктестігінің Ақмола филиалы қызмет көрсетеді. Бұл серіктестіктің құрамында он үш жол-пайдалану учаскесі, сегіз жол пайдалану пункті, бір денсаулық сақтау нысаны бар. Серіктестік штатындағы қызметкерлердің саны 794 адам, техника саны 386.
Брифинг аясында аталған филиал директоры Нұржан Жұқабетов та сөз алып, өз жұмыстары туралы айтып өтті. 2024 жылы 23 жолға орташа жөндеу жобасын іске асыру жоспарлануда. Ол жолдардың ұзындығы 145,9 шақырым. Осы жылдың қарашасында жұмыстар толық аяқталады депотырмыз. Сол сияқты, орташа жөндеуге жататын жалпы ұзындығы бір жүз жеті шақырым тоғыз нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жетінысанның мердігерлері анықталған. Бұл нысандардың қатарында Астананың айналма жолы, «Екатеринбург-Алматы», «Астана-Қорғалжын», «Макинск-Ақсу-Торғай», «Астана-Ерейментау-Шідерті» автокөлік жолдарының белгілі бір бөлігіндегі учаскелерін жөндеу, жарықтандыру мен бағдаршам орнату жұмыстары бар. Бұларға «Сәулет Құрылыс Бақы», «Астана-Авто-Строй», «КазГерСервис», «Нұрай-Сервис», «Желкен трейд» серіктестіктері жауапты мердігерлер ретінде белгіленген.
Сондай-ақ, Нұржан Әбілқасымұлының айтуынша, «Қазақстан даму банкі» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен жол желілерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс қарсаңында ұзындығы 293 шақырымды құрайтын тоғыз нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жалпы ұзындығы 272 шақырымды құрайтын сегізінің мердігерлері анықталған. Оған қоса, аталған филиалдың 2024-2025 жылдарға арналған қысқы жөндеу жоспарыда бар. Қазір қажетті техника 293, ал, қолда бары 260. Қысқы жолға себуге керекті 514 тонна тұз сатып алынған.
Сонымен бірге, брифинг соңында БАҚ өкілдері спикерлерге сұрақтар қойып, саладағы кейбір мәселелерді қозғады. Бұл ретте, облыс орталығын әр түрлі сала бойынша жұмыс күшімен қамтып келе жатқан қала іргесіндегі елді мекендердің жол мәселесі шешілмегені айтылды. Тарқатып айтсақ, бұлардың қатарында жол жыры бітпеген Ағадыр мен Шағалалы ауылдары бар.Жөндейтін жолдың ұзындығы біреуінде 9, екіншісінде 3-ақ шақырым. Дені мал бағумен және аздаған егін салумен айналысатын бұл ауылдардағы тұрғындардың көп жылдан бергі талабы, өтініші де осы жол. Қалған мәселелері ақырындап шешілуде.Осыған байланысты қойылған сұраққа Жұмабек Мұратұлы жауапты мердігердің дұрыс жұмыс істемеуін алға тартты.
– Бұл жолдардың жобасы дайын. Қаражаты бөлінген. Бірақ, мердігерлік ұйыммен қиын болып тұр. Шағалалыда жол салу жұмыстары өткен жылы басталған. Қаражаты берілді. Алайда, мердігер жұмысты тиянақты, дұрыс істемеді. Онымен келісім-шарт осы жылдың аяғына дейін жасалған. Осы келісім уақыты аяқталғаннан кейін конкурс арқылы жаңа мердігер анықталады. Сосын барып, бұл ауылдардың жолдары қайта жөнделе бастайды, – деп түсіндірді ол. Белгілі болғанындай, бұл жобаға тапсырысты аудан әкімдігі берген. Тендерді жеңіп алған «Астана-Алькор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті жұмысты соңына жеткізбеген.
Қорыта айтқанда, облыс орталығының іргесіндегі осындай шағын жобалар жүзеге асырылмай жатқанда, жоғарыда айтылған ірі жобалардың орындалуы қалай болар екен деген сауал толғандырады біздерді…
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.